Ағымдағы жылдың 3 сәуірінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен Қордай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері Қордай ауданы жастарымен кездесіп, түрлі іс-шараларға белсене қатысты
Ағымдағы жылдың 3 сәуірінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен Қордай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері Қордай ауданы жастарымен кездесіп, түрлі іс-шараларға белсене қатысты.
Ең алдымен, Қордай ауданы, Масаншы ауылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші маңына «Ассамблея жастары» РҚБ ағаш отырғызды.Игі шараға аталмыш бірлестіктің төрағасы Тимур Джумурбаев бастаған жұмысшы топ та атсалысты. Мұндағы мақсат- ауыл жастарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, туған жерді қастерлеуге, көшелерді көркейту – көгалдандыруға шақыру.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы және «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері Масаншы, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдарының жастарымен кездесті.
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Т.Джумурбаев, «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы З.Махусеев, «Қазақстан ұйғыр жастары одағы» ҚБ төрағасы Р.Қайрыев, облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері келесі кезекте Масаншы ауылдық мәдениет үйінде Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты және Қаракемер ауылдық округтерінің жастарымен кездесу өткізді.
Емен-жарқын жүздесу барысында сөз алған «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Т.Джумурбаев мұндай жиындар әрдайым жаңа идеялардың жаршысы болатынын, сол арқылы жергілікті жастардың ойынан, ұсыныстарынан хабардар болып, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік ашылатынын жеткізді.
Дәл осындай кездесу Масаншы ауылы №12 Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектебінде өтті. Мұнда «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұйымның мектеп оқушыларына ұсынатын мүмкіндіктері, өз жобалары жайында, сондай-ақ, жастар саясатын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар төңірегінде сөз қозғалды. Еркін форматтағы пікір алмасу ретінде ұйымдастырылған кездесуде қатысушылар да қызықтырған сауалдарын жолдап, белсенділік танытты.
Осыдан кейін Масаншы ауылдық Әл-Фараби атындағы №50 орта мектебінің қазақ сыныптарының жұмысымен танысқан жұмысшы топтың өкілдері ұлт бірлігінің басты факторы мемлекеттік тіл екенін айтып, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайтуға, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге баса мән беру қажеттігіне тоқталды.
Сонымен қатар, ауданымыздың аймағына іс-сапармен келген меймандар Масаншы ауылындағы №13 Міржақып Дулатұлы атындағы орта мектебінде, Сортөбе ауылындағы №18 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінде мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Келесі кезекте Сортөбе ауылындағы №16 М.Лермонтов атындағы орта мектебінің музейі мен И.Буларов атындағы тарих кабинетінің жұмысымен танысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері бұл күні жастардың тың бастамаларын тыңдап, жастарды қолдауға бағытталған жобаларды талқылау мақсатында Бұлар батыр атындағы орта мектебінде де ауыл жастарымен кездесті. Басқосуда жастардың қоғамның қозғаушы күші екендігін тілге тиек еткен түрлі сала мамандары өскелең ұрпақты елдегі кез келген өзгерістерден тыс қалмай, белсенді болуға, халықтың ынтымақ-бірлігін нығайтуға қоғамның бір бөлшегі ретінде атсалысуға шақырды.
Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдық округтерінде ЭМБ өкілдерімен, ауылдық округ жастарымен фокус топтық зерттеулер жүргізілді.
Айта кету керек,этномәдени бірлестіктердің өкілдері «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаевтың қолынан ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың Алғыс хаттарын алды.
Марапатталғандар қатарында — Қордай ауданы этномәдени бірлестіктер қауымдастығының заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Нұрали Ивлеев, Қордай ауданы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің басшысы Эльсихан Хазбулатов, осы ауданның «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшелері Рамиз Әбілқасымов, «Ийнпан» Масаншы ауылдық округінің Дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Лочь Зенебе, Сортөбе ауылдық округінің дүнген этномәдени бірлестігі Исмаил Хуров, Әзірбайжан «Әзери» этномәдени бірлестігінің Худаверді Нұриев, Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген этномәдени орталықтарының қоғамдық бірлестігі Абу-Ханифе Люшер.
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі