Тәжік бірлестігінің Аналары Наурыз мерекесін атап өтті

Түркі халықтарының ортақ мерекесі Наурыз үстінде, үстіміздегі жылдың 21-наурызында  өңірлік ассамблеяның Тәжік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Гульхумор (Лола) Давлатова бастаған аналар кеңесі Наурыз мерекесін қаламыздың Құлжабаева көшесінде атап өтті.

Іс-шараға облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері, өнерпаз жастары, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова мен  «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығының тілшілері қатысты. Осы тұста ерекше атап өтерлік жайт – Алматы қаласының Тәжіктер консулдықтарынан 4 адам қатысты және Аналар кеңесінен  6 адам қонақ боп келді.

Өз кезегінде, жиылған аз ғана қауымға Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен, тәжіктердің өздерінің салт-ғұрыптары бойынша  «С» әрпінен басталатын жеті тағам және «Ш» әрпінен басталатын жеті тағам қойылған кең дастархан жайылды, Мәселен, ол тағамдарға: сипанд, шәрбәт, самбур, шалғам, синжи, ширбинч, шируган, т.б. жатады.

Сондай-ақ, алыстан келген қонақтарға өңірлік тәжік халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен сыр шертетін кішігірім көрме ұйымдастырылды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде Тәжікстанның түрлі аймақтарынан келген тәжік этносының ұлттық киімдері, кестеленген дастархан жапқыштары, шимен тоқылған қамқа кілемдері, ұлттық жәдігерлері, қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдары, жібек жіппен тігілген көрпе-жастықтары, сонымен бірге, ұлттық аспаптары да жұртшылықтың назарын өздеріне аудармай қоймады.

Жиналған қауымға ең бірінші болып қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.   Ұлттық брендімізге айналған құрт, ірімшік, бауырсақ, талқан, сүзбе, жент, қатық сияқты қасиетті 7 тағам тәжік дастарханының төрінен орын алды. Сонымен қатар, түркі халықтарының жаңа жылының басты нышаны болып табылатын сумаляк» тағамынан дәм таттырылды.

Сонымен бірге, аналардың бас қосуының  ең қызықты сәті – білмегендерге, бірнеше түркі тектес халықтарға – өзбек, тәжік, т.б. ортақ   «сумаляктың» дайындалу  рәсімі мен тағамның кішігірім тарихымен Лола Давлатова таныстыра кетті: – Наурыз мейрамы – барша түркі халықтары үшін, оған қоса, Қазақстанда тұратын түркі этнос өкілдері үшін де басты мереке. Тәжік этносы үшін бұл мейрам «сумаляк» тағамын дайындаумен ерекшеленеді. Ежелгі уақытта сумаляк көктемгі егіс басталғанға дейін дайындалатын салттық тағам ретінде ұсынылған. Ол ұнтақталған бидай дәндерінен дайындалады, одан соң ұн араластырылып, қазандықтағы мақта майында 20-24 сағат бойы қайнатылады. Бұл тағам адамдарға күш-жігер беріп, рухани азықты болуға зор пайдасын тигізеді деген наным бар. Бұл енді халықтың байырғы заманнан келе жатқан сенім-ниеті, бұл да бір тәжік халқының салт-дәстүріне жатады. Атап өтейік, Тәжік этномәдени бірлестігі облыста этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға өз деңгейінде қатысатындықтан, бұл бас қосу – халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері анық. Бүгінгі іс-шараға бір адамдай атсалысып, алыстан ат арытып келген Елшіні күтіп алған тәжік бауырластарға рахметімді айтамын. Наурыз баршамызға құт-береке әкелсін! – деп өз сөзін аяқтады.

Сондай-ақ, осы тұста айта кетейік, аталмыш тағамға дайындау сәтінде кішкене тастар қосылады екен, олар қазанның түбіндегі тағамның түбін күйдіріп алу қаупінен сақтану үшін қолданылады. Сіз егер, осындай тасты тамақтану кезінде ыдысыңыздан тауып алсаңыз, онда жасырын тілек жасауыңыз керек және ол міндетті түрде орындалады деген сенім бар тәжік халқында. Осыған қоса, «Сумалякты» дайындау барысында аталмыш асты қыз-келіншектер бір дауыста әндерін шырқай, билерін билей жүріп, бір-бірімен әзілдесе, көңілді жүріп пісіру керек деп саналады. Салқындағаннан кейін «сумаляк» толы ыдыс дастарханға қойылады. Тағамның  «ұраны» – қыстан аман-есен шығуға тәубе, шүкірлік ету және  астықтың мол болуына тілектестік.

 

Жамбыл облысы әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім»КММ Баспасөз қызметі  орталығы

Наурыз-көктемнің ерекше мерекесі, жаңарудың, күн мен түннің теңелу күні

Наурыз-көктемнің ерекше мерекесі, жаңарудың, күн мен түннің теңелу күні. Бұл күні бүкіл әлем, табиғат және адамдар жаңару мен жылулыққа бөленеді, қуанады.  Осынау ұлы Әз-Наурыз мерекесінде барлық қазақстандықтарға  таусылмас молшылық пен ұзағынан сүйіндірерлік қуаныш тілеймін!

Көктемнің келуімен жаңарған  Қазақстан жаңғыру жолында  халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, ерен бақытқа есік ашылсын. Наурыз мейрамы ежелгі мерекесі біздің заманауи қоғамымызбен  үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарды. Наурыз – барша түркітектес халықтардың  ұлттық сана-сезімін шабыттандырып, мерейін үстем ететін құбылыстардың бірі. Наурыз мерекесін тек түркі тілдес халықтар ғана емес, Отанымыз Қазақстанда мекендейтін барлық ұлт өкілдері, славяндықтар да қуана бірге қарсы алысып, Қазақ бастаған түркілердің ұлттық тағамдарынан дәм татып, салт-дәстүрі мен өнерлерін тамашалап, бір үйдің баласындай бірге мерекелейді. Осы тұтастығымызға, ләйім, нұқсан келмесін! Наурыз құтты болғай!

 Асабали Пойлиев Жамбыл облыстық «Хазар» әзірбайжандар этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі

Қазақстанда тұратын түрлі этностың әрбір өкілі Жаңа Қазақстанымызды дамыту

Қазақстанда тұратын түрлі этностың әрбір өкілі Жаңа Қазақстанымызды дамыту, көтеру жолында Отанымыздың гүлденуіне өз үлесін қосуды бастап кетті. Тағдырдың тәлкегімен қазақ халқы әрбір этностың қалыптасуына көмек көрсетсе, ал әр этнос өкілдері  қазақ бауырына басқан қайырлы күндерді ешқашан ұмытпаған. Осындай ауызбіршілігі бар елдің болашағы көркем, мейрамы бір. Біз жыл сайын «Наурыз» мерекесін қуанышпен атап өтеміз. «Наурыз мейрамы» қарсаңында ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестік  өкілдері әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларына, облыс, қала тұрғындарына қайырымдылық акцияларын өткізіп, соңынан мерекелейміз.

Осы берекелі жерде өмір сүріп жатқан барлық этностар өздерін біртұтас халықтың және тең құқықты Қазақстанның азаматы ретінде сезінеді. Мен «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының төрайымы ретінде Қазақстан- Отанымызда тұрып жатқан балаларымыз бен немерелеріміздің  болашағына алаңдамаймын.  Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын, қазақстандықтар мен жамбылдықтар!

Жамбыл облыстық «Вынхуа»  дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрайымы Айша Люшировна Идыбо

 

Қайырлы Қазақ елі!

Құрметті қазақстандықтар мен жамбылдықтар! Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Наурыз – ежелгі және қастерлі де Шығыс мерекесінің рухын жеткізетін мейрам. Табиғаттың қысқы ұйқыдан оянып, күн мен түннің теңеліп, алғашқы жасыл шөптер шығып,  көктем нағыз салтанатын құратын шағы, адамдар қыстан қиналып шықса да,  әлемнің көктемгі жаңаруын қуанышпен күтетін кезеңі. Бұл олардың  жаңа өмірге, мол өнім алуға, өркендеуге жол ашатын сәті. Осынау бір әдемі шақта сіздерге тілерім – отбастарыңызға денсаулық, амандық, бейбітшілік пен өзара түсіністік! Жер гүлденгендей, сіздердің де бойларыңыз ерекше бір күш-қуатқа ие болсын! Жаңа Қазақстанымызды өркендету жолында бейбітшілік пен тыныштық, бірлік пен ынтымақ қатар жүрсін! Жақындарыңызға амандық, әулеттеріңізге молшылық пен толағай табыстар тілеймін!

Сартиф Алиев Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі, «Барбанг» күрділер этномәдени бірлестігінің төрағасы

Құрметті қазақстандықтар мен Жамбыл облысының тұрғындары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері!  

Сіздерді табиғаттың жаңаруы мен гүлденуін бейнелейтін Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл таңғажайып мереке адамдарды жақындастырады және Біз үшін бұл мейрам бірлік пен достықтың бүкілхалықтық салтанатына айналды.  Сіздерге зор денсаулық, сәттілік, бақыт, махаббат, молшылық, құрмет пен түсіністік, тамаша көңіл-күй тілеймін!

Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасына бейбітшілік пен бірлік тілеймін!

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова

Баршаңызға аян, Қазақстан халқы үшін жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» оңай болған жоқ

Баршаңызға аян,  Қазақстан халқы  үшін  жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы»  оңай болған жоқ. Оқыстан болған қайғылы  қақтығыстан жүректе әлі сызат бар. Жазмышқа озмыш жоқ.  Қазақ жұртының басына қандай қиыншылық түссе де біз шешен, орыс, ұйғыр, өзбек деп ешқашан ұлтқа бөлінбегенбіз. Осы бірлік өз жалғасын табатынына еш күмәнім жоқ. Халқымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі биыл елімізге, әрбір отбасына ерекше  бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкеледі, барлық қиыншылық артта қалады деп сенемін.

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең» демекші әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін мерекелі, берекелі күннің шаағаты жылдан-жылға  жалғасын таба берсін.

Еңсесі биік елімізде елдіктің іргесі сөгілмей,  бірліктің бесігі тербеле берсін. Мерекеден мерекеге басымыз аман, бауырымыз бүтін жетейік, барша қазақстандықтар!

Жамбыл облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов

 Баршаңызды еліміздің ең ұлы мейрамы, адам баласы  мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз-Наурыздың тууымен құттықтаймын!

Күллі  шығыс жұртына ортақ Ұлыстың ұлы күні  Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Аспанда күн мен түннің теңесетін, ырысы мол мереке біздің жан – дүниемізді шуаққа бөлейді, ой – ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз де қажымас еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Қандай қиыншылық болса да біз бірлігіміз барда  ештеңеден сескенбейміз. Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесінде баршаңызды түркі, орыс, неміс демей, халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым – қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт – дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрамда үлкен үлес қосуларыңызды сұраймын.  Наурыз мейрамы күллі жұртшылыққа құт – береке әкелсін. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін!

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі  Мухабат Турдыева

Наурыз мерекесі қарсаңындағы қайырымдылық

Наурыз мерекесі қарсаңында Тараз қаласының Өзбек этномәдени орталығы 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі адамға қайырымдылық түскі асын берді.

– Мейірім, қайырымдылық туралы сөз болғанда, бірінші кезекте мұқтаж жандарды тамақтандыру керек, – дейді Тараз қаласының Өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов.

– Бұл халықтың осал топтары. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға түскі ас беру туралы шешім қабылданды, – деді Ол.

Айта кету керек, Жамбыл облысы ҚХА мүшелерінің жасап жатқан қайырымдылықтары аз емес. Десекте, әлі өз жалғасын табады деп күтілуде.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

2022 жылдың 17 наурызында “Қоғамдық келісім” КММ-де “Сәулет балалар көзімен” атты балалар шығармашылық көрмесі өтті

Көрмеге №40 гимназияның 8-17 жас аралығындағы 34 оқушысы қатысты.

Экспозицияда 36 жұмыс ұсынылған. Олардың барлығы дерлік әр түрлі жанрда және түрлі техникада жасалған. Атап айтсақ, классика – батик, акварель және гуашь, линнерлер, фломастерлерді қолдану арқылы бейнеленген.

Көрмеде көрермендер Максим Хегайдың “Высотка” туындысындағы мегаполистің зәулім үйлерін көрсе, Анна Павлованың ертегі сарайына тәнті болды. Сондай-ақ, көптеген суреттер біздің туған қаламызға арналған.

– Дәстүрлі халықтық мобильді архитектураның үлгісі ретінде Қазақ киіз үйі де шетте қалған жоқ, көрменің басым бөлігі Тараздың сәулет өнері арналған, – дейді “Қоғамдық келісім” КММ көрме залының меңгерушісі Вера Майкович. – Татьяна Вотинцеваның жетекшілігімен мектепшілік бейнелеу өнері үйірмесінің оқушылары орындаған батиктер көрменің сәніне айналды. Балалар басқа елдердің сәулет ескерткіштерін бейнелей отырып, өзге елдердің мәдениетімен кездесуден қызығушылықтары мен эмоцияларын көрсетті.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

БҰЛ ЖОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ АЙРЫҚША

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының кезекті отырысында жасаған Жолдауын тыңдай отырып, жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасымен таныстық. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларға қанықтық.

Президент өз Жолдауында ертеңгі күнге деген сенімді еселей түсетін елеулі өзгерістерге тоқталды. Мұның бәрі де Жаңа Қазақстан құру идеясынан туындайтын міндеттер екенін, сындарлы сәтте оны жүзеге асыруды кешеуілдетпеу керектігін аңғартты.

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», дей келе Мемлекет басшысы сайлау жүйесі жетілдірілетінін, дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керектігін, елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылатынын жеткізді. Сонымен қатар Мәжілістің де құзіреті артатын болды.

«Сенаттың Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын көздейтін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Бұл Мәжіліске заңдар қабылдау құқығы берілетінін білдіреді. Сондай-ақ, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Жолдауда айтылған бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертетіндігіне сенім мол. Президент оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. Лайым, Жаңа Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған жарқын жобалар жүйесі жүзеге ассын деп тілейміз. Бұл тұрғыда бірлесе еңбек етудің маңызы да зор болмақ.

Гулам УМАРОВ,

Жамбыл облыстық қан орталығының директоры,

 облыстық мәслихаттың депутаты