Таразда ҚХА Журналистер клубының отырысы өтті

Ағымдағы жылдың маусымында Жамбыл облысы ҚХА Журналистер клубының 2021 жылғы алғашқы отырысы өтті. 28-маусым байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған іс-шараға журналистер клубында бекітілген 20-дан астам журналист қатысты.

Жалпы, Журналистер клубы – толеранттылықты нығайтуға, мемлекеттегі этносаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени қауымдастықты сақтауға, журналистік этика қағидаларын сақтауға, дамытуға және енгізуге, сондай-ақ этносаралық тақырыпты жариялау мәселелерінде журналистік қоғамдастықта жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған ұйым.

Жиынға облыстың түпкір-түпкірінен келген журналистер, интернет кеңістігінде жарияланымдар жасаушы блогерлер, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова және Баспасөз қызметі орталығы қызметкерлері қатысты.

Кіл журналистерден құрылған клубтың бүгінгі жиындағы шешімін күтіп тұрған мәселелері 2021 жылы атқарылған жумыстарды сарапқа салу, аймақтық журналистердің «Бір шаңырақ астында» байқауына жолдаған материалдарын талқылау және жеңімпаздарын анықтау болатын.

Күн тәртібіне сай ағымдағы жыл бойынша жазылған материалдар мен телеарна, телерадио және интернет желісіндегі жарияланымдар туралы Журналистер клубының төрағасы Саятхан Сатылғанов сөз сөйледі: «Алдыңғы жылдармен салыстырғанда ақпараттық жарықтандыру дұрыс жолға қойылды. Баспасөз беттерінде де, телеарнада да, интернет ресурстарында да аудитория саны артып, қаралымдар жиналуда. Дегенмен, әлі де ақсап келе жатқан тұстар бар. Бұл, өлмейтін тақырып соңынан шыға алмауымыз. Ассамблея елімізді өзге елдерден оқ бойы озық етіп тұрған бейбітшілік пен тұрақтылық негізін қалаушы бірегей институт. Бұл еліміздің саясаты. Ал, елдің әр игі ісін жарқыратып көрсету біздің басты міндетіміз. Олай болса, құрметті қалам ұстаған қауым әрбір қаузайтын тақырыптарыңызды әбден зерттеп, зерделеп барып жазуларыңзды және мейлінше жаңа, әрі тың тақырыптар табуларыңызды өтінеміз» -деп, ойын ашық жеткізді клуб төрағасы.

Күн тәртібіндегі кезек күттірмей тұрған тағы бір мәселе облыстық «Бір шаңыра астында» байқауына қабылданған материалдарды сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтау болатын. Конкурсқа түскен материалдар мемлекеттік тілде, орыс тілінде және видео, аудио түрінде үш жақты көзқарастық терсеруден өтті. Қазылар құрамында орыс тілді баспасөз беттері бойынша облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Индира Боташова, телеарна-радио саласы бойынша «Jambyl» телерадио корпорациясы басшысының орынбасары Айбол Қарашев және қазақ тілді басылымдар бойынша республикалық «Айқын» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі, облыстық «Арай» газетінің саясат бөлімінің жетекшісі Саятхан Сатылғанов болды.

Қазылар құрамы қабылданған материалдарға жан-жақты талдау жасай келе бірінші дәрежелі орынды республикалық «Казахстанская правда» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Те Михаил Борисұлына, екінші дәрежелі орын «Jambyl» телеарнасының редакторы Аружан Мақсатқызына және үшінші орын облыстық «Ақ жол» газетінің Шу ауданы бойынша меншікті тілшісі Қартайған Ерғали Асхатұлына лайық деп тапты. 30-ға жуық журналист бақ сынасқан бәсекенің қалған қатысушылары түгелдей ынталандыру сыйлығын иеленді.

Жиын соңы қабылданған шешімдер бірауыздан мақұлданып, байқауға қатысушы журналистер қауымын марапаттау рәсіміне шақырумен тәмамдалды.

Тараз қаласында «Бір шаңырақ астында» байқауы өз межесіне жетті

Жамбыл облысы БАҚ қызметкерлері арасында 28-маусым байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, ағымдағы жылдың маусым айында «Бір шаңырақ астында» облыстық байқауы жарияланып, жеңімпаздары анықталды.

Қаламын қасына серік еткен журналистерге арналған байқаудың негізгі мақсаты – этносаралық татулықты насихаттