Таразда «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өтті
Биылғы жылдың 20-қазанында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен шараға Тараз қаласы мен шалғай аудандардан этнос балалары, мектеп мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты, түрлі этностық топтардың жастарын ынталандыру шаралары арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға жәрдемдесу.
Ауқымды шара мемлекеттік тілді үйрену арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және балалардың жастардың бойына кітап оқу мәдениетін, қазақ әдеби тілі мен поэзиясын меңгеруге қызығушылық дарыту, этностардың мемлекеттік тілді меңгерген жас өкілдерін анықтау, оларға қолдау көрсетуді көздеу.
Мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге бағытталған іс-шара тұжырымдамасы бойынша қазақ тілін оқыту бойынша «Тіл мектебі» авторлық бағдарламалары, «Өнер алды – қызыл тіл» мектебі», «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы, «Жарқыра, жас дарын!» байқауы жалпы 4 жоба бойынша өткізілді.
Іс-шараға әр номинация бойынша оқушылар мен мұғалімдер,барлығы 40-тан астам үміткер қатысты.
«Тіл мектебі» авторлық бағдарламалары номинациясы бойынша Жамбыл ауданынан С.Кусёва – І орын, Қордай ауданынан С. Нуркеева – ІІ орын, Меркі ауданынан И. Алденбекова – ІІІ орын иеленді. Қалған қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.
«Өнер алды – қызыл тіл» мектебі номинациясы бойынша Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы М.Гайпова – І орын, Шу ауданы, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің оқушысы Ж.Папаладзе – ІІ орын, Байзақ ауданы, Г. Мұратбаев атындағы гимназия оқушысы Е.Бондарь, Меркі ауданы, №21 орта мектебінің оқушысы Д.Тайрова, Жамбыл ауданы, Шайқорық орта мектебінің оқушысы Л.Исмайлова – ІІІ орындарды иеленсе, қалғандары алғысхаттармен марапатталды.
Байқаудың шарықтау шегі, ең қызықты тұсы – этнос балалары өздері шығарған жыр шумақтарын мәнерлеп оқып, берілген тақырыпқа қатысты суырып салмалық қабілеттерін танытты.
Сонымен қатар, оқытушылар да қазақ тілі пәнін оқытудағы үздік әдістемелік жаңалықтарымен бөлісті.
«Жарқыра, жас дарын!» байқауына Меркі ауданы, №44 орта мектебінің оқушысы С. Айденов – І орын, Тараз қалалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған “Дарын” лицей-интернатының оқушысы Н.Эрнисбекқызы – ІІ орын, Т.Рысқұлов ауданы, Ақтоған орта мектебінің оқушысы М. Ирисқұлов және Қордай ауданы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Д. Сапронов – ІІІ орындарды иеленсе, ал «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы бойынша Тараз қаласы, Оқушылар сарайының оқушысы Н.Гирина – І орын, Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Акнамурадова – ІІ орын, Қордай ауданы, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы В. Третьяков пен Тараз қаласы, Оқушылар сарайының оқушысы К.Заитова – ІІІ орынды иеленді. Өзге қатысушылар марапатқа алғысхаттар алды.
”Өнерлі өрге жүзер” музыкалық және «Жарқыра, жас дарын!» байқауларының жеңімпаздары үстіміздегі жылдың қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысатын болады.
Атаулы жоба кезеңінің соңы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның қорытынды сөзімен аяқталды. Өз сөзінде М.Қасымқызы алдағы уақытта да қатысушыларға өмір мектебі іспеттес болған «Мың бала» байқауының жеңімпаздарымен Достық үйі үнемі байланыста болатындығын тілге тиек етіп, сондай-ақ,алдыңғы байқаудың жүлдегерлері оқу гранттарын ұтып алып, өмірде өз жолдарын табуларына аталмыш байқаудың себепші болғандығын айрықша атап өтті.
Айта кетейік, байқауға облыстық филармония, білім басқармасының қызметкерлері және өңірлік баспа БАҚ өкілдері қазылық етті.