АҚСАҚАЛДАР АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ
Тараз қаласы, Достық үйінде «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» атты облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі отырысы өтті.
Келелі жиынға Жамбыл облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудандық, ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен өкілдері қатысты.
Кеңестің отырысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, модератор Мүбарак Қасымқызы Жинақбаеваның алғы сөзімен басталды. Мекеме басшысы Ақсақалдар кеңесі құрамының жұмысы ауқымды және елдің тыныштығы мен бірлігі жолында аз ғана уақыт ішінде үлкен қызмет атқарғанын айтты.
Жиын барысында Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханов кеңестің жылдық атқарған жұмысына тоқталып, есеп беріп, әлеуметтік маңызды проблемаларды көтерді. Шешу жолы мен ұсыныс, пікірлер талқыланды.
Кеңес отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхановтың өзара меморандумға қол қойды. Аты бөлек болғанымен атқарар ісі бір кеңестердің алға қойған жоспары мығым.
Кеңестің кеңейтілген жиынында Қордай аудандық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары – Мықтыбек Алтыбаев, Облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі – Абдулхалил Маюфи, Байзақ аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Қыдырәлі Оралов және Әкелер кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор – Сағындық Ордабеков сөз сөйлеп, жастар мен балалар арасындағы қоғамның дертіне айналған бір қатар мәселені ортаға салды. Еркін микрофон алаңында да жиынға қатысушы ақсақалдар қоғамға қозғау салар ойлар мен ұсыныстарын жеткізді. Сәйкесінше айтылған ұсыныстар жерде қалмайды. Олар Асқарбек Ақылшаұлының Астанада өтетін республикалық Ақсақалдар кеңесінің отырысына арналған баяндамасында баяндалатын болады.
Ақсақалдар жиыннан әсем ән мен қос шекті домбыраның күмбірлі күйін тыңдап тарқасты.
«Ақпарат және қоғаммен байланыс» бөлімі