Ассамблея – ынтымақтың үздік үлгісі

Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікке қызмет ететін институттың сессиясы жыл сайын өтіп тұрады. Дәстүрге айналған сессия Қазақстан халқы үшін аса маңызды диалогтық алаңға айналған. Биылғы жылғы сессияда қандай шешімдер қабылданып, қандай жобалар жүзеге асатынын білуге асықпыз.

Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының мiндетi – халық бiрлiгiн нығайту, қазақстандық қоғамның негiзiн қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келiсiмдi қолдау және дамыту, сондай-ақ, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнiң көрiнiстерi мен адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу болып табылады.

Бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблеяның тарихы – бұл біздің тұрақтылығымыздың тарихы» деген болатын. Бұл сөздің қаншалықты маңызды екені әркімге жіті түсінікті деп ойлаймын. Жеке өзімді Елбасының осынау сөзі ерекше қанаттандырады. Әрі облыстық ассамблеядағы жұмсымды шыңдау үшін жігерімді жанитындай.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясы 28 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев орталығында “Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы” күн тәртібімен шақырылды.  Алдағы сессияға артар үмітім көп.

Жалпы, этно-мәдени бірлестіктер бір болып көптеген игі істерге ұйытқы болып келеміз. Не істесек те еліміз, Отанымыз Қазақстанның бекем бірлігі мен көркем тірлігі үшін.  Біздің мақсатымыз бір, мүддеміз бір, келешегіміз де, еліміз де бір. Елбасының айтқан бағдары бойынша Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісім үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істейміз. Шындығында ел еңсесі биік болып, оған титтей де болса үлес қосып жатсақ ол біз үшін зор мақтаныш.

Сондай-ақ, тағы бір өзекті мәселеге тоқталғым келіп отыр. Қазақ тілі – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік тілі.  Біз түбіміз бөлек болғанымен Отанымыз бір. Бізді тар заманда бауырына басып, соңғы нанын бөліп берген қазақ халқының тілін өз тіліміздей толық меңгеріп кетпесек те күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті деңгейде білуіміз керек деп білемін. Бұл Отан алдындағы әр азаматтың борышы. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп, оның мәртебесін көтеріп, тұғырын нығайтып жүрген өзге этнос өкілдері аз емес. Жастары болсын, қаттары болсын өз шама шарқынша сөйлеп жүр. Дегенмен осы бір мәселеге ерекше мән берсек екен. Мен елімізге деген сүйіспеншілігімді оның әрбір құндылығын жетік меңгеріп, мәдениеті мен өркениетін, тілі мен ділін жетік меңгеру арқылы дәлелдегім келеді. Меніңше мұндай сезім әр қазақстандық азаматтың бойында тулап тұруы керек.

Ассамблея арқалаған жүктің арасында осы тіл мәселесі де бар. Мемлкеттік тілді дәріптеуде түрлі жобалар жүзеге асып, көптеген ұсыныстар қаралу үстінде. Бұдан өзге біріліктің бірегей институты  өз қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Аталмыш бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.

 

«Тараз қаласының өзбек этномәдени орталығы»

 қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 Зайнутдинов Абдурахман