Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 29 сессиясы өткелі отыр. Ол қызметі мен жасап жатқан жұмысы бір-біріне ұқсамайтын, алайда, қоғамымыз үшін маңызы зор көптеген кеңестер мен орталықтарды, этномәдени бірлестіктерді біріктіріп отыр. Осынау қоғамдық институт құрылғалы бері мыңдаған келелі мәселелердің шешілуіне мұрындық болған істер өте көп. Ассамблея мемлекеттік тілді дамытуға да, медиацияны өркендетуге де, қайырымдылықты жандандыруға да, тіпті, қоғамдағы ірілі-ұсақты мәселелерді шешуге де көшбасшы болып келеді. Ассамблеяға артылған қай міндет болмасын, еліміздің біртұтастығына ықпал етіп отыр деуге болады.
Қазіргі уақытта бүкіл республика көлемінде 2000-ға жуық қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Ассамблеяның негізгі қызметін атқарып отырған Қоғамдық келісім кеңестері бүгінде қоғамда болып жатқан келеңсіз мәселелерді талқыға салып, нақты ұсыныстармен шешілу жолдарын қарастырып келеді.
Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері де қоғамда беделі бар, айтары нақты, сөзі өтімді тұлғалардан сайланады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық келісім кеңестері Ассамблея жанынан құрылып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен бірге қызмет етуде. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерінің Қоғамдық келісім кеңестерімен санасатынын да байқап отырмыз. Демек, бұл Кеңестердің айтары барын, халық атынан сөйлеуде, салмақты ой айтуда орны бөлек, беделінің артып келе жатқанын аңғартады.
Осы орайда, біз бүгін Ассамблея жанынан құрылған облыстық және аудандық Қоғамдық келісім кеңестерінің атқарған жұмыстарына тоқталуды жөн көрдік.
Жамбыл облысында пандемия кезінде қоғамдық келісім кеңестерінің атқарған жұмысы жайлы айтар болсақ, Жамбыл облысында 1 облыстық, 10 аудандық, 3 қалалық, 154 ауылдық округтер мен 13 ірі мекемелерде барлығы 181 ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері құрылып, жұмыс жүргізілуде.
Достық үйінде облыстық Қоғамдық кеңес және ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі мен Аналар кеңесі бірлесуімен құрылған 4 топ «Бірыңғай ашық есік күні» аясында тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша қабылдаулар жүргізді. Атап айтқанда, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен және ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, газдандыру, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үйлер салу үшін жер беру, аялдамалар салу, көп балалы, жағдайы төмен, жас отбасыларға материалдық, әлеуметтік көмек беру, аймақтарды абаттандыру бойынша, мектептер үшін кітаптар сатып алу, елді-мекендегі тұрғындардың қауіпсіздігі, жеке меншіктің жиі ұрлануына байланысты мәселелер, тұрғын үй, қайырымдылық жұмыстары бойынша қарияларға көмек көрсету, өрттен зардап шеккендерге үйді жөндеуге қаржылық көмек көрсету бойынша мәселелер шешімін тапты.
Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласындағы даулардың алдын-алу барысында бизнесті заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалау қаупінен қорғау, қалада инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтердің тарифтік саясатын жүргізу, ауылдардағы емханалар, кәсіпкерлікті қолдау және заңсыз тексерулерден қорғау бойынша және жанжал жағдайларының алдын-алу, дауларды медиация қағидаттарын қолдана отырып шешу бойынша түйіткілді мәселелер шешімін тапты.
Қазіргі уақытта қоғамдағы тұрақтылыққа аса зор назар аударып отырған Қоғамдық келісім кеңестері Үкімет пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналғаны уақыт ақиқаты. Жасыратыны жоқ, Қордай ауданында орын алған келеңсіз жағдай, бәрімізге – үлкен сабақ болды. Ендігі міндет – осындай жағдайға жол бермеу болып табылады.
Сондықтан да, Қордай оқиғаларынан кейін ауданда бірлескен Қоғамдық келісім кеңесі қайта құрылып, оның құрамына өз ортасында беделді және көпшілікке айтары мол, өмірлік бай тәжірибесі бар қоғамдық пікір жетекшілері енді. Бұл құрылымның тиімділігі республикалық деңгейде атап өтілді.
Қазіргі таңда, Қордай, Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарында 8 бірлескен Қоғамдық келісім кеңестері құрылып, жаңа бағытта жұмыс атқаруды белсенді қолға алды. Бірлескен қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелеріне, ардагерлер кеңесі, мектеп директорлары, ауыл ақсақалдары, этномәдени бірлестіктері, зиялы қауым өкілдері, мешіт имамдары енгізілді.
Бұл жұмыс облыстың басқа аудандарында да жүзеге асырылатын болады.
Жамбыл облысының Сарысу, Талас, Байзақ және Меркі аудандарында ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» аясында облыстық қоғамдық келісім кеңесінің «Жергілікті атқарушы билік органдары мен қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимылы» тақырыбында көшпелі отырыстары өтіп, онда инфрақұрылымын жақсартуға, мемлекеттік және ана тілдерін әрі қарай терең меңгеру мақсатында жасы келген кісілерді қамту, жайылымдық жер, ұлттық кәсіп- қолөнерді жаңғырту жөнінде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Жамбыл облысының Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарында тиісті сала мамандары аудан тұрғындарымен кездесіп, аймақ тұрғындарының мәселелерін нақты шешім табуға бағытталған. Облыс аудандарында халықты толғандыратын мәселелерді анықтауға, өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 55 іс-шара, әлеуметтік сауалнама өткізілді. Нәтижесінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жіберілді. Кездесу барысында жастар арасындағы жұмыссыздық, спорт және мәдени кешендердің жоқтығы, интернет күшінің төмендігі, азық-түлік бағасының жоғарылығы және этникалық белгісі бойынша қысым көрсету сынды мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің кеңейтілген отырыстары өтіп, аудандағы ауыл жастарының құқықтық сауатын арттыру, патриоттық сезімдерін ояту, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге тарту, діни ұйымдар жұмысын қадағалау, білім алуға этнос балаларының толық қамтылуы, этнос жастарының мемлекеттік тілді меңгеруі сияқты бірқатар мәселелер көтерілді.
Алдағы уақытта да облыс халқы пен жергілікті қоғамдық басқару орындары арасында дұрыс байланысты қамтамасыз етіп, тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілікті, реформалар бағдарламасын орындауда, бірлік пен келісімді нығайтуда қоғамдық келісім кеңесінің рөлі жоғары боларына сеніміміз мол!
Жамбыл облысы әкімдігінің білім
басқармасы оқу-әдістемелік кабинеті
басшысының орынбасары, облыстық
ҚХА Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы
Тажибаев Бигелді Халилуллаұлы