ЕЛ БІРЛІГІ – ЕЛ ТЕҢДІГІ

Қазақстан – әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан этностың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Ұмтылу жолы өте ауыр. Қанына, бойына, санасына мықты рухты күшті сіңірген қазақ еліне бұл зілді болмауы тиіс. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден-бір алға қойып мақтанар айнасы – этносаралық татуластық.

Біз басына бақыт құсы қонған елміз. Жүсіп Баласағұн: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген. Байтақ даланың ұлтарақтай жерін де жауға бермей, өз ұрпағына бұйырғанын қалаған Қазақ елі – күрескер, батыр ұлттың ұрпағы. Тарих қойнауында ғасырлар бойы ғаламат күшпен қорған болған еңсегей бойлы батырлардың есімдері қаншама? Қазақ хандығын сақтаған қаншама хандар мен сұлтандар үш жүздің басын қосып, бірлігін нығайтты.

Қазақта «Тоқтығында жараспаған, аштығында қараспайды» деген дана сөз бар. Қиын-қыстау заманда ниеті кең ағайын алыс-жақын аймақтан пана сұрап келген жандарға қазанын көтеріп, жәрдемдесті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады.

Жасыратыны жоқ, қиын-қыстау уақытта келіп байтақ даламыздың қасиетті ауасын жұтып, суынан нәр алған көптеген этнос өкілдерінің ұрпақтары қазіргі таңда қазақтың жерін «Отаным!» деп танып, бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Олардың арасындағы «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп оның өркендеуіне барша жан-тәндерімен үлес қосып жатқандарын көргенде елжірей қуанатының ақиқат.

Дана халқымыз «бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады», — деп бекер айтпағанын байқаймыз. Оған себеп Қазақстан әртүрлі этностың бейбітшілікте өмір сүретін ел болып әлемге танылуы. Олар бір атаның баласындай бір шаңырақ астында еңбек етіп, тату тәтті күн кешуде. Қаншама жылдан бері ынтымақта, бірлікте өмір сүріп келуі қазақ халқының қонақжай екендігін көрсетеді.Көпэтносты ел болу – біздің байлығымыз, мақтанышымыз. Барлығын бір шаңырақ астына біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпы халықтық, жалпы азаттық, орган қалыптасты. Оның Конституциялық дәрежесі бар. 1995 жылы құрылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы дүниежүзі үлгі ететін ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені. Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы.

Этносаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегі болып табылады. Этностар арасындағы бірлік пен сенім – әділдіктің сипатын бейнелейді.

Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әртүрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.

Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды.

Ел бірлігі-ең асыл қасиет! Бірлігіміз бекем, еліміз аман болсын!

Жамбыл облыстық «Манас Ата» Қырғыздар этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаев