ҚҰРЫЛТАЙҒА ҚАТЫСТЫ ОНЛАЙН ОТЫРЫС ӨТТІ

Бүгін Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінің ұйымдастыруымен Ұлттық құрылтай отырысына қатысушыларымен республикалық онлайн семинар өтті.

Іс-шараға ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, ҚХА мүшесі, «Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов, белгілі журналист, блогер Алмас Алтай және этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар  және Жамбыл облысы әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де қатысты.

Кездесу барысында  Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысының қорытындылары мен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар талқыланды.

Қатысушылар бірауыздан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында көтерген бастамаларын қолдайтындарын айтты.

ҚОРДАЙДА ҒЫЛЫМИ САРАПТАМАЛЫҚ ТОПТЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қордай ауданында Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының «Өңіріміздегі қоғамда этностардың тұтастығын сақтау және нығайту»  тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті.

«Қоғамдық Келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас сарапшысы, облыстық ҚХА ҒСТ мүшесі, Ербол Қаншымбеков модераторлық еткен отырыста  өңірлік топтың мүшелері баяндамалар жасады.

Жиын барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әлеуметтік психология кафедрасының профессоры Рысты Керімбаева қатысушыларға қазақ халқының этностардың бірлігін сақтаудағы топтастырушы әлеуетінің маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сондай-ақ, жиында сөз сөйлеген Тараз қаласындағы өзбек орталығының төрағасы, Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов түрлі этностар мәдениетінің қыр-сырына, ел тарихына, этностардың қоныстануына тоқталды.

Ал, жиналғандар алдында сөз алған Қордай ауданы ҚХА Қордай аудандық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов  «Этностар бірлігін сақтауда қазақ халқының топтастырушылық әлеуетінің маңызы» жайлы және құрылтай туралы өзекті ой қозғады. Баяндамашы түрлі этнос өкілдері ежелден тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын және бұл үрдісті алдағы уақытта да сақтау маңызды екенін атап өтті.

Жиынға  Бетқайнар ауылынан келген,  округтің ақсақалдар кеңесінің мүшесі Латиф Абылкасымов  жастар туралы ойын және Ұлттық құрылтайда білім мен ғылым саласына қатысты мәселелердің шешіміне қатысты пікірін білдірді.

Жиын соңы білім-ғылым саласы бойынша өзара пікір алмасулармен тәмамдалды.

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫМЕН ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАР ДА ҚҰТТЫҚТАЛДЫ

Наурыз мерекесінде де адамдар өздерінің көршілеріне, қарттарына да назар аудара отырып, ең жақсы қасиеттерді көрсетеді.

2024 жылдың 19 наурызында өңірлік ҚХА этномәдени бірлестіктері мен құрылымдарының өкілдері №1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қарияларын алдағы Наурыз мейрамымен құттықтады.

Іс-шараны өткізуге Қытай мәдени орталығы (төрайымы Галина Воробьева), Жамбыл облысы бойынша «Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы (төрайымы Фарида Нақыш), Аналар кеңесінің өкілі «Радонеж» Орыс қауымдастығынан Оксана Дьяченко тікелей қатысты.

Сондай-ақ, мерекеге Аналар кеңесінің өкілі («Шиват Цион» Еврей мәдени орталығының атынан) Нина Михайлова, Тараз қалалық Өзбек орталығының мүшелері қатысты.

Көрермендерге Галина Воробьева мен осы этномәдени бірлестіктің өкілі Галина Нидің, 13-орта мектебінің «Веснушки» қасықшылар ансамблінің, қазіргі Гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.

Сондай-ақ, қазақ, қытай, татар, өзбек билері орындалып, әндер, өлеңдер, аспаптық шығармалар шырқалды.

Іс-шара барысында №1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшылығының Алғыс хаттарымен этнобірлестік басшылары —Галина Воробьева, Фарида Нақыш, Қытай мәдени орталығының өкілі Галина Ни, «Радонеж»  Орыс қауымдастығынан Оксана Дьяченко марапатталды.

Наурыз мерекесін мерекелеу қызықты өтті, ұмытылмас әсер қалдырды.

Егде жастағы адамдардың жаны мен жүрегіне жылу ұялап, әз-Наурыздың арқасында оларға толық көңіл бөлінді.

Бүгін, «Наурызнама» жобасы аясында Жамбыл облыстық…

Бүгін, «Наурызнама» жобасы аясында Жамбыл облыстық Ш.Уалиханов атындагы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастыруы және өңірлік ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдерінің демеушілігімен «Армысың, әз-Наурыз»  әдеби-қоғамдық этноауыл іс-шарасы іске асырылды.

Атаулы шараға ұйғыр, өзбек, тәжік, қырғыз бірлестіктерінің басшылары Мұхабат Тұрдыева, Абдырахман Зайнутдинов, Махкам Орифов, Абзалбек Меңдібаев бастаған этнос өкілдері және кітапхана қызметкерлері қатысты.

Жобаны өткізудегі мақсат — этносаралық қатынас, бейбітшілік пен келісім, жалпықазақстандық бірегейлікті нығайту.

Атырау өңірінде өткен ІІІ-Құрылтайда ҚР Президенті айшықтап берген тапсырма — «Бірлігіміз – әралуандылықта» жобасын еңсеру мақсатында этноауыл іс-шарасы ілгерілетілді.

НАУРЫЗ БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ МЕРЕКЕСІ

Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті мәдениет және өнер кафедрасының І курс студенттері, Жамбыл облыстық «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы жастарының қатысуымен Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті.

Кешке жиналғандарды мерейлі мерекемен аталған оқу орнының мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева және І курс студенттерінің ата-аналары құттықтады. Ал, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан бата берді.

Кеш барысында қатысушылар көрермендерге шығармашылық қойылымдар, әуезді әндер, этникалық түрлі билерімен қайталанбас мерекелік көңіл күй сыйлады. Мерекеде ерекше ескерілетін ұлттық ойындар туралы бейне ролик көрерменге көгілдір экран арқылы көрсетілді.

Көзі қарақты көрерменнің көңілінен шыққан кештің соңы естелік суреттерге түсумен тәмамдалды.

ҰРПАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ТАНЫМДЫҚ ДИАЛОГ

Бүгін «Адамның рухани байлығы – имандылық» атты қаламыздағы №10 С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектебінде Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов және «Қоғамдық келiсiм» КММ қызметкері Рахат Ерханұлының қатысуымен іс шара өтті.

Сыныптан тыс өткен жиында адамның рухани байлығы, ҚХА жұмысы және оның мақсат-міндеттері, бірлік пен келісімді нығайтудың қаншалықты маңызды екендігі туралы айтылды. Абдурахман Юлдашұлы өскелең ұрпаққа ел болашағы өздерінің қолында екенін жіті түсіндірді.

Аға буын мен оқушылар арасындағы диалог қызықты әрі пікірталасқа толы болды. Оқушылар кездесу қонақтарына сұрақ қойып тұщымды жауап алды.

Шара соңында қатысушылар өлеңдер оқып, ән шырқады.

«МАСЛЕНИЦАНЫ» ОЙДАҒЫДАЙ ӨТКІЗДІК!

Бүгін, Наурыз мейрамы қарсаңында «Шахристан»  мәдени-тарихи кешенінде әзіл-қалжыңдармен, ойындармен, частушка -әндермен және билермен «Масленица»  мерекелік шарасы көңілді өткізілді.

Сахнада театрландырылған қойылым, этномәдени бірлестіктер шығармашылық ұжымдарының, «Радонеж» Орыстар қауымдастығының «Калинка» вокалдық тобының, «Днепро»  Украин этномәдени бірлестігінің «Маричка» халық ансамблінің концерттік нөмірлері тамашаланды.

Бұдан бөлек,

«Веснушки»  қасықшылар ансамблі және басқа да оқу орындары — мектептер мен колледждердің шығармашылық ұжымдары, Жамбыл облыстық драма театрының әртістері және т. б.шығармашылық топтар да қатысты.

«Масленица»  мерекесінің ажырамас бөлігі —жәрмеңке. Іс-шараға келгендер тауарларды қызығушылықпен қарап, халық шығармашылығы шеберлерінің қолөнер туындыларын қуана сатып алды.

Мереке мәдениеттердің көрнекі тоғысуымен, өңірлік этномәдени бірлестіктер, түрлі этностар өкілдерінің қатысуымен шын мәнінде полиэтникалық болып қызықты мерекеленді.

Бұл жолғы дәстүрлі «Широкая масленица»  мерекесі Наурыз мерекесіне арналған онкүндікте өтіп, «Наурызнаманың»  «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» деп аталатын бөлігімен астарласа өткізілді.

Мұндай іс-шаралар бірлік пен келісімді нығайтуға зор ықпалын тигізері сөзсіз.

ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ДІН САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ СҰҚБАТ БЕРДІ

Биылғы жылдың 14 наурыз күні Тараз қаласындағы Достық үйінде Астана қаласындағы Конфессияаралық жəне өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мамандары этнос өкілдері және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерімен эксперттік және тереңдетілген сұқбаттар өткізді.

Сұқбат барысында қоғам өміріндегі діни-этникалық фактор, өзара ықпалдастық, проблемалық аспектілер және даму үрдістері, Қазақстандағы діни білім беру түрлері, үлгілері, әдістері, мақсатты аудиториялары, діни және дінтанулық терминдердің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін әзірлеу сынды мәселелер төңірегіндегі сұрақтар қойылды.

Мамандарға Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігінінің төрағасы Зайнуддин Махусеев және облыстық «Радонеж» Орыстар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокинмен және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері сұқбат берді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ МЕДИА СТРАТЕГИЯСЫ

ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық Келісім» РММ директорының орынбасары Әлия Сапарованың модераторлығымен 2024 жылдың 14 наурызында ZOOM платформасында әлеуметтік желілердегі парақшаларды жүргізу бойынша онлайн-конференция өтті.

Онлайн отырысқа ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының инспекторы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің өкілдері, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері қатысты.

Жиналыста әлеуметтік желілердегі этномәдени бірлестіктер, ҚХА қоғамдық құрылымдарының профильдерін жүргізу бойынша ұсынымдар талқыланды.

Шығармашылық пен сапалы контент арқылы аудиторияны кеңейту, ынтымақтастыққа танымал сарапшылар мен танымал блогерлер арасынан жаңа адамдарды тарту қажет екендігі айтылды.

Сондай-ақ олар трендтер, бірлескен авторлық, жазылушылар мен көріністер санын арттырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру және әр облыста болуы тиіс студия мен оның жабдықтары туралы мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Журналистер клубының жұмысын уақыт талабына сай қайта жүйелеу жайы да сөз болды.

Жиын барысында ҚР ПӘ ҚХА хатшылығының инспекторы Мұхтар Құлжан, ҚР МАМ ЭҚДК әдістемелік қамтамасыз ету және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлстан Алпысбай және Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Оразәлі Сәрсенов сөз сөйлеп, баспасөз саласындағы әріптестерінің алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жұмыстарын ортаға салды.

Жиын соңы өзара пікір алмасуға ұласты.

КӨРІСУ КҮНІ – НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ БАСТАУЫ

2024 жылдың 14 наурызында Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде Амал мерекесіне орай «Көрісу күні» іс шарасы өтті.

Мереке Дулати халықтық студенттік – жастар театрының «Көрісу» күніне арналған театрландырылған қойылымымен басталды. Көріністен кейін ақ жаулықты аналар шашу шашып, көпшілікке бауырсақ таратты.

Шара барысында қатысушыларға Амал мерекесінің тарихы мен дәстүрі туралы айтылды. Концерттік бағдарламаға ұласқан мерекелік іс-шараға Жамбыл облысы ҚХА мүшелері қатысып қайтты.

Page 1 of 3
1 2 3