АСҚАР ТАУЫМ,БИІГІМ!
Әке-әрбір адам баласы үшін ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі ұғым.
Перзенттің өз әкесін қастерлеп,құрметтеп жақсы көруі-табиғаттан берілетін ұлы сезім.Ал менің әкеме деген сезімім сол ұлы сезімнен де басымырақ деп сеніммен айта аламын. Әкемді бәрінен биік тұтып, ерекше тұлға ретінде көремін.
Менің әкем Жамбыл педагогикалық институтының «Көркем сурет» факультетінде, «бейнелеу, сызу» мамандығын тәмәмдаған.Әлемге танымал ең керемет суретшілер Микеланджело,Рафаэль Санти,Леонардо-да-Винчи болса, мен үшін өмірімнің теңдесіз суретшісі – ол менің әкем дер едім. Менің өмірімнің ең бір жарқын жақтары әкемнің қылқаламымен салынған десем артық болмас. Қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында орналасқан Батырлар аллеясындағы Жамбылдық 48 батырдың есімін және осы өңірден майдан даласына аттанған 100 мыңнан астам ардагердің аты-жөнін мәрмәр тасқа қашап жазған ол – менің әкем Садырқұлов Марат Мұхамеджанұлы. Мәрмәр тасқа қашап жазып қана қоймай, тасқа сурет салып оны әрлеу деген ең қиын дүние болсада, әкемнің бұл еңбегін бірі білсе, бірі білмес. Алладан кейінгі шеберім, мен әкеммен мақтанамын. Әлі есімде бала күнімізде әкем ешқандай өшіргіш пайдаланбай, кез-келген суретті бірден айнытпай салып беретін. Әкемнің бұл суретшілік қасиеті бойыма дарыдыма, әкемдей теңдесіз суретші болмасамда сурет салуға деген қабілетім мен махаббатым ерекше.
Менің әкем – отбасының ар-намысын ең бірінші орынға қоятын адам. Сонымен қатар, бізді де отбасымыздың абыройына дақ түсірмеуге тәрбиеледі. Өз сөзінде:
«Кішкентай кезінде жақсы оқысаң, керемет маман иесі болсаң, халыққа пайдаң тисе, бізге содан асқан бақыт жоқ» -дейтін. Бойжетіп өсіп, тұрмыс құрған кезімде:
«Ұшқан ұяңның, болашақ отбасыңның да ұйытқысы әрі абыройы сен боласың» -деген сөздері өмірлік кеңестерге айналды. Әкемнің мінезі жайлы қанша жазсам да аздық етеді. Ұйқасы келсе сөздердің, бір дастан жазуға жетеді.Менің әкем өте сабырлы, байсалды кісі. Ес білгелі анама,бауырларыма дауыс көтеріп сөйлегенін мүлдем естіген емеспін. Мен қанша жазғанмен де, әкемді толықтай суреттей алмаспын. Өйткені, әке де ана сияқты ұлы, оның қадір-қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің мақсатым-әкемнің көз алдында мақтаныш сезімін көру. Сондықтан да өскелең ұрпаққа айтарым- әкеміздің барына шүкір ете білейік!
Бізде бар әке, басқада жоқ болуы мүмкін.Әкелерімізді қадірлейік!
«Қоғамдық келісім» КММ Мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Гүлбала Мұхамеджан.