«КӨНЕ ТАРАЗ» ТАРИХИ-МӘДЕНИ КЕШЕНІНДЕГІ ӘЗ-НАУРЫЗ

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз ежелден ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің барлық қазақстандықтар үшін жолы да, жөні де бөлек. Наурыз мейрамы күн мен түннің теңескен күні тойланады. Бірлік, бейбітшілік пен көктемгі жаңаруды бейнелейтін мереке әрбір қазақстандықтың жаңа Қазақстанды дамыту бағдарында кемел жол ашады және қоғамдағы бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Осыған орай, бүгін, «Шахристан» этно-мәдени кешенінен басталған «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мәдени-көпшілік іс-шара әдеттегідей жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімінің қатысуымен көне тарихымыздан сыр шертер Тараз шаһарында ойдағыдай аталып өтті. Жиналған қауымды облыс әкімі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы құттықтады.

Іс-шараға облыстық ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Мереке қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалады.

Балалар мен жастар алтыбақанда тербеліп, көпшілік түрлі қызықты спорттық және ұлттық ойындардан жарыстарға да қатысты. Атап айтқанда «Тоғызқұмалақ» , «Асық ату» , «Қазақша күрес» сынды ұлттық ойындарға жастар тарапы зор белсенділік көрсетті.

«Шахристан» орталығында жағалай, дәстүрлі түрде қалалық және облыстық маңызды ұйымдардан қаз-қатар боп тізіліп, сәнділігімен көз тартар аппақ киіз үйлер орын алды. Әрбір киіз үйдің алдында мекемелердің даярлаған шағын театрландырылған көрінісі көпшілікке ұсынылып, салт-дәстүрлерден үзінділер көрсетілді.

Сонымен бірге, жиынға келген жұрт назарына киіз үй ішінде қазақ халқының және басқа да этностардың ұлттық көрмесі ұйымдастырылды.

«Наурыз» күнін мерекелеудегі басты мақсат – түркі халықтарының салт-дәстүрін құрмет тұту, елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен отансүйгіштікке тәрбиелеу, этносаралық қатынастарды сақтау, қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу.

Қазақы Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамы жаңару мен жаңғыру жолындағы Қазақстанымызға тыныштық пен құт-береке әкелсін!

 

«Қоғамдық келісім» КММ

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі