ЕҢ ИГІ МАМАНДЫҚ — ОТАН ҚОРҒАУ

«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», – дейді дана халқымыз.  Мұқым  елдің мығым қалқаны – Қарулы күштеріміз әрқашан ел мен жерді қорғауға саны, сапасы, біліктілігі мен ұрыс даласындағы әрбір техникалық шеберлігіне сақадай сай тұруы тиіс. Осы орайда Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы кез-келген әскерге жарамды азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті.  

Елімізде әскери борышын өтеуге ер жігіттер жылына екі рет қазан- желтоқсан, сәуір-маусым айларында іріктеуден өтеді. Әскерге шақырылушыларға елімізде жыл өткен сайын қойылар талаптар да жоғарылады. Себебі, әскер тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың  мықты мектебі.

Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Әрбір азамат әскерге баруға міндетті дейтін болсақ, жалпы қазақстандықтардың арасында 140-тан астам этнос өкілі бар. Мәдениет, дәстүрлер мен конфессиялардың алуан түрлілігімен ерекшеленетін бірегей әлеуметтік-демографиялық жүйе қалыптасқан Қазақстанда этнос өкілдерінің ер-азаматтары әскери борышын өтеп жүр ме, олардың пікірі қандай деген сауалға Жамбыл облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің өкілі, Ильхом Мехриев  Отан алдындағы борыштарын абыроймен өтеп келуге әскерге барғанын мақтанышпен айтты.

«Қазақстан  –  ата-бабамыздың  қоныстанған құтты мекені. Ал, біз үшін кіндік қанымыз тамған қадірлі де,  қасиетті туған жеріміз. Ал, Отанды қорғау жарық дүниеге келген әрбір азаматтың маңдайдағы бағы, мойнындағы абыройлы борышы. Парызды өтеу, ортақ отанымызды қорғау міндет.  Бүгінде менің Алла берген бес ұлым бар. Олардың үшеуі әскери қызметті өтеп келді.  Қазір осында тұрақты жұмысқа орналасты. Ал төртінші ұлымды жақында салтанатты түрде шығарып салдық. Ел қорғау ісі  абыроймен  жетік меңгеріп келсін деп тілеп отырмыз. Кенже балам да әскерге барып,  азаматтық борышынан қашпай, елім деген ерлер қатарынан  болса екен деген тілегім бар. Ұлдарымның ес жиып, ер-азамат  болып қалыптасар тұсында Отанды қорғау,  әскери әрекеттерді жетік меңгеру, еразаматқа тән  болмысты қалыптастыруға қатысты көп тәрбие беруге тырыстым. Себебі, ер адам үйдің емес, түздің адамы. Отбасынан бастап Отанды қорғауға дейінгі қиындықтарға тойтарыс беруі тиіс.  Егемен елдің перзентіміз, Отанды сүю, отына күю ортақ міндет. Сондай-ақ, әскерге бару этносқа бөлінбейді. Мен әрбір қазақстандық әскерге баруға міндетті деп білемін» -деді, ортақ Отанда тәртіп те ортақ деп санайтын Ильхом аға.

Қазақстан әскері – жауынгердің жеке басын жауынгерлік даярлық деңгейі, кәсіби шеберлігі, жауынгерлік тапсырманы жауапты орындауы және нәтижесі бойынша бағалайтын  үлкен  ұйымшыл команда. Ол команда ұлт пен ұлысқа бөлмей тәрбиелейді.  Бүгінде ел әскерінің  20 пайызы этнос өкілдернің жастарынан тұрады. Әскери қызметте жүргендердің көпшілігі –  қазақтар мен орыстар, украиндар мен қырғыздар, грузиндер мен башқұрт ұлттарының өкілдері.

Қоғамда да, әскерде де бірлік пен келісім – сүйікті  Қазақстанымыздың  аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғайтын ең мықты қару.

 «Ақпараттық   жұмыс  және  қоғаммен  байланыс»  бөлімі