Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз!

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету негізінде ең алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясы осы «Ақ oрамал» республикалық акциясын өткізуге бастама жасаған болатын. Осылайша, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту  және бейбітшілікті қолдау мақсатында «Ақ орамал» акциясы пайда болды.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қоғамның барлық мүшесінің және әрбір азаматының бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына бірдей жауапкершілігін сезінуі,  жаппай қырып-жоятын ядролық және басқа да қару-жарақ түрлерінен бас тарту, баянды бейбітшілік әлемін қалыптастыру, өмірлік іс-әрекет  әдісі ретінде соғыс атаулыны түбірімен жою сияқты  ұсыныстарын іске асыруға  бағытталып, қайта жаңғырып жатқан бұл іс-шараға негізгі қатысушылар Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, жас аналар мен жас жұбайлардан тұрады. 

    Акция неге «ақ орамал» деп аталады? Себебі,  ақ орамалдың қазақ тарихында философиялық мағынасы тереңде жатыр. Мәселен, әйел ана басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастау арқылы жанжалды тоқтата алған.  «Қазақфильм» студиясы түсірген «Қыз Жібек» фильмі естеріңізде ме?! Өзінің ғашығы Төлеген мен жоңғарға қарсы күресте батыр атанған Бекежанның арасындағы жанжалды тарқату үшін араша боп Жібек-қыз ақ орамалын найзаға байлап, екі батырды бір мәмлеге шақырған болатын.

    Акцияның нақты басты мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясына қатыстыру арқылы олардың этносына, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарамай, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру. Сондай-ақ, халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салтын жаңғырту.

Осыған орай, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап, күні бүгінге дейін «Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз!» деген тақырыппен облысымыздың Жамбыл, Қордай, Шу, Талас, Мойынқұм, Жуалы аудандарында және олардың ауылдық округтерінде аталмыш іс-шара ойдағыдай өткізілді. Жас жұбайларға, жастарға үлгілі тәлім-тәрбие беру мен келер ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында жарияланған акция аудандарда жоғары дәрежеде өтті. Әр аудандағы, тіпті шалғай жатқан ауылдарындағы жас отбасылары мен батыр аналарға ақ ормалдар тарту етіліп, бейбітшілік пен тұрақтылық әспеттелді. Қай ауданды алып қарасақ та, бейбіт бастамаларды қолдап, әйелдер қауымы ақ ниеттің символы ретінде ақ орамалды ерекше қастерлеуді өсиет етіп, өскелең ұрпаққа әлем тыныштығы жайлы ойлары мен тәлім-тәрбиелерін ортаға салды.

Сонымен бірге, акция аясында отбасылы жұптар мен перзентханада жатқан аналарға ақ орамал тағылды. Акцияға қатысушы қала және аудан аналары «21 ғасыр  – бейбітшілік ғасыры. Өміріміз тек қана бейбітшілікпен үндесуі қажет, соғысқа, лаңкестікке қарсымыз, біз балаларымыздың болашағына жауаптымыз, сондықтан оларды соғыс туралы ештеңе білмейтіндей етіп, тәрбиелейміз!» деген ұранды ұстанды.

Мәселен, осы акцияға қатысты Қордай ауданында жалпыадамзаттық құндылықтарды, ортақ тарихи сананы нығайтуға және Қазақстандағы барлық этностардың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға бағытталған іс-шара ұйымдастырылса, Жамбыл ауданында  «Ақ орамал» акциясына арқау болған «Жер – бейбітшілік планетасы», «ядролық, химиялық, биологиялық немесе кез-келген басқа да қарусыз әлем үшін», «біз лаңкестікке қарсымыз», «адамзаттың санасында соғыс жойылсын», «соғыстар мен қақтығыстар вирусы жойылсын!», «болашақ ұрпақтың жүрегінде тек ізгілік болсын!» тәрізді тақырыптардың рухани және терең философиялық мәні түсіндірілді. Сондай-ақ, Шу ауданында жалпықазақстандық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы әспеттелсе,  Талас ауданында соғыс батырларына, қуғын-сүргін және ашаршылықтан зардап шеккендерге, лаңкестік құрбандарына қойылған ескерткіштерге тағзым ету дәріптелді. Бұған қоса, Жуалы, Мойынқұм аудандарында  отбасылық мерекелер (некені тіркеу, отбасылық алтын және күміс тойлар, сәбиді перзентханадан шығару және т.б.) кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл тұрғыда елімізге танымал және облысымыздың беткеұстар аналары, Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының келіні – Зейнеп Ахметова, қазақ тілінің жанашыры Асылы Османқызы, облыс ақыны Үміт Битенова, сондай-ақ, Аналар кеңесінің белсенді мүшелерінің ізгі істері паш етіліп,  жалпыұлттық дүниетанымдық құндылықтар мен жалпықазақстандық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы да сөз болды.

Облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапованың айтуынша, ақ түс – пәктіктің белгісі, адамның ойы мен жан-дүниесінің кіршіксіз тазалығын білдіреді. Абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі. – Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ,– деп кеңес басшысы өз ойын білдірді.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Сарыкемерде Ел Президенті Жолдауы талқыланды

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Жамбыл облысы Сарыкемер ауылындағы Қоғамдық келісім орталығы ғимаратында Байзақ аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серік Ермековтің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының 2021 жылғы 01 қыркүйектегі Жолдауын түсіндіру бойынша этномәдени орталық жетекшілері және аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында Ел Президенті Жолдауын талқылауға өзге этнос өкілдері де қатысып өз ойларын ортаға салды.  Мәселен, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мехия Раджамов өз ойымен былай деп бөлісті: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын теледидардан көріп, мұқият тыңдадық.

Жолдауда тәуелсіз еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен алда тұрған басты міндеттер нақтыланып, ең бастысы – ел бірлігін сақтау, бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты нығайтуға үлес қосудың маңызына екпін салынған. Сонымен қатар елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын іске асыру, халықтың әл-ауқатын жақсартудың тетіктері айтылған. Елдің бірлігі бәрінен маңызды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, Ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді»,- деп халқымыз бекер айтпаған.Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте!- деп сөзін түйіндеді.

Жиын соңында Ардагерлер кеңесі мүшелері мен этномәдени бірлестіктер өкілдері халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдауда көрсетілген міндеттерді біртұтас қоғам болып, бірге орындалатындығын талқылап, алдағы уақытта Жолдауға сай бірігіп жасалатын жұмыстарды жоспарлап,  бірауыздан ортақ тілекпен тарқасты.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының тиімділігі

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ғимаратында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасының Байзақ аудандық филиалының директоры, облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі  Нұрбек Жаманқұлов аудан кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Кәсіпкерлер арасында өзге ұлт өкілдері де боды.

Жиын барысында Президенттің биылғы жылғы кезекті Жолдауындағы «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» тәрізді т.б. бағдарламаларының мерзімі ұзартылатыны талқыланып, Ел басшысына сенім артқан шаруашылық  қауым қуаныштарын жасырмады.

Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі  Нұрбек Жаманқұлов: – Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бөлімінде орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды жүйелеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспары және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданғанын атап өткен еді.  Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды, – деп атап көрсете келе, Ел Президентінің  70 мың жұмыс орнының ашылғандығы, өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болғандығы жөнінде көрсеткен сараптамаларына қатысты талқылауға келіп отырған кәсіпкерлердің де ой-пікірлерін тыңдады. Оның айтуынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан және ол 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізген.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының  жалпы еліміздің экономикалық дамуында оң үрдіс бар екеніне тоқталғандығы,  сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағандығы және де бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болатындықтан аталмыш бағдарламаның өте тиімді екенін  палата басшысы Н.Жаманқұлов жиынға қатысушыларға саралап айтып берді. Түсінікті де ұғынықты тұрғыда сәтті өткен Жолдау  талқылауы аудандық кәсіпкерлердің өз бизнес-кәсіпкерлігіне деген сенімдерін одан ары нығайта түсті.

Естеріңізге сала кетейік, әскери бөлімде орын алған жарылыстан Байзақ ауданының 11 бизнес нысаны зардап шеккен болатын. Олардың ішінде дәмхана, дүкендер, автожанармай құю станциясы және автокемпинг бар. Осыған байланысты Жамбыл облысы ӨКП (Өңірлік кәсіпкерлер палатасы) директоры Еркін Атымтаев Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен штабқа кіріп, бизнес-кәсіптері зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек берілетіндігін айтқан. Нәтижесінде, бизнес нысандарын жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төрағасы Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков Ел Президенті Жолдауына байланысты Талас ауданында актив жиын өткізді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 01 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің 2021 жылғы 03 қыркүйектегі № 242-ө өкіміне сәйкес құрылған арнайы ақпараттық топ Талас ауданына келді.

Талас ауданы бойынша топ жетекшісі, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төрағасы Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков Талас ауданы әкімдігінің «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығында аудан активімен кездесті. Актив отырысына зиялы қауым өкілдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, білім, денсаулық сақтау саласының басшылары мен қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Жиынның алғашқы баяндамасын жасаған Махметғали Нұрғалиұлы Жолдауда айтылған негізгі бағыттары мен бастамаларына жеке-жеке тоқталып, өз ойын ортаға салды.

Ел Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін айтып өтті.

Жолдауда айтылған барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп берді.

Сондай-ақ, Махметғали Нұрғалиұлы індеттің таралу қарқыны әлі де бәсеңсімегенін, сондықтан аудан тұрғындарына вакцинациялауға немқұрайлы қарауға болмайтынын жеткізді.

Топ жетекшісінен кейін сөз кезегі Талас ауданының құрметті азаматы, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлына берілді. Ел бірлігін, ауыз біршілікті арттыруда, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауда зиялы қауымға артылар сенім салмақты екенін тілге тиек етіп, бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.

Актив жиынында аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Рысқұлбекұлы Садубаев Жолдау тармақтары бойынша өз ойын ортаға салып, елімізде жүзеге асырылып жатқан жарқын жобалар мен бағдарламалардың арқасында аудан тұрғындарының өзекті мәселелері шешіліп жатқандығын және оның барлығы мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың сындарлы саясатының арқасы деп білемін деп өз сөзін түйіндеді.

Жиынды  қорытындылай келе, топ жетекшісі Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков аудан басшылығына Жолдаудан туындаған міндеттерді орындауда нақты жүйелі жұмыстар жасау қажеттілігін атап өтті.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығы

Қордайда «Достық негізі – бірлікте» атты этнофестиваль өтті

Қазақстанның даму, өсу, өркендеу, жолындағы бағыттарының бірі -қоғамдық келісім, этносаралық қарым қатынас мәдениеттің жоғары деңгейі екені даусыз. Осы орайда, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ағымдағы жылдың 9-қыркүйегінде түрлі этностар арасында достық, ынтымақтастық, бірлікті нығайту, насихаттау  мақсатында Жамбыл облысы Қордай аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының  «Қоғамдық келісім» КММ филиалының және аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Достық негізі – бірлікте» атты   концерттік бағдарлама мен көрмеден тұратын этнофестиваль өтті. Мәдениет үйінің фойесінде өткізілген көрмеде әр этностың ұлттық тағамдары мен қолөнері жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, іс-шарада әрбір ұлттың халықтық музыка аспаптары мен ұлттық нышандағы ән-әуендері аудан тұғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осыған қоса, «Коре» этномәдени бірлестігінің  өкілі Ким Тимур  Жамбыл Жабаевтың «Қайта келген жастық шақ» өлеңін оқып, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіре орындады. Халықтық «Соседушки» фольклорлық ансамблі «Вальстің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында»,  Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әндерін әуелете шырқап, «Севинч» ансамблі әзірбайжан халық әні «Чагыр гальсынды» орындап, бағдарламаны Ержан Серікбаевтың «Достарым» әнімен жалғастырды. Әрқарай, түрлі шығармашылық өнер байқауларының жүлдегері Татьяна Савченко Абайдың әні «Желсіз түнде жарық айды» орындаса, Людмила Калашникова мен Марина Гончарова  «Айналдым елім» әнімен көрерменнің жүрегіне жол тартты.

Бағдарлама жүргізушілерінің ұсынысымен  сахна төріне шыққан, тілі бөлек болса да, тілегі бір апалы-сіңлілі Света және Полина Шевченколар Абайдың күйі «Торжорғаны», ал Алина Айтиева  Бақтыбайдың композициясы  «Әуенді»  әсерлі сезіммен  орындап берді.  Бұған қоса, дүнген ұлтының өкілі Сава Хаким ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Жаса Қазақстан» әнін көпшілікке тарту етті. Концерттік бағдарламада халықтық «Аққу» би  ансамблінің «Достық» сюитасы, халықтық «Чунтян» ән-би ансамблінің «Вдохновение» биі, Станислав Насыров пен Светлана Османовалардың орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың  «Кешікпей келем деп ең» әні киелі Қордай жерін думанға бөледі.

Кеш соңы концерттік бағдарламаның барлық шығармашылық тобы – қатысушыларының орындауында композитор Ескендір Хасанғалиевтің достық пен бірліктің символына айналған «Атамекен»  әнімен аяқталды.

Ауданның мәдени-рухани өміріне белсене араласып, этнофестивальда өнер көрсеткен барлық қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

Баспасөз қызметі орталығы

Қайырымдылық ұлт талғамайды

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының түрлі форматта ұйымдастыратын қайырымдылық шараларының маңызы өте зор.           Қайырымды тірлікке ұмтылған этнос өкілдері біріншіден, Байзақ ауданында болған жарылыстан зардап шеккен жандарға қолда барын аямай атсалысуда.

Сын сағатта көмек қолын созуға  Жамбыл облысы ҚХА мүшелері де ниет білдірді. «Қазаны басқаның қайғысы басқа» демей, қабырғасы қайысқан жұртқа көмек қолын созып жатқан халық аз емес. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылындағы дүнген этносының өкілдері Қайнар ауылындағы жарылыс салдарынан қираған үй-жайларды қалпына келтіріп жатқан әскери азаматтар мен жұмысшыларға, барлығы 150 адамға түскі ас ұйымдастырды.

Сондай-ақ, жақындарынан, үйлерінен айрылып, қиын жағдайға душар болған жандарға көңіл айта отырып, Полаткосшы ауылдық округінің Жалпақтөбе ауылының имамы Рахматулла Каримовтың бастауымен  «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мүшелері мен мешіт қызметкерлерінің  атынан азық-түлік түрінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтсақ, 5 мың тоннадан аса (110 қап) картоп, 5 тонна (135 қап) пияз бөлу шамасында қайырымдылық танытып,  жергілікті жұртқа қолдау білдірді.

Бұған қоса, Шу ауданы Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, облыстық ассамблея меценаты  Никон Ким де игі іс жасаудан қапы қалмады. «Биылғы жылы 3 мектептің жөндеуді қалап тұрған сынып бөлмелеріне пластикалық есіктер қою үшін және мектеп маңайын қалпына келтіру жұмыстарына – 420 000 теңге қаржы бөлдім. Бұдан бөлек,алғаш мектеп табалдырығын аттаған 25 бүлдіршінді 560 000 теңгеге сөмкелер және  оқу құралдарымен қамтамасыз еттім. Сондай-ақ,  380 000 теңгеге ата-анасыз қалаған жетім өскіншектерге пәтер алып бердім. Осыған қоса, жалғызбасты  зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған  отбасыларына отын-көмірдей, азық-түліктей, барлығы – 600 000 теңге көлеміндегі қаржыға қайырымдылық жасадық, – деп аяқтады сөзін Никон Маркович.

Жығылғанды тұрғызып, сүрінгенді қолтығынан демеу әрбір азаматтың парызы. Мұндай азаматтардың қатарында Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген қайраткер, ҚХА мүшесі  Исмазов Руслан Бакировичті ерекше атап өтпеу мүмкін емес. Сонымен бірге, қалалық №34-мектептің басшысы Динара Хатамқызы Нұралиева да ел басына күн туғанда отандастарымыздың жанынан табыла білетін этнос өкілдерінің бірі. Облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының  бұл өкілдерінің айтылмаған қайырымды істерінен бөлек айтылып жасалған игі істерінің біріне  тоқталсақ, Руслан Бакирұлы мен Динара Хатамқызы аталған №34-мектептің 30-дан астам бастауыш  сынып оқушыларына 300 000 теңгенің көлемінде мектепке қажетті – сөмкелер, оқу құралдары,  мектеп формалары таратылды.  Мұндай қайырымды істер қашанда бірлікті нығайта түсері сөзсіз.

Асыл қасиеттерден ада қалмаған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің көрсеткен көмегі байзақтықтардың қайғысын ұмыттырмаса да, жүректеріне сенім ұялатарына сенеміз.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, осындай қысылтаяң сәтте қолғабыс етіп жатқан өңірлік ассамблеяның этномәдени бірлестік өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз!

Аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері зардап шеккендерге көмек көрсетуден бас тартқан емес ешқашан.  Әрдайым белсенді жұмыс жүргізе жөнеледі. Себебі, қайырымдылық ұлт талғамайды!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

 

Облыстың этномәдени бірлестіктері «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылық жасады

Қайырымдылық жасаудың үздік модулін қалыптастырып отырған Қазақстан қоғамында игі іс-қимылдары ассамблеялықтар  арқылы да жандана түсуде.

Қайырымдылық  шаралары Ассамблеяның жұмыс бағыттарының бірі деп танылғаннан  Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру, жалпы  қазақстандықтардың, олардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейту мақсатында түрлі іс-шаралар облысымызда ұйымдастырылып жатады.

Солардың бірі – «Мектепке жол» акциясы.  Аталмыш акция арқасында облысымыздың түкпір-түкпірінде мыңдаған көмекке мұқтаж балалар мектеп оқу-құралдарымен жабдықталып, мейірімге бөленді.

Акция аясында Жамбыл аудандық жеке кәсіпкер, «Вынхуа» этномәдени бірлестік өкілі Шарипов Абдумәлік Тоқтасынович пен Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген қайраткер, ҚХА мүшесі – Исмазов Руслан Бакирович екеуі 780 000 теңге көлемінде 52 оқушыға кеңсе тауарларын, 9 сөмке, оған қоса, мектеп киімін сатып алып, 30 балаға таратты.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрайымы Идыбо Айша Люшировнаның ұйымдастыруының арқасында Қордай ауданының балаларына әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасы балаларына  Білім күніне қатысты 300 000 теңгеге қайырымдылық көмек жасалды.

Осыған қоса, «Мектепке жол» акциясы аясында Мойынқұм ауданы «Барбанг» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Аслан Камалұлы Давыдовтың бастамасымен де өзге ұлт өкілдері шоғырланған 6 елді мекенге (Мойынқұм, Мирный, Бірлік, Ақсүйек, Шығанақ, Кеңес) 7 отбасыға арнап 7-15 жас аралығындағы 9 оқушыға арнап 200 000 теңгеге ауданның жеке кәсіпкерлері мектепке арналған қажетті киім-кешектерін, оқу құралдарын алып берді.

Негізінен қайырымдылықтың даму деңгейі елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық өркендеу дәрежесіне тікелей байланысты. Халықтың әл-ауқат деңгейі жоғары, бизнес секторы мықты және тұрақты болған сайын, қайырымдылық қызметінің қалыптасуына және дамуына тиімді жағдай болатынын байқаймыз.

Сондықтан, қоғамды ізгілендіре түсетін қайырымдылық істері облысымызда барша ұлт өкілдерімен жаңа мәнге ие болып, жандана беретініне сенеміз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады..

Кең байтақ Қазақ елінде ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Мұның бәрі де ұзақ мерзімді стратегиямен сабақтасқан сара саясаттың жемісі. Шүкір, өткеніміз өнегелі, бүгініміз берекелі. Ауызбіршілік болса, әлі талай белестерді бағындырамыз. Ұрпақтар сабақтастығы да осылай жалғаса береді. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев жырға қосқандай, “Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады”… Аға буынға қарап біз өстік. Енді біздің де ізімізбен жалынды жастар шоғыры қалыптасып келе жатыр. Бүгін Халықаралық Тараз инновациялық институтының қабырғасында Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткен “Бір Отан, бір Тіл- Тәуелсіз Қазақстан” атты этнос жастарының кездесуінде осындай ой түйдім. Осы орайда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен оның қолданыс аясын кеңейту бағытында үлкен жұмыс атқарып жүрген Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Турмаханбетова Рахия Сейтбековнаға риясыз алғысымды білдіремін.

Елбасымыз айтқандай, “Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде”. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы да жылдан жылға артып келеді. Сондықтан да төл рәміздерімізге қалай құрметпен қарасақ, мемлекеттік тілді де солай қастерлеуіміз керек. Пайым-парасатпен өрілген кешегі басқосудың берері мол болды деп ойлаймын.

Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің

мүшесі, облыстық қан орталығының директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты

Таразда мемлекеттік тілде ашық диктант өткізілді

Бүгінгі тіл мерекесіне орай, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында мемлекеттік тілде ашық диктант өткізілді.

Жоба этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және мектеп оқушылары мен студенттердің мемлекеттік тілді меңгеруі мен олардың ұлттық құндылықтарды сіңіруіне бағытталған.

Облыс бойынша өткізіліп жатқан диктантқа этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, сондай-ақ, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Облыстық ассамблеяның игі іс-қимылдарының бірі ретінде алдағы уақытта бұл жоба да дәстүрлі түрде өз жалғасын таппақ.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

“Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Мен сүйетін ең керемет сөз – «айналайын» сөзі

Ана тілің, арың бұл

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазақ тілін жанындай сүйетін, аса қастерлейтін, мемлекеттік тілім деп жауапкершілігін сезіне білетін Ұйғыр ұлтының қызы мен – Мухаббатпын!  Қазақ жеріндегі 140-тан астам ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астында жинап, бейбіт өмір сыйлап, өсіп-өркендеп қанат жаюына бар мүмкіншілікті жасаған Елбасы мен өзінің халыққа деген 3-Жолдауында мемлекеттік тілдің қадірін білуге шақырған ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мың алғыс айтқым келеді.

Жері кең, елі бай, қазба-байлықтары мол, әсем қалалары алыстан көз тартатын, табиғаты сұлу, дархан пейілді қазақ жерінде туып өскенім үшін шын бақыттымын! Қазақ тілінің ерекшелігі, ондағы кей сөздер әлемнің ешбір тіліне аударылмайтын, аударған күннің өзінде мағынасы дәл қазақ тіліндегідей болмайтын ғажап сөздері бар ерекше тіл. Мен сүйетін ең керемет сөз ол – “айналайын” сөзі. Әке-шешем маңдайымнан иіскеп, “айналайын” дегенде өзімді әлемдегі ең бақытты бала сезінетінмін.

Қазақ тілі – шексіз бай, шұрайлы, рухани таза, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, мәңгілік елдің, мәңгілік тілі!

Мухаббат Алеханова,

Жамбыл облыстық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі,

облыстық “Jambyl.tv” телеарнасының қызметкері