ЕЛ ТІРЕГІ – ЕҢБЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған сарабдал саясатының аясында елімізде де, өңірімізде де көптеген іргелі істер еңсерілуде. Ел басқарушысының Жолдаулары да және соның негізінде туған мемлекеттік жобалар да – мол еңбектің арқасы.

Өзіміздің республикалық ҚХА ілгерілетіп жатқан ұлттық құндылықтар мен идеологияны, дәстүрлерді, сындарлы саясатты насихаттайтын тың жоба боп кіріп, құлашын кең жайып кеткен ҚХА құрылымдарына қатысты «Мәдениетті Ана – мәдениетті Ұлт», «Бір Ел», «Достық керуені», «Әралуандылық – бірлікте», «Мектепке жол» және басқв да көптеген қайырымдылық акциялары, мемлекеттік тілдің меңгерілуін дамыту, сондайлық, жастар арасында жүргізіліп жатқан түрлі челлендж, акция, зияткерлік жобалар негізінде жастарымызбен де, Ақсақалдар, Аналарымызбен де, Ғылыми-сараптамалық кеңес және Медиациямен де, Журналистер клубымен де жарияланымдардан көріп оқып отырмыз, «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастыруымен біршама жұмыстар атқарылып жатқандығы баршаға белгілі.

Осы бір маңыздылығы жоғары аталмыш бастамалар мен жалғастырулар халық арасында қызу талқыланып, өңіріміздегі әрбір азаматтың қызығушылығын арттыруда. Қарапайым мысал, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» – бір ғана жобаның өзін алып қарайықшы, қыруар шара, шаруа өндірілген ғой. Аналар кеңесі командасымен түрлі бейнеролик, ақпарлардан көзіміз көріп отыр, әр этностық салт-дәстүрі жаңғырып, бұрындары біз білмеген ұлттық достық дастархандары дәріптеліп, жас жеткіншек қыздарымызға үлкен тәрбие, әр шарадан ұлдарымызға дұрыс бағыт, мықты ұлағат боп өнеге беріліп жатыр.

Мәселен, жуырда ғана облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен “Қоғамдық келісім” мекемесінің бірігіп жүргізген этностар жиі шоғырланған аймақтардағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, одан бері қыркүйек айының соңына тақау басталып, әлі жалғасын табатын республикалық “Достық керуені” жобасы этносаралас аудан тұрғындарына серпіліс әкелгені айтпаса да белгілі.

Әр түрлі игі тақырыптағы акциялар мен жобалар, менің әріптестерім мен қызметтестерімнің ерен еңбектері арқылы іске асуда.

Жалпы алғанда, өзім облыс, қала, аудан көлемінде ұйымдастырылып жүрген ҚХА-лық іс-шаралардан шама-шарқымша қалмауға тырысып, жиі қатысып тұрамын. Сондағы байқағаным, аталмыш шаралардың барлығы асқан жауапкершілік, ерекше еңбексүйгіштік, зор еңбекқорлықпен нәтижелі, жемісті боп орындалып шығып жатады.

Қызметтестерімнің бойынан адами қасиеттердің ішінен еліне деген адалдық пен еңбексүйгіштігін жоғары бағалаймын. Себебі, аздаған уақыт аралығында біріншіден, Президентіміздің қажырлығы, екіншіден, бірізді саясатымыздың, үшіншіден, жергілікті және басқа да өңірлердің қажырлы еңбегінің арқасында, сондай-ақ, әрине, мемлекетімізде жалпықазақстандық бірегейлік пен бірлік нық орын алғанынан еліміз әлемдік державалар санасатын дәрежеге жетті деп ойлаймын.

Сондықтан, Еңбек дегенде, ел дегенде ерінбей, ойлау қабілетіміз де ұшқыр, қажыр-қайратымыз да сембес, күш-қуатымыз да сарқылмас мықты болайық! Ел тірегі тек еңбекпен ғана тік тұратынын ұмытпайық!

 

Жалил Азимұлы Аббосов, ҚХА мүшесі, Байзақ аудандық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық «Ахыска» Түріктер мәдени орталығы» ҚБ өкілі

ҚОРДАЙ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА ӘЛЕУМЕТТІК САУАЛНАМА ЖҮРГІЗІЛДІ

Әр өңірдегі «Қоғамдық келісім» мекемесінің Ғылыми-сараптамалық тобының да басты мақсаты — бірлік пен келісімді сақтау екендігі баршаға мәлім. ҚХА құрылымдарының ішіндегі

Ғылыми-сараптамалық топ қазіргі таңда көпмәдениетті қоғамда қаймағы бұзылмаған ұлтаралық келісімге сызат түсірмеу үшін, әрі жарасқан бірлікті көздің қарашығындай сақтау қамындағы мәселелермен айналысып келеді.

Еліміздің саясатына ғылыми-сараптамалық көмек көрсету, яғни сүйемелдеу, Қазақстан көпэтникалық ел болғандықтан бұл мәселе әрдайым күн тәртібінде тұра береді, еліміздің ішкі жағдайын зерделеуде де өзінің ықпалын тигізеді.

Аталған бөлім бірегейлікті қалыптастыру, әрі татулықты, бірлікті сақтау бағытында көптеген істердің басын құрап, этностар көп шоғырланған ауылды аймақтарда саяси ахуалды үйлестіруде.

Осы тұрғыда ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен ілгерілетіліп отырған “Достық керуені” жобасы аясында бөлімнің бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков жетекшілігімен Ғылыми-сараптамалық топ бөлім қызметкерлері Рианна Жалпанова, т.б., Қордай ауданының Степной, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе, Қарасу ауылдық округтерінде ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді.

Мақсаты – ауыл тұрғындарына сауалнама жүргізу аркылы әлеуметтік және саяси ахуалын зерделеу.

Саяси тұрғыдан сауалнама қорытындысын нәтижелеу барысында араларында қандай да бір тілдік немесе нәсілдік кемсітушілік, алауыздық, “араздық тілі” байқалса, дереу назарға алып, шара қолдану.

Әлеуметтік тұрғыдан да зардап шегіп жүргендер сараланса, құзіретті органдарды қатыстырып, зерделенген мәселелердің тиімді шешімін табу.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

Алауыздық пен өшпенділікке жол жоқ

Татулық – достықтың, ынтымақ пен бірліктің синонимі. Ол адамзаттың бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Татулық – адамның қоғамда жайлы өмір сүруі үшін негізгі қажеттілік болып табылады.

Сондай-ақ, қоғамдағы тыныштық пен береке-бірліктің артуы үшін этносаралық және конфессияаралық татулықтың маңызы зор. Сондықтан алауыздық пен өшпенділікке жол жоқ.

Ұлан байтақ жеріміз өз этнос өкілдерін татулық пе келісім арқылы сыйластықты арттыруы басты назарда екені белгілі.

Ұлтаралық келісім мен татулық нық орнаған елміз деп нық айта аламыз. Қазақстанның өсіп өркендеуінің бірден бір қайнар көзі – осындай ізгі қасиет, дәстүрге ілтипат, өзара сыйластық пен достықтан бастау алады.

Бүгінде елімізде ұлты мен дініне қарамастан, барлық ұлт бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүруде. Ешқандай алауыздық болмас үшін өзара түсіністік пен бірлік бола білгені аса маңызды.

Өшпенділік адамдар арасында талас-тартыс бар жерде, көзқарастары бір-бірімен үйлеспейтін кезде пайда болады. Сондықтан да тату болайық!

Қазіргі таңда Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.Бұл – біздің татулығымыздың, достығымыздың көрсеткіші. Қандай жағдай болмасын,осы берекелі күнімізден айырылмауға тырысайық.Себебі,татулық пен достық – біздің таптырмас бақытымыз бен байлығымыз.

 

Жамбыл облыстық «Хазар» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы

Асабали Пойлиев

«TARAZ UNITED» КОМАНДАСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНҒА ҚАТЫСТЫ

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 20-22 күндері аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы жерінде республикалық зияткерлік ойыны өтті.

Аталмыш ойынға Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облысының және Қонаев, Алматы, Шымкент қалаларының тумалары қатысты.

Сондай ақ, Жамбыл облысынан «Қоғамдық келісім « КММ атынан «TARAZ UNITED» командасы алғаш рет қатысып, іріктеу кезеңі мен жартылай финалдан сүрінбей өтті.

Айта кетейік, финалда Алматы қаласы, Жетісу, Алматы облысының 3 жыл ойнаған тәжірибелі және 2022 жылы чемпион болған командалармен бақ сынасып, жүлделі 6 – орынды иеленді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ТҮРІК АНАЛАР КЕҢЕСІ ӨЗ ДӘСТҮРІН ЖАҢҒЫРТУДА

Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Жамбыл облысының «Анаға тағзым» орталығында Түрік Аналар кеңесі өз дәстүрлерін дәріптеді.

Роза Индоевнаның жетекшілігімен  «АХЫСКА» түрік этномәдени орталығы өзінің ұлттық бас киім «КАТХА» үлгілерін, ұзатылатын бойжеткен қызды ұзату, беташар бойынша киіндіру үрдісін айрықша көрсетті.

Сонымен қатар ұлттық түрік тәттілерін атап айтқанда «Шекерляма», «Семит», «Сенор», «Базлама», «Хачапур», «Катмер», «Баклава» т.б ұсынды.

Шараның ерекшелігі – ұмытылып бара жатқан ұлттық киім дәстүрін жаңғыртушы шеберлер мектебімен таныстыру.

Айта кетейік, «Анаға тағзым» орталығының психолог маманы Жанар Дүкенбайқызы отбасыларға психологиялық тегін көмектің бар екендігін айта кетті.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ ҚОРДАЙ ЖАСТАРЫНА ДА АЯЛДАДЫ

«Достық керуені» жобасын іске асыруға Жамбыл облысының «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері де белсенді атсалысуда.

Атаулы жобаның мақсат-міндеттерінің бірі — коммуникацияларды қалыптастыру және ҚХА этномәдени бірлестіктері мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысу екенін еске сала кетейік.

Жобаны жүзеге асыруды Қордай ауданында жалғастыру барысында 2023 жылдың 20 қыркүйегінде аталған ауданның Ауқатты, Қарасай ауылдық округтеріндегі А.Пушкин атындағы және Ә.Бөкейханов атындағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен Хамида Тұрдыева бастаған «Ассамблея жастары» РҚБ еркін кездесу форматында #PROANK іс-шараларын өткізді.

Қала мен дала жастарының орайлы кездесуі арайлы кездесуге ұласып, жастар ортақ бір тілде алуан түрлі өмірлік жағдайларда, мәселен тілдік-нәсілдік кемсітушілік, не болмаса тұрып жатқан Отан, туған жеріңнің құндылықтарын этнос өкілі бола тұра келеке, келемеж ету неге әкеліп соқтырады, осы тәріздес жастар арасында алауыздық тудыратын келеңсіз жағдайларды көзің көрсе не амал қолданасың?

Мұндай жағымсыз жағдайлардың құрбаны, не себепшісі болмау үшін, мәселенің алдын алу шаралары қалай ұйымдастырылады?

Осындай міне салмақты, жауапкершілігі зор тақырыптар төңірегінде жастар өздеріне ұғынықты жеңіл, еркін, ортақ тілдеқұнды пікірлерімен алмасты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

«Достық керуені»

20 қыркүйек күні «Достық керуені» жобасы аясында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында көшпелі отырыс өтті.

Отырысқа Облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Маюфи Абдулхалил, Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі – Юнусов Идрис, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары – Хаджимуратов Исмаил, Қордай ауданы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы -Сейілханов Әбдібек және Қордай аудандық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.

Отырыс барысында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі – Юнусов Идрис жалпы облыста ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аянбай еңбек етуде екендігін, ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосып жатқандығын жеткізді.

Қордай ауданы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Сейілханов Әбдібек этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау, этнос өкілдерінің әскерге баруы, аудандағы медиация жұмысын жүйелі жүргізу және ақсақалдар институтының жастармен жұмысын жандандыру мәселелерін көтерді.

Іс-шара соңында еліміздің даму жолында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға қосқан үлесі мен белсенді еңбегі үшін аудандағы бірқатар Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне Алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар табысталды.

ҚОРДАЙҒА ЖОЛ ТАРТҚАН “ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ” ТАРАЗ ШАҺАРЫНА ОРАЛДЫ

Тарихы сырға толы көне Тараз шаһарында орналасқан күмбезді Достық үйінен жуырда ғана құрылған «Достық” керуенінің Қордайға дейінгі өңіріміздің Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарындағы сапары да сәтті аяқталған болатын.

Ел тыныштығы мен бірлігі, татулығы мен ынтымағының сақталуына дәнекер болған «Достық» керуені бірқатар игілікті іс-шаралар легімен Қордай ауданына жол жүріп келді.

Ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде Өңірлік ҚХА іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға сәйкес, Қордай ауданының Степной, Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінде жалпықазақстандық бірегейлікті сақтау, этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында өңірдегі этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді-мекендерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

2023 жылдың қыркүйек, қазан айларында қолға алынған республикалық «Достық керуені» жобасын ілгерілетумен қатар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2023 жылдың 1 қыркүйектегі кезекті Жолдауы және маусым айындағы ҚР Құрылтайындағы ҚХА жұмыстарына этностар жөнінде жүктеген талап, ұсыныс-міндеттері, ҚХА төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың аталмыш Жолдауға байланысты 5 қыркүйектегі ҚХА жұмыстарын жандандыру, күшейту тұрғысында өткізілген ҚХА-ның республикалық кеңейтілген отырысы және 2023 жылдың 20 қыркүйектегі «Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жай-күйі мен перспективалары» ғылыми-практикалық конференциясында қойылған талап-ұсыныстарды назарға ала отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева бастаған мекеме қызметкерлері достықты ту еткен іс-шаралар керуені бағытымен аталған ауылды аймақтарда әлеуметтік және этносаралық ахуалды зерделеді.

Аталған мекеме үйлестіруімен ҚХА құрылымдары – Медиация кабинеті, Ақсақалдар, Аналар кеңестері, «Ассамблея жастары» РҚБ активтерінің атсалысуымен жергілікті тұрғындармен дебатты кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесу барысында этнос жастарына, ауыл тұрғындарына нақтырақ айтқанда, өңірдегі этносаралық тұрақтылықты сақтау, ксенофобия – этносаралық алауыздық, «араздық тілін» болдырмау, мемлекеттік туды қолдану шектеулігі мен мемлекеттік рәміздерді қадір тұту, қоғамда жалған ақпарат таратуға жол бермеу, т.т.,келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, «Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің бас сарапшысы Аққу Қаратаеваның жетекшілігімен бөлім қызметкерлері Дихан Талғатов, Рахат Ерхан ауыл жастарына, мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, Менің Қазақстаным» атты тимбилдинг, Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің отырысын өткізді.

Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева жергілікті медиаторлардың тұрғындармен басқосуына себепші болды.

Сонымен қатар, Тараз қалалық Достық үйі көрме залының жетекшісі Вера Майковичтің үйлестіруімен жасөспірімдер мен жас суретшілер арасында «Бірлік – әралуандылықта» байқауы өтті.

Бұдан бөлек, «Ғылыми-сараптамалық қолдау» бөлімінің сарапшылары Ербол Қаншымбеков пен Рианна Жалпанова Қордай ауданының Степной, Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінің тұрғындарына арналған әлеуметтік зерттеулер және сауалнама жүргізді.

Бұған қоса, «Көпшілік-мәдени іс-шараларды іске асыру» бөлімінің жетекшісі Біржан Үксикбаевтың жетекшілігімен этномәдени бірлестіктер жастары арасында түрлі спартакиадалық ойындар және Қордай аудандық этномәдени бірлестіктері шығармашылық топтары арасында «Өнерім саған, Қазақстан!» атты патриоттық әндер фестивалі өткізілді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

КЕРУЕН АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМА – ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН АНАЛАР КЕҢЕСІ

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы аясында ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданының Мәдениет үйінде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің активтері, Қордай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы мен белсенді мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімі, құқық қорғау органы қызметкерлері, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ, Қаракемер, Ауқатты, Қарасу, Сортөбе, Масаншы ауылдары Аналар кеңесінің жетекшілері және өңірлік ҚХА медиаторлары, барлығы 10 ауылдық округтің кеңес мүшелері қатысқан аудандық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыстың модераторы болып «Қоғамдық келісім» КММ басшысы – Мүбәрак Касымқызы іс-шараны өзі бастап кетті.

Жиын барысында аудандық Аналар кеңесінің – білім беру ұйымдарымен тығыз байланысы, мектеп, бала-бақша ата-аналарымен жұмысты күшейту, аудандағы дағдарыс орталығы психолог-мамандарымен байланысы, қыздар арасындағы ерте тұрмыс құру, ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, этнос әйелдерін қоғамдық-мәдени шараларға тарту, оларды әлеуметтендіру және мемлекеттік тілді меңгеруді қолға алу, тіл үйренудің тиімді жолдары талқыланды.

Мемлекеттік тілді жылдам үйрену әдіс-тәсілдері бойынша Сортөбе ауылы Аналар кеңесінің озық тәжірибелері аталып өтті. Мәселен, дүнген этносының өкілі Салима Вансильван жаз бойы жазғы демалыста балаларын қазақ отбасына жіберетіндігін сөз етіп, тілді тез үйренудің бір қарапайым жолымен бөлісті.

Сонымен бірге, сөз сөйлегендер қатарында Жамбыл облысы Полиция департаментінің «ЖПҚБ әйелдерді зорлық -зомбылықтан қорғау» тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжиханова тарапынан «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында сөз қозғалып, жиналған аналарға осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерге түсініктеме беріп, зардап шегуші болған жағдайда сенім телефондарына хабарласу мүмкіндігін пайдалануға және жалпы еліміздегі әрбір ананың құқықты сауатты болуы жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Бұған қоса, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, қолайсыз отбасыларында балаға қысым жасап, қол жұмсап, баланы келеңсіз жағдайға душар еткен ата-аналарға шара қолдану, жапа шеккендерге психологиялық, әлеуметтік көмек беру тақырыбына кең көлемде тоқталды. Осы тұста Тараз қаласынан арнайы барған облыстық ҚХА медиаторы Ирина Федорова мен «Қоғамдық келісім» мекемесінде орналасқан ҚХА Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева да этностар үшін Қазақстанда барлық мүмкіндіктер жасалғандығын тілге тиек етті.

Жиын соңында шараның модераторы, мекеме басшысы Мүбәрак Қасымқызы ҚХА Аналар кеңесімен кеңесе жұмыс атқарған Қордай ауданының белсенді аналарына естелік сыйлықтар тарту етіп, алғысхаттармен марапаттады. Жиын көңілді фотосессиямен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі

Президентіміз креативті индустрия төңірегінде ой өрбітті

Бүгін, Мемлекет басшысы экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыттар – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия жөнінде өз жаңа Жолдауында басымырақ айта түсті.

Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналатынына терең тоқталып, сонымен қатар, креативті экономиканың дарынды жастар мен шығармашыл адамдарды өзіне тартатын, өсіріп дамытатын мега қалалардың дамуы осы креативтілікке қатысты екенін атап өтті.

Қазақстанда бұл креативті индустрияның дамымағандығын және ішкі өнімді өндірудегі жұмыспен қамту саласының төмен екенін де жасырмады.

“Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.

Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет”, дей келе, Ел басшысы креативті индустрия ұйымдары барлық облыс орталығында болуға тиіс екендігін баса айтты.

Халыққа пайдасы бар ірі жобаларды іске асырып, отандық өнімдерді коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керектігін де атап өтті.

Мәселен, креативті индустрия Қытай, Ұлыбритания, Жапония мен АҚШ, Германия сияқты елдерде қарқынды дамып кеткен. Ресей де олардан қалыс қалмайды. Ал Қазақстанымызда кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмаймыз және үкіметтен қаржылай көмек те ала алмаймыз.

Президент Қ.Тоқаев осыған орай жас кәсіпкерлерге және дарынды жандарға қолдау көрсетуге арналған қолайлы креативті шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажеттігін де алдағы маңызды міндеттердің қатарына қосты.

Жамбыл облыстық “Ассамблея жастары” РҚБ төрайымы Хамида Тұрдыева