Дүнгендердің Қазақстан жеріне қоныс аударғанына – 140 жыл
Осыдан 140 жыл бұрын Қытай жерін мекендеген дүнген халқы қазіргі Қазақстан мен Қырғызстан аумағына жер аударылғаны белгілі. Міне, он жылдан аса Қырғыз Республикасы мен Қазақстанның Жамбыл облысы ағайынды-туыстық қарым-қатынас орнатып келеді. Осы жылдар аралығында Қазақстан және Қырғызстан халқы Ассамблеялары бірлесіп, бірқатар ірі іс-шараларды сәтті өткізді. Олардың қатарында екі елге ортақ Халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орайластырылған Қырғызстанның Қазақстандағы мәдени күндері, «Шекара достыққа кедергі емес» фестивалі, жас суретшілер көрмелері және тағы да басқалары бар.
Осы айтулы датаға орай, Достық үйінде «Дүнгендердің Қазақстан жеріне қоныс аударуының 140 жылдығына» орайластырылған гала-концерт өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы, әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ және «Гуонлен» жастар орталығы» ұйымдастырды.
Гала-концертте «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы, Жамбыл облыстық немістер қоғамы, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі, «Айнуры» татар-башқұрт ЭМБ, Тараз қалалық өзбек ЭМБ және өзге де өңірлік этномәдени бірлестіктердің дарынды жастары ән айтып, би биледі. Ал Қырғызстаннан келген «Щенхо» вокалдық-аспаптық ансамблі іс-шараның құтты қонағы болды. Ол төрт адамнан құралған: жетекшісі Мариям Даузова, әнші, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сүлеймен Люшсан, жеке орындаушылар Зухра Хихиза және Софиян Абдыраимова. Шағын ғана Александровка ауылынан шыққан олар, бүгінде туған жерлері Қырғызстанда ғана емес, шет елдерде де танымал ансамбльге айналған. Олар концертке келушілерді дүнген музыкасының үздік туындыларымен, авторлық әндерімен қуантты. Ал Сүлеймен Люшсанның орындауындағы «Қызыл өрік» әніне залда отырған көрермендердің барлығы дерлік ортаға шығып, би биледі.
Осылайша, дүнгендердің Қазақстанға қоныс аударуының 140 жылдығына орайластырылған гала-концерт ағайынды халықтардың достығы мен серіктестігін арттыра түсті. Қазақстан мен Қырғызстан халқын ғасырларға созылған тарих біріктіретіні мәлім. Сондықтан, алдағы уақытта өзара мәдениет алмасу мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.