Ертеңіміз үшін еңбек етіп жатқан бірлігі бекем халықпыз!
Тәуелсіздік елімізге тәңірден келген ерекше сый. Біз үшін оның орны қашан да бөлек. Ұлы дала, ұланғайыр атырапты мекен еткен Қазақстан халқының тәуелсіздігі оңай олжадай уысқа түсе салмады. Сан жылдар боданда болған біздер үшін 1986 жылы елім деген, Отаным деген, ертеңім деген мықты жастардың жалыны мұздай қатқан советтік саясатты талқан етті. Бүгінгі күн, азаттықтың ақ таңы міне осындай асыл азаматтар мен азаматшалардың қанымен, қиылған жанымен келген құнды мұрамыз.
Бүгінде Еуразияның жүрегіне айналған Қазақстан сан түрлі ұлт пен ұлыстың құтты қоныс, жайлы мекені. Осы бір жазира даланың бір баласы болып алаңсыз ғұмыр кешіп жүргенімді мақтан етемін. Бүгінде отбасымызбен ежелгі Жібек жолының жиегі саналатын Жамбыл жерінде тұрып жатырмыз. Еліміз егемен, заманымыз тыныш, ертеңіміз үшін еңбек етіп жатқан бірлігі бекем халықпыз. Қолымыз қандай бақытқа жетседе Тәуелсіздіктің себебімен.
Қазақстандық жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еңселі еліміздің егемендігі мәңгі жасасын. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған Отанмыздың оты сөнбесін.
Ибрагим Зуфаров – «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің ақсақалдар алқасының төраға орынбасары