АҚСАҚАЛДАР МЕН АНАЛАР ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІН ҚАУЗАДЫ

Талас ауданында өтіп жатқан «Достық керуені» жобасы аясында ҚХА Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің бірлескен отырысы ұйымдастырылды.

Облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы модераторлық еткен шараға аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова, аудандық уәкілетті органдар, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары, медиатор Абдырахман Зайнутдинов, облыстық Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Махкам Орифов, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова және аудандық ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Келелі кеңесте ҚХА-ның «Салауатты сана», «Адал азамат» атты арнайы жобалары аясында ұйым мүшелері негізгі мәселелерге кеңірек тоқталды.

Атап айтсақ, бүгінгі таңда отбасы тәрбиесіне көңіл бөлу, ұлағатты ұрпақ өсіруде аналардың рөлі және оларды қорғап, қолдау мәселелері талқыланды. Ақылы дария ақсақалдар мен аналар жастар тәрбиесі бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды дамыту қажеттігін айтты. Өскелең ұрпақты Абай жолының қара сөзімен сусындатып, өмірдің құндылығын ұғындыру нәтижелі болатынын алға тартты. Отырыс барысында Аналар кеңесінің жұмысын ауыл-аймақтарда жандандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Сондай-ақ, өзге де маңызды әлеуметтік мәселелердің алдын алып, оларды шешу жолдарын қарастырды. Отырыстың көздегені де сол болатын.

Сонымен қатар, Талас ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу криминалист орынбасары, полиция майоры Қадыржан Махамбетов аудандағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі туралы баяндады.

«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫ ТАЛАС АУДАНЫНА ЖЕТТІ

Достықты ту еткен керуен көші текті Таласқа табан тіреді.

Аудандағы Ұлбике ақын атын еншілеген мәдениет үйінде керуен тобын аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова бастаған аудандық ҚХА Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестік мүшелері ілтипат көрсетіп, қарсы алды.

Қонақтарға аудандық «Татар» этномәдени орталығының төрайымы Флюра Мальхина аудандағы этнос өкілдерінің тыныс-тіршілігінен хабар беріп, этностардың ұлттық тағамдары мен шығармашыл жастардың жұмыстары қойылған көрме жұмысымен таныстырды.

ӨҢІРЛІК «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚБ АУДАН ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының “Достық керуені” жобасы аясында өңірлік “Ассамблея жастары” ҚБ Сарысу ауданы жастарымен кездесті.

Жастар жиынында облыстық «Қоғамдық келісім»  КММ жетекші сарапшысы Рахат Ерханұлы аудан жастарына «Достық керуені» жобасы жайлы ақпарат беріп өтті. Одан кейін өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ төрайымы Хамида Турдыева этнос жастарына ұйымның негізгі атқаратын міндетін түсіндіріп, жастар бастамалары әркез қолдауға ие болатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, аталмыш жастар ұйымының белсенділері Зарина Абибулла мен Шұғыла Жұмағали өскелең ұрпақты қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысуға шақырды.

Жиын соңында жастар ұйымдастырушыларға сауалдарын жолдап, пікір алмасты.

Кездесуден соң аудандағы жасөспірімдерге арнап Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы «Балауса» циркінің әртісі, фокус өнерпазы Талап Таубековтің әзірлеген қойылымы ұсынылып, жастар тарапынан қошемет тапты.

САРЫСУ АУДАНЫНДАҒЫ ЭТНОС ЖАСТАРЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ

«Достық керуені» жобасы шеңберінде Сарысу ауданында өткен іс-шаралар бағдарламасына сай аудандағы этнос жастары арасында ұлттық ойындар спартакиадасы ұйымдастырылды.

Аталған спорттық сайыс облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жарыс бағдарламасы аясында арқан тарту, садақ ату, асық ойнау, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойындарды дәріптеп, жеңімпазды анықтады.

ӨНЕРЛІГЕ ӨРІС КЕҢ

«Достық керуені» жобасы этностар арасындағы достықты дәріптеумен қатар, олардың мәдениет, спорт, әлеуметтік т.б. саладағы қырларын тануға кеңінен мүмкіндік береді. Дәстүрлі жоба аясында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты облыстық фестиваліне іріктеу өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері және аудандағы этнос жастары қатысты.

Фестивалдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру.

Мәдени шарада «Барбанг» Күрді этномәдени орталығының жас өнерпазы Мальвина Маханбетова «Мереке» әнін орындаса, Елена Лесикова М. Жұмабаевтың «Балалық шақ» өлеңін мәнерлеп оқып, көптің ықыласына бөленді.

Іріктеуде үздік өнер көрсеткен жастар облыстық фестивальге жолдама алды

«Достық керуені» жобасы Сарысу ауданында

 

Облыстағы этностар бірлігін дәріптеп, ынтымағын нығайтуға бағытталған «Достық керуені» жобасы Сарысу ауданына келді. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өтіп жатқан жоба аясындағы аудандық мәдениет үйінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Керуен тобын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабаев, аудандық ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестік өкілдері үйінде бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Айта кетейік, керуен құрамында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев, мекеме қызметкерлері, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, төраға орынбасары Абдырахман Зайнутдинов, облыстық Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Махкам Орифов және өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері бар. Бүгінде ауданда 8 этнос өкілдері қоныстанған. Шара аясында түрлі этностардың ұлттық тағамы ұсынылып, қазақтың бал қымызы қонақтарға бұйырды. Одан кейін, бағдарламаға сай әуелі «Бірлік – әралуандылықта» тақырыбында жас суретшілер мен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды.

Аталған көрмеде аудандық «Аула» клубы, Жаңатас қалалық өнер мектебі, Балалар шығармашылық орталығы, Балалар жасөспірімдер орталығының 30-ға жуық шығармашыл шәкірттері қағаз бетіне этностар достығын бейнелеген суреттер салды.

Салынған суреттерден байқағанымыздай балалардың басым көпшілігі шаңырақ бейнесін өздерінің туындысына басты бейне етіп алған.

Өз кезегінде көрмені тамашалаушылар жас қылқалам иелерінің еңбегін қызықтап, жоғары бағаларын берді.

 

Алматы қаласында Республикалық этномедиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

 

2024 жылғы 29 қазанда Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен Кеңес төрағасы Шерзод Пулатовтың басшылығымен Республикалық этномедиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Іс-шараға өңірлердің ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың “Қоғамдық келісім” КММ өкілдері қатысты.

Кеңес мүшелері этномедиация институтын дамыту мәселелерін, сондай-ақ «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Елдесу және татуласу» сияқты ҚХА қоғамдық жобаларын іске асыру барысын талқылады.

Жамбыл облысынан маңызды шараға облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы этносаралық бөлімінің меңгерушісі Талғат Тойшыбаев және өңірлік ҚХА және “Қоғамдық келісім” КММ басшысы орынбасары Сәуле Құрманқұлова қатысты.

Шара барысында Сәуле Досымбекқызы Жамбыл облысындағы этномедиацияның жай-күйі жөнінде сөз сөйледі. Жалпы этномедиацияны өңірлерде ілгерілету бағытындағы облыста атқарылып жатқан іс-қимылдарды тілге тиек етті.

Отырыс қорытындысы бойынша профилактикалық жұмысқа баса назар аудара отырып, өңірлерде этномедиация институтын дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру мәселесі ұсынылды.

Шара соңы естелік фотосессиямен аяқталды.

ҚХА ЖУРНАЛИСТЕРІ ДӘСТҮРЛІ ЖИЫНДА БАС ҚОСТЫ

Еліміздің үздіксіз дамуы мен өркендеуін қамтып,  халық арасында сапалы әрі сенімді ақпарат тарату қашанда маңызға ие. Осыған орай, медиа саласындағы жаңалықтармен алмасып, ҚХА медиа институтының әлеуетін нығайтуда  ҚХА Журналистер клубының көшпелі отырыстары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Биылғы отырыс күні кеше ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы облысы Қонаев қаласында өтті.

«Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары  Әсел Артакшинованың модераторлығымен өткен іс-шара негізгі мақсаты толеранттылықты нығайту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда БАҚ-тың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Келелі кездесуде алғаш болып сөз алған  ҚР  Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин этножурналистика саласындағы бірқатар мәселелерді алға тартты. Атап айтсақ, елдегі этносаралық қатынастарды үйлесімді дамыту, ел бірлігін нығайту, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілету, азаматтардың арандатушылық және деструктивті ақпаратқа иммунитет қалыптастыру, әлеуметтік желілердегі этносаралық тақырыптар, әсіресе «араздық тілінің» алдын алудағы БАҚ-тың рөлін атап өтті. Сонымен қатар бүгінде еліміздің 4 жоғары оқу орынында  «Этножурналистика және этнополитология факультеттері» бар екендігін айтты.

Ал, журналистік этика қағидаларын сақтау, сондай-ақ этносаралық мәселелерді жариялау сәтіндегі журналистер қауымында жауапкершілікті қалыптастыру қажеттігі туралы кәсіби журналист ретінде Әлішер Сатывалдиев баяндады.

Кездесу аясында ұйымдастырылған коворкингте заманауи медиадағы жаңашылдықтар жайы да спикерлер назарынан тыс қылмады.  ЕҚЫҰ-ның коммуникациялар жөніндегі ұлттық кеңесшісі, PR менеджер, медиатренер Айбар Олжаев «Медиа-кеңістік 2024: дағдарысқа қарсы негіздер» тақырыбында мардымды баяндама жасады.

Бұдан өзге жиын аясында белгілі журналист, фактчекер Жансерік Тілеухан бұқаралық ақпарат құралдарында этносаралық мәселелерді жариялау және этносаралық мәселелер бойынша көрнекі ақпаратты (фото және бейнероликтер) тексеру тәсілдерін ортаға салды.

ҚХА қызметін ақпараттық сүйемелдеудің басым бағыттары туралы қатысушыларға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары  Әсел Сейтжанқызы баяндады. Бағдарламаға сай, жиында  әлеуметтанушы, PaperLab ғылыми орталығының директоры Серік Бейсембаев ақпараттық саладағы ұлтаралық қақтығыстың алдын алудың 10 ережесіне тоқталды.

Дәстүрлі жиынның қорытындысы бойынша белсенді қатысушыларға ҚР Парламенті Сенатының депутаты – ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев пен ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутованың атынан сертификаттар табыс етілді.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТУДЕ

Бүгін Алматы облысы Қонаев қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен толеранттылықты нығайтуда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін біріктіруге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының көшпелі отырысы өтуде.

Дәстүрлі жиында қазір медиа саласындағы түрлі мәселелер көтеріліп, этносаралық саясаттың дұрыс дәріптелу жолдары айтылуда.

Аталған жиынға еліміздің барлық өңірінің ҚХА Журналистер клубының өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметкерлері, блогерлер қатысуда.

Журналистер жиынына облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің бас сарапшысы Бибигуль Утепова, өңірлік ҚХА Журналистер клубының мүшелері Назерке Оңғар және Дионисий Пляшешник қатысуда.