ДӘСТҮРЛІ ДОДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Ағымдағы жылдың 6 мамыр күні Жамбыл облысының 85 жылдығы қарсаңында Қордай ауданы Ауқатты ауылында 7 мамыр – «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орай этномәдени бірлестік өкілдері арасында кіші футболдан ашық турнир өтті.
Дәстүрлі турнирді облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды. Биылғы жарысқа аталған ауданнан 6 құрама қатысты. Олардың сапында Шешен-Ингуш, Ұйғыр, Дүнген, Йинпан этномәдени орталығынан жасақталған спортшылар мен Орталықтар қауымдастығы және Қордай ауылының аяқдоп шеберлері бар.
Турнирдің әділ әрі ережеге сай өтуіне аудандық мектеп ұстаздары Шәкәрім Әбдіқалықов пен Ерлан Сұрынбаев төрелік етті. Спорттық сайыс қатысушыларына «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, Қордай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов, Ауқатты ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділбай Семжанов сәттілік тілеп, турнирді ашық деп жариялады. Бұдан соң, командалар алаңға шығып, ойынды бастап кетті. Достықты ту еткен додада әуесқой аяқдопшылар тартысты ойын көрсетті.
Жарыс ережесіне сай Қордай ауылының құрамасы оқ бойы озық шығып, тұғыр төріне көтерілді. Ал Сортөбе ауылының Дүнген этномәдени бірлестігінен құрылған «Биянху» командасы екінші орыннан көрініп, Йинпан Дүнген этномәдени бірлестігінің «Достық» командасы үшінші орынға жайғасты.
Шеберлігімен ерек көзге түскен ойыншылар да арнайы марапатқа ие болды. Айта кетсек, «Үздік қақпашы» номинациясы Хуров Закирге бұйырса, «Үздік ойыншы» аталымына Ғабит Бибарыс лайық деп танылды.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.