ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Айтулы күнге орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Досымбекқызы, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, Тараз қаласы Өзбек орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова өңірлік ҚХА ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл күні өңірдегі татулық пен тұрақтылықты ту еткен ардагерлерге өңір өнерпаздарының мерекелік тартуы толастамады. Қарияларға арналған жиында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының күміс көмей, жезтаңдай әншілері Торғын Орынбаева, Айгүл Мақашева, Жандос Омаров және «Тараз» триосы кешті әсем әнмен әрлеп, кеш шырайын кіргізді.

Әсіресе, Тараз тарихын әнмен жеткізген трио орындаған «Аяулы Таразым», «Анашым» әндері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Одан әрі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы би үйірмесінің мүшелері «Бабушки заюшки» биімен мерекені қыздырып, ардагерлерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған «Қолөнер шеберлерінің» «Vivat traditional» күздік топтамасы, Сәуле Тортбаеваның әзірлеген «Күміс жібек» атты қазақша кимешек пен тақиялар жинағы қонақтар назарына ұсынылды. Өз кезегінде қазыналы қарттар да алғыстарын жеткізіп, ілтипатын білдірді.

Кеш соңында ардагерлерге мерекелік дастархан жайылып, арнайы марапаттар мен сый-сияпаттап табысталды.

 

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ» ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумы өтті.

«Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жаңа жобасының тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік тілді ілгерілетіп, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шараға облыстық ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері, «Мәміле» клубының мүшелері, этномәдени бірлестіктер, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ, тілдерді оқыту орталығы, БАҚ өкілдері қатысты.

К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Динара Маханованың орындауындағы «Қанекей тілім сөйлеші» әнімен шымылдығы түрілген жиынның алғы сөзін облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан алып, мемлекеттік тілді меңгеру – ұлтты ұйыстырудың өзегі екендігін атап өтті.

Айта кетейік, өңірлік ҚХА жанынан мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, қолдану көкжиегін кеңейтіп жүрген этностар арасынан 71 спикерлер пулы қалыптасқан болатын. Бүгінгі форум барысында үздік спикерлер қатысушыларға танымдық бағытта баяндамалар жасап, өз ойларымен бөлісті.

Форум жұмысы барысында «Қазақ тілін қалай үйрендім?» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінің төл тілімізді қалай үйренгені туралы естеліктері айтылды. «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ» айдары аясында медицинада мемлекеттік тілді дәріптеп жүрген Жуалы аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі, беделді хирург, аудандық мәслихат депутаты, Әзірбайжан этносының өкілі Қалды Байрамов қызмет барысында қазақ тілді білгеннің тиімділігі турасында ой бөліссе, «Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресі» РҚБ жастар қанатының төрағасы Риналь Рахматуллин қазақ тілін меңгеру арқылы үлкен жетістіктерге ие болғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында келесі жылды «жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Еңбек адамдарына деген құрмет алдыңғы орында болуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Адал азамат» жобасының да мәні осындай. Аталмыш жоба шеңберінде өңірдегі Жаңа Жамбыл фосфор зауытының инженер-технологы, кәріс этносының өкілі, техника тілін қазақшалаған Тен Дмитрий өзінің пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ, ауқымды шарада тіл байқауларының жүлдегері, Қордай ауданы Қарасу ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Елена Борисевич, «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Фарида Нақыш, Сарысу аудандық орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Валентина Савчук, Қаратау ауданы №1 мектеп-лицей мұғалімі Ханумхас Ахметова, Мойынқұм аудандық «Ақбөпе» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Телли Давыдова, Жуалы аудандық Шақпақ ата ауылдың округі әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкері Рамиля Тальбова «Менің қазақ тіліне жету жолым» тақырыбында ой білдіріп, қатысушыларды мемлекеттік тілді үйренуге шақырды.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері, Әлем халықтары Жазушылар Одағының мүшесі Үміт Битенова және ҚХА Журналистер клубының мүшесі Марат Құлибаев та форумда белсенділік танытты.

Ал облыстық Тілдерді оқыту орталығының мамандары Назира Ұзақбай форум қатысушыларымен «Қазақша сөйлесейік» тақырыбында тренинг жүргізсе, Айнұр Ақботаева қазақ тілін үйренуге арналған «ІТ жобалар» платформасын таныстырды.

