«БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ САРЫСУ АУДАНЫНДА

Биылғы жылдың 7 желтоқсанында Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласы мен Арыстанды ауылында «Бейбітшілік және келісім» жобасын іске асыру мақсатында халықпен кездесу өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі ІСБ ҚХА хатшылығының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулетов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева және осы мекеме қызметкерлері ауылдың әр санаттағы тұрғындары және түрлі этнос өкілерімен кездесті.

Іс-шаралар Жаңатас қаласындағы қоғамдық келісім кабинетінде түрлі этностардың жетекшілері және қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесуден басталды. Іс-шара барысында кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты. Саяси реформалардың маңыздылығы, жаңа Қазақстанның құндылықтары, даму жолындағы бірлік, этносаралық келісім сынды маңызды тақырыптар талқыланды.

Кездесуден кейін мәдениет үйінде түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік тілде «Әнім сенсің-туған ел» концерттік бағдарламасы өтті. Концертке қатысушылардың қазақ тілінде өнер көрсеткендері көпшілікті ерекше сүйсіндірді.

Ал, коворкинг-орталықта «Тілге құрмет-елге құрмет» атты поэзиялық кеш өтті. Онда өзге этностардың өкілдері көрнекті ақындардың өлеңдерін оқыды. Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» поэтикалық шығармасы үш тілде шырқалды.

Іс-шара барысында М.Әуезов атындағы орта мектепте жастар үшін арнайы тимбилдинг ұйымдастырылды. Онда қазақстандық бірлік, патриотизм негіздері түсіндірілді.

Сондай-ақ, Арыстанды ауылының тұрғындары, күрді этносының өкілдері жеке қабылдаудан өтіп, көкейкесті мәселелерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Строитель» саяжайының тұрғындарыда көптеген проблемаларын ортаға салып, шешу жолдарын сұрады. Аталған мәселелер төңірегінде қоғамдық қабылдау жұмысы барысында жіті қадағаланып, қаралды.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы