Көктем әні
Ағымдағы жылдың 17 сәуірінде Тараз қаласындағы Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және Жамбыл облысы «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Көктем әні» атты концерт өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық қатынастарды нығайту, неміс этносының дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дүйім жұртқа паш ету, сондай-ақ, аталмыш этностың мәдениетімен таныстыру.
Жиынға Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері, Жамбыл облысы «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және ЭМБ жетекшілері қатысты. Мерекелік концерт барысында «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гибнер Александр Абрамович ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап сөз сөйлеп, «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне ерекше еңбегі сіңген, «Поющие сердца» вокалдық ансамблінің белді мүшесі Алла Сергеевнаның 75 жылдық мерейтойымен құттықтап сый-сияпаттарын табыс етті. Сондай-ақ, дәл осы күні өмірге келген Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер ассоциацясының Ақсақалдар алқасының мүшесі Сулейманов Абдукарим Исаевичтің 80 жасы да ерекше аталып өтті. Туған күн иелеріне арнап «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы құрмет грамоталарын мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Концерт барысында «Juwel» және «Поющие сердца» вокалдық ансамбльдері, Алла Сергеевна, Фирсов Андрей, Эльвира Ропперт, Эльвира Чардаш әуезді әндерімен тыңдарман жүрегінен жол тапты. Ал, «Эремурус» би ансамблі қазақ, өзбек, неміс, татар халықтарының ұлттық билерін және «Көктемгі танго» атты тамаша туындынымен көрерменді көзайым етті. Әсіресе тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, ерекше әсер сыйлаған Андрей Фирсовтың орындауындағы «Бір үйдің баласындай» әні мен қазақ биі болды.
Аталған шаралар легі күз мезгілінің соңғы айларына дейін жалғасын табатын болады.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі
саясат басқармасының “Қоғамдық келісім”
КММ Баспасөз қызметі орталы