ҚХА «ЖОМАРТ ЖАН» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 14 ақпанында Достық үйінде Жамбыл облыстық ҚХА
жанындағы «Жомарт жан» орталығының отырысы өтті.
Аталмыш жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму
басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев пен «Қоғамдық
келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева қатысты.
Бұдан өзге жиында «Жомарт жан» орталығының төрағасы Жалил Аббосов
бастаған аталмыш орталықтың мүшелері де болды.
Отырыс барысында аталған орталықтың 2025 жылға арналған жұмыс
жоспары талқыланып, орталық мүшелерінің жаңа құрамы бекітілді.
Сондай-ақ, 1 – наурыз Алғыс айту күні, ҚХА-ның 30-жылдығына орай
«Қайырымдылық керуені» акциясын ұйымдастыру және өткізу мәселелері
қаралды.
Жиын соңы өзара пікір алмасуға ұласты.

АСЫЛЫ ОСМАН «ЖАҢА ЖОЛ» АУЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Ағымдағы жылдың 13 ақпаны күні Шу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен
Жаңа жол ауылының тұрғындарымен Бауыржан Момышұлы атындағы орта
мектепте Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет
белгісінің иегері Асылы Осман Әлиқызымен кездесу өткізді.
Іс-шараға Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, «Қоғамдық
келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, «Хазар» Әзірбайжан
этномәдени бірлестігінің төрағасы Асабали Пойлиев және ауыл тұрғындары
қатысты.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарына Асылы Әлиқызы өзінің қиындыққа
толы бала күнгі естелігімен бөлісіп, кездесуге қатысушылармен мемлекеттік
тілді құрметтеуге, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың ізгі
жолын көрсетіп, адамдар арасындағы сыйластық пен ынтымақтың мығым
болуы керектігі туралы айтты. Бұдан өзге «Білім ғаламдық, тәрбие ұлттық
болу керек»-деген тұжырымды ойымен бөлісе отырып, баланың тәрбиесімен
тек қана ұстаздар қауымы айналыспай, ата- ана да баланың тәрбиесімен
айналысуға тікелей мән беру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұлт ұстазы –
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, қазақ халқының тілі мен
мәдениетіндегі ықпалын дәріптей отырып, Қостанай қаласы, Торғай жеріне
барған іс-сапарындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Ахмет Байтұрсынұлына деген құрметі арқылы бүкіл қазақ халқына деген құрметі
мен алғысының шексіз екенін білдірген Асылы Осман нәубетті жылдарда
өзінің қиын жағдайына қарамастан өзге ұлтты бауырына басып, оларға кең
пейіл көрсеткен қазақ халқы жайлы пікірімен тебірене бөлісті.
Тіл жанашырына арнап мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетке, ауыл
тұрғындары түрлі поэзиялардан оқып ризашылықтарын білдірді.
Ал, білім ордасының ұстаздары «Өзінің бітім-болмысы мен ақыл-ойының
тереңдегі арқылы адам жанын баурап алатын осындай қайраткер тұлғамен
кездесу бәріміз үшін пайдалы және рухани азық болды» – дейді.
Кеш соңында қайраткерге салт-дәстүрге сай иығына шапан жабылып, сый-
құрмет көрсетілді. Ал, Асылы Осман батыр Бауыржан Момышұлының атына
берілген білімі ордасына өзі жайлы жазылған кітабын сыйға тартты.

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ АСЫЛЫ ОСМАН – ШУ АУДАНЫНДА

«Мен сүйетін қазағымдай халқым бар» деп қазақ халқы туралы жүрек
түкпіріндегі толғанысын әрдайым айта жүретін Асылы Османқызын
танымайтын жан жоқ, сірә! Ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Парасат ордені» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы
Әлиқызының өнегелі өмір жолы көпке үлгі.
Күні кеше Шу ауданы Төле би ауылдық мәдениет үйінде тіл жанашыры
Асылы Әлиқызы және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы
Мубарак Жинақбаевамен тағылымды кездесу өтті.
Шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат хатшысы,
қоғамдық кеңес төрағасы, ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестік
жетекшілері және аудан жастары қатысты.
Балалық шағы нәубетті жылдармен тұспа-тұс келген қайраткер рухани кешті
естеліктерімен бөлісуден бастады. Солақай саясаттың кесірінен туған жерден
көшуге мәжбүр болған сансыз отбасылармен қазақ жеріне қоныс аударған
шақтағы жан тебірентер естеліктерін еске алды.
«Жер ауып келген алғашқы жылдардағы қиындықты бүгінде ешкімнің
басына бермесін деп тілеймін. Сол бір күндерден осы күнге аман-есен
жеткенім – қайырымды қазағымның арқасы» деген Асылы апай қиындыққа
қарамай өзге ұлтты бауырына басқан қазақ еліне деген махаббатын ерекше
атап өтіп, еріксіз айдауға түскен кездегі өмірі еркін болашаққа бастағанын
жеткізді.
Бұдан әрі еліміздегі этностар татулығын нығайтып, ынтымағын ыдыратпай
сақтап келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылда атқарған
жемісті еңбегі мен жетістіктері жайлы кеште «Қоғамдық келісім»
мекемесінің басшысы Мубарак Қасымқызы баяндай келе,
ұрпақты қоғамға қауіп төндірген бес кеселден сақтануға шақырған
республикалық «Салауатты сана» жобасының бүгінде нәтижелі іске асып
жатқандығын атап өтті.
Ортақ пікірлер тоғысқан басқосуда қонақтар ұрпақ тәрбиесі, тіл тағдыры,
руханият, ұлттық құндылықтар, Отанды сүю секілді салмағы басым
тақырыптарды тарқатты.
Кеш соңында Асылы Әлиқызы жастарға рух бермек мақсатта жалынды
жырлардан оқып, сұрақтарына жауап берді.
Өскелең ұрпаққа тәлімі мол әңгімелер айтып, саналарына ізгілік нұрын себе
түскен қонақтарға аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы алғысын айтып,
сый-сияпат жасады.

АСТАНАДА «АДАЛ АДАМ –АДАЛ ЕҢБЕК» ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін, ағымдағы жылдың 14 ақпанында Елордамыз Астанада Қазақстан
халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Адал адам – адал еңбек»
жастар форумы өткізілді.
Форум еңбек адамына құрмет көрсету және түрлі салалардағы беделді
мамандармен мотивациялық кездесулер өткізу арқылы еңбекті қастерлеу
қағидаттарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының
меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим
Рожин, ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат,
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Қазақстанның
Еңбек Ерлері, аймақтық этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары»
РҚБ өкілдері қатысты.
Өңірімізден аталған маңызды іс-шараға облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ
белсенділерінен — Альфия Мейрамбай және Леджeб Мусаров та қатысып,
адал еңбекті қастерлеу, еңбек адамын қадірлеу жөнінде құнды ой-пікір,
ұсыныстармен, тың идеялармен бөлісіп қайтты.

ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 13 ақпан күні Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Тараз сервис және
технология колледжінде «Достығы жарасқан елміз» тақырыбында
студенттермен кездесу өтті.
Қазақстан халқының ынтымағы мен этносаралық татулығын одан әрі
нығайтуды көздеген жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және
қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ көрме залының
меңгерушісі Жазира Шілдебаева және ғылыми-сараптамалық қолдау
бөлімінің бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков, «Ассамблея жастары» РҚБ
төрағасының орынбасары, жамбылдық жастар жетекшісі, ҚХА мүшесі
Хамида Турдыева қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Ассамблеяның атқаратын ауқымды
жұмыстары, құрылымдардың қызметі туралы жастарға кеңінен әңгімелеп
берді.
Кездесу аясында жастар татулықтың тірегіне айналған Ассамблея жайлы
өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

ШЕБЕРЛІК САБАҒЫН ӨТКІЗДІ

Бүгінде киіз басу, текемет тоқу өнері кенжелеп бара жатқаны
жасырын емес. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерді
насихаттауда ҚХА жанындағы қолөнер шеберлері клубының
арқалаған жүгі ауқымды. «Ұлттық өнер ұмытылмаса» деп жүрген
шебер аналар жас ұрпаққа төл туындыларды таныстырып, шеберлік
сабақтарын жиі ұйымдастырып келеді.
Тап осы мақсатта ағымдағы жылдың 13 ақпанында Достық үйінде
облыстық ҚХА жанындағы қолөнер шеберлер клубының мүшесі
Айғаным Байназарова Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның
оқушысы Аиша Ләмзерге текемет басып,
жасаудың қыр-сырын үйретті.

ҚХА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Ағымдағы жылдың 12 ақпанында Алматы қаласы республикалық Достық
үйінде ҚХА республикалық Аналар кеңесі және «Ариана» ауған орталығы
ҚБ Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының
30 жылдығы: Ана мен бала бақыты – қоғамдық тұрақтылықтың негізі»
тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Ауқымды жиынға Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму
басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Жобаларды іске асыру және
ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің бас сарапшысы Аққу Қаратаева
және өңірлік ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Сара Даузова
онлайн түрде қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы
Назипа Шанаи өзінің сөзінде ҚХА-ның 30 жылдығы аясында еліміз бойынша
өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталып, Аналар кеңесі қызметінің негізгі
міндеттеріне, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана»
жобаларына тоқталды. Бұл жобалар нашақорлық, лудомания, тұрмыстық
зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күрестің алдын алуға
бағытталған жұмыстарды қамтиды.
Іс-шара барысында отбасының қоғамдағы рөлі, өмірлік қағидаттарды
қалыптастырудың маңыздылығы, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүр мен
рухани құндылықтар мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар арасында «Ақ орамал»
акциясы өтті.

ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА «ӘЖЕМНІҢ ЕРТЕГІСІ» ЖОБАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Ағымдағы жылдың ақпан айында Жуалы аудандық Аналар кеңесі «Әжемнің
ертегісі» жобасын ілгерілету мақсатында балабақшаларға барып,
бүлдіршіндерге ертегі оқып берді.
Шақпақ ата ауылдық округіндегі Шақпақата бөбекжай балабақшасында
ауылдық аналар алқасының төрайымы К.Бегайдарова, кітапхана меңгерушісі
Қ.Жуаспаеваның ұйымдастыруымен, бастауыш ардагерлер кеңесінің
төрағасы Б.Көшербаев және ауыл әжелері балабақшаға барып
бүлдіршіндерге қызықты ертегілер айтып, куантып кайтты.

АНАЛАР КЕҢЕСІ ШЕКАРА САРБАЗДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Республикалық «Салауатты сана» жобасы қоғамды қауіпті бес кеселден
сақтап, қашық жүруге бағыттаған маңызды бастама. Өткен жылы қолға
алынған жобаның жемісті жүзеге асып, ілгерілеуіне облыстық Ассамблеяның
Аналар кеңесі белсенді атсалысуда. Бүгінде өздеріне жүктелген міндетті
табандылықпен атқарып келе жатқан аймақтық Аналар кеңесінің мүшелері
бірқатар мекемелерге барып, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-
зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен
күресуге барша қауымды шақыруда.
Аталған игілікті істердің бірінде аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің белсенді
мүшелері Аракси Плетнева және Пайза Куненова облыстық шекара
бөлімшесінің сарбаздарымен кездесті.
Онда нәтижелі жобаның мән-маңызы түсіндіріліп, бірқатар қоғамдағы өзекті
мәселелер айтылды.
Кеңес аналары шекара қызметкерлеріне отбасы құндылығы, барыңды бағалау
секілді салиқалы әңгімелер өрбітіп, жауынгерлік рухтың қоғам үшін маңызы
зор екендігін атап өтті.
Жиын соңында «Анаға тағзым» орталығының психолог маманы Айда
Назымбекова қатысушыларға арнап тренинг ұйымдастырды.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 5 ақпанында Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан
халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шараларды іске асыру
бойынша ҚХА қоғамдық құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің,
басшыларымен онлайн және офлайн режимде жиын өтті.
Жиналысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат
Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының қоғамдық
орынбасарлары Лугмар Буларов пен Юрий Шин, Парламенті Сенатының
депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы,
өңірлердің ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларының, «Қоғамдық
келісім» КММ, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және республикалық
этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар қатысты.
Ауқымды жиынға Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму
басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері және этномәдени
бірлестік өкілдері, ҚХА құрылымдары онлайн түрде қатысты.
Кездесуде әр өңірге мерейтойлық жылдың негізгі жобалары, іс шаралары,
акциялары және түрлі ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берілді.
Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат
Алмасұлы өңірлердің жұмысына сәттілік тіледі.