Биылғы жыл рухани қазынаға бай жыл. Себебі, 2024 жылы қазақ әдебиетінің негізін салушы, ақын, жазушы, драматург Ілияс Жансүгіров пен ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл, ақын, драматург Жүсіпбек Аймауытовқа 135 жыл, ақын, жырау, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл, балалар жазушысы, ақын, сценарист Бердібек Соқпақбаевтың және қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан белгілі жазушы, аудармашы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы. Айтулы даталарға орай, «Мәміле» пікір талас клубының мүшелері ақын-жазушылардың тіл тақырыбындағы шығармаларын оқып, облыстық филармония әншісі Нұргүл Абдрашова Кенен Әзірбаевтың «Шырқа даусым» әнін нақышына келтіре орындады.

Шара соңында ҚХА-ның тіл туралы жобаларын ілгерілетуге атсалысқан этнос жастары, атап айтсақ, «Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресі» РҚБ жастар қанатының төрағасы Риналь Рахматуллин мен өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері Эсмер Дурсунова және Аяна Ким «Тіл жанашыры» белгісі бойынша марапатталса, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты А. Иманкулов № 17 ЖОББМ мектеп асханасында тамақтандыру сапасына мониторинг жүргізді.

Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты А. Иманкулов № 17 ЖОББМ мектеп асханасында тамақтандыру  сапасына мониторинг жүргізді. Негізгі міндет тағамдардың сапасы мен әртүрлілігін ғана емес, сонымен қатар балалардың тамақтану жағдайларын да бағалау болды.

Мониторинг қорытындысы бойынша барлық бақылау тағамдары бекітілген мәзірге сәйкес келді, асхана жарық  және таза, барлық санитарлық нормалар сақталды. Сауалнама барысында оқушылар тек оң пікірлер білдірді.

Мектепте асхана қызметтерін цифрландыратын, тамақтану процесін тиімді басқаруды қамтамасыз ететін, барлық көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен есебін қамтамасыз ететін заманауи Е-асхана жүйесі енгізілгенін атап өту маңызды.

МАҢЫЗДЫ АСПЕКТІЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

2024 жылдың 30 қыркүйегінде Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде (Достық үйі) Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің жиналысы өтті.

Жиында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтің “Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауы және алдағы референдумға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Оның бірі — Қазақстанда АЭС салу тақырыбы тілге тиек етілді. Егжей-тегжейлі талқыланған маңызды мәселеге байланысты өзбек жұртшылығының түрлі ой-пікірлері ортаға салынды.

Аудитория алдында Жамбыл облыстық Өзбек ұлттық-мәдени орталығының президенті Бахром Муминов, Тараз қаласы Өзбек орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов және т. б. сөз сөйледі.

Қазақстан халқына Жолдаудың маңызды аспектілері, алдағы референдумның маңыздылығы және оның Қазақстанның дамуы үшін маңызы, энергетиканың даму перспективалары, энергия көздері, Атом станциясының басқа мемлекеттердегі жұмыс барысы, қауіпсіздігі, экологияға әсері және т.б.проблемалар сөз болды.

Сонымен бірге, іс-шара барысында Медиация кабинетінің басшысы Валентина Досыбиева Этномедиацияның бағыты, Жамбыл облысы ҚХА этномедиация Кеңесі туралы айтып өтті.

Шара соңы марапаттау рәсімімен аяқталды. Өзбек ұлттық-мәдени орталығының президенті Бахром Тохтасунұлы Өзбек қоғамдастығының бірқатар өкілдеріне ҚХА аясында атқарған қоғамдық-мәдени белсенді жұмыстары үшін алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

САБАНТОЙ – ДОСТЫҚ МЕРЕКЕСІ

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы «Сабантой» ұлттық мерекесін атап өтті.

Ертеден тойланып келе жатқан мерекеге бұл күні қалың көпшілік жиылып, татар-башқұрт халқының дәстүрлерімен танысып, достықты дәріптеді.

Салтанатты шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, қалалық мәслихат хатшысы Кенжебек Олжабай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова, «Қазақстан татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі жанындағы «Ак калфак» татар және башқұрт әйелдері кеңесінің төрайымы, Астана қалалық «Дуслық» татар мәдени білім орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Яннат Низамутдинова барша жиналған қауымды мерекемен құттықтап, еліміздің дамуы мен нығаюына сүбелі үлес қосып жүрген бірлестік өкілдеріне құрметін көрсетті.

Атаулы мереке – шаһарда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін дәстүрлі мейрам. Достықты ту еткен мерекелік кеште облыстық “Днепро” Украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік-қарашай- балқарлардың Жамбыл филиалы» ҚБ жетекшісі Леля Узденова бастаған бірқатар өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері мерекелік лебіздерін білдіріп, береке-бірліктің мерекесі еліміздегі ынтымақтастықты сақтауда маңызды рөл атқаратындығын жеткізді.

Сондай-ақ, шарада татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенді өкілдері марапатталды. Және «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалы төрағасы, шараның ұйымдастырушысы Фарида Нақыш арнайы Алғыс хатқа ие болды.

Сабантойда көпшілікке татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар мен тәттілерден әзірленген көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Сонымен қатар, татар күресі, арқан тарту, қол күрес, қасықтағы жұмыртқамен жүгіру, қаппен қашықтыққа секіру сынды өзге де ұлттық спорттық ойындар мереке көркін келтірді. Мерекеге келген қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, заманауи әндерге биледі.

Дәстүрлі мереке бұл жолы да жоғары деңгейде өтіп, тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

ТАРАЗДА ТАТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде «Анаға тағзым» орталығында “Біртұтас Қазақстандағы түрлі этнос аналарының бейнесі” атты дөңгелек үстел өтті.

Ауқымды шараға Астана,Түркістан,Шымкент, Павлодар, Тааз қалаларынан арнайы келген этномәдени бірлестіктері Аналар кеңестерінің төрағалары қатысты.

Отырыс барысында «Салауатты сана» республикалық жобалары мен «Қазақстандық Татарлар мен башқұрттар конгресінің» Жамбыл филиалындағы «Ак калфак» клубының қызметі, сондай-ақ, түрлі этностардың жас аналарын, жастарын саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тәрбиелеудегі Аналар кеңесінің рөлі талқыланды.

Жиынға «Қазақстандық Татар және башқұрттар конгресі» РҚБ жанындағы «Ақ қалфак» әйелдер кеңесінің басшысы, «Дослық» Татар мәдени орталығының төрайымы Яннат Низамутдинова еліміздегі жастардың салт-дәстүрді сақтаудағы рөліне және этнос өкілдері аналарының аналық болмысы, жар кейпіндегі тұлғалық қасиеті, қоғамдағы орны, жалпы бақытты әйел бейнесін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Өз кезегінде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова ысырапшылдықтың қоғамдық, экономикалық зардаптары туралы «аста-төкке» ырық беруден бас тартуға үндеді.

Алқалы жиында «Қоғамдық келісім» КММ “Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс” бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева да шара қатысушыларын маңызды басқосумен құттықтап, Аналар кеңесінің ҚХА жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асырып келе жатқандығына айрықша тоқталып өтті.

Сондай-ақ, «Айнуры» Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі» ҚБ төрағасы Амир Халиков та қатысушылар қатарында өз ой-пікірі мен алыстан ат арытып келушілерге ризашыдығын білдірді.

Сындарлы пікірталас барысында пікірлер мен ұсыныстар алмастырылды.

Шара қонағы жүзу спортынан паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллинаға Яннат Низамутдинова шынайы ықыласын білдіріп, сый-сияпатын ұсынды.

Дөңгелек үстел барысында талқыланған тақырыптардан қатысушылар өздеріне рухани азық алып, жақсы әсерде тарқасты.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ ӨҢІРЛІК ҚХА ҚОЛӨНЕРШІЛЕРІ ҚАТЫСУДА

Тарихы тереңнен тамыр тартатын Жібек жолы бойында жатқан көне Тараз шаһары екі жыл бұрын дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен байырғы дәуірден-ақ талайларды тәнті еткен тарихи қаланың мұндай мәртебені алуы – заңдылық.

Қала қолөнершілерінің туындылары жаһандық деңгейде мойындалуына орай, Таразда «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III Халықаралық қолөнершілер көрмесі өтуде. Дәстүрлі көрмеге еліміздің үздік қолөнер шеберлері, қолөнершілерді қолдау қорлары мен ұйымдары, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан мемлекеттерінің шеберлері қатысуда.

Халықаралық көрме қонақтары «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде арнайы құрылған «Қолөнершілер қалашығына» келіп, үш күн бойы саф өнердің сан түрімен кеңінен танысатын болады.

Айта кетейік, мәдени шараға ҚХА жанынан құралған қолөнер шеберлері де атсалысып, жаз бойы шеберлік сыныптарында жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынуда.

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ «ТАРАЗКОЖОБУВЬ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Еңбек күніне орай, ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасын іске асыру бойынша облыстық мәслихат депутаттары «ТаразКожОбувь» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.

Өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып жүрген отандық кәсіпорын қызметкерлерін облыстық мәслихат депутаты, «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақов еңбек күні мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл өз кезегінде қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын кеңінен насихаттауға мол мүмкіндік бермек. Өңіріміздегі жүзеге асырылып жатқан игі жұмыстардың барлығы ең алдымен сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқасы, – деді Серік Мамыртайұлы.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, Жамбыл облысы «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко да еңбеккерлерге мерекелік жылы лебіздерін жеткізіп, еңбектері үшін шынайы алғыс білдірді.

Кездесуде «Таразкожобувь» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов кәсіпорынның әлеуеті туралы кеңірек мәлімдеп, жұмыс барысын баяндады.

Аталмыш серіктестікте бүгінгі таңда 200-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Басқосу барысында фабриканың көп жылдық табысты жұмыс тәжірибесі, жеткілікті өндірістік және кадрлық әлеуеті, заманауи және қажетті түрлі мақсаттағы аяқ киім шығаруға мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылымы бар екендігіне көз жеткіздік.

Шара барысында талай жылғы қажырлы еңбегі үшін кәсіпорын қызметкерлері Шырынкүл Жүсіпәлиева, Константин Екель, Бұлбұл Сембиева, Сергей Бажин және кәсіпорынның бас директорының орынбасары Шамухтар Қарабайұлы арнайы мараптқа ие болды.

АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы тапсырмасын орындау шеңберінде елде халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жақында Жамбыл облысындағы «Барбанг» Күрділер қауымдастығы РҚБ филиалының төрағасы Сартиф Алиев Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласының күрді этносының тұрғындарымен Президенттің жолдауы және алдағы маңызды референдум бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу еркін форматта өтті. Жергілікті тұрғындарға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңызды тұстары, стратегиялық құжаттың басым бағыттары түсіндірілді.

Қазақстанда Атом электр станциясын салу бойынша алдағы жалпыұлттық референдумның маңыздылығы және оған әрбір азаматтың қатысуы туралы кеңінен айтылды.

Сондай-ақ, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері және оларды шешудің жолдары талқыланды.

ЕҢБЕГІ ЕРЕН ДӘРІГЕР

Адам жанына шипа, дертіне қуат беріп, тән мен жан саулығын сақтау жолында аянбай еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың қоғамда алар орны ерекше.

Пенде біткенді ажалдан арашалауды мақсат тұтып, дерттіге дауа іздеп, медицина саласында тер төгіп жүргендердің бірі – Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров. Балалар дәрігері Эльбрус Хаджимахмұтұлының есімі елге етене таныс.

Күні бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген науқас балалардың дертіне дауа тауып, бірінің сырқаттан құлан таза айығуына сеп болған абзал жанға айтылған алғыс та көп. Мамандығымен қатар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген дәрігер – «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Әрі өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған барлық қоғамдық-маңызды және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, ҚХА –ның қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес. Жастайынан дәрігер болуды армандап, 1971-1977 жылдары С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институында оқып, тәмамдады. Жас маман ретінде кәсіби біліктілігін шыңдауда мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтының бағдарламасы аясында Қазан, Мәскеу, Новокузнецк қалаларында өткен мамандандырылған курстарда балалар хирургиясының өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты. Иә, ерінбей еңбек етіп, зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз білгенін науқасқа қолданатын абзал азаматты нағыз маман деп білген жөн.

Медицина майталманы 50 жылға жуық уақытын осы салаға арнады. Осы жылдар ішінде ел болашағы – өскелең ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамай, басы ауырып, балтыры сыздағанның дертіне дауа таба білді. Жетпіс жастағы ардагер дәрігер қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленуде. Салада атқарған талай жылғы еңбегі еленіп, «Денсаулық Сақтау саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Алтын дәрігер» медальдері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің грамотасымен, Облыс әкімдігінің «Құрмет грамотасымен», Облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасы», Облыстық балалар ауруханасының және денсаулық сақтаудың бірнеше мәрте грамоталарымен марапатталған.

Елеулі еңбегінің арқасында қадірлі болған ақ халатты абзал жандар қашанда құрметке лайық!