ЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ
Ағымдағы жылдың 21 қарашасында Тараздағы Достық үйінде «Этносаралық шиеленістің алдын алу бойынша мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл» тақырыбында этномедиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңеске облыстық медиаторлар кеңесінің мүшелері, құқық қорғау саласының, тілдерді дамыту басқармасы мен білім беру ұйымдарының мамандары, өңірлік этномәдени бірлестіктер және «Ассамблея жастары» ҚБ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев модераторлық етті.
Кеңес отырысы барысында спикерлер азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету, ксенофобия мен кемсітушілікке және этносаралық шиеленісті тудыратын құқық бұзушылыққа жол бермеу, сот өндірісінде медиация институтын насихаттау, этносаралық жанжалдардың алдын алу және өңірде этномедиацияны дамыту бойынша медиация кабинетінің жұмысын талқылады.
Атап айтсақ, облыстық полиция департаментінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Зарифжан Юсупов «Жамбыл облысының аумағындағы этносаралық қатынастар» туралы баяндама жасаса, облыс әкімдігінің Діндерді зерттеу орталығының инспекторы Есеней Қалжанов «Конфессияаралық келісім моделі» төңірегінде ой өрбітті.
Сондай-ақ, облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығы бөлімнің аға әдіскері Айгерім Байғабыл «Тілдік белгілері бойынша азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеу» туралы мардымды мағлұматтар айтса, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі «Медиация» кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева дауларды шешудің тиімді жолын айқындайтын кеңес жұмысының аймақтағы ахуалын алға тартты.
Сонымен қатар, мәжілісте бас қосқандар сарапшылардың баяндамасын тыңдап, көкейде жүрген сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Шара соңында өңірдегі медиация кеңесінің жұмысын жандандыруда белсенділік танытып жүрген азаматтар марапатталды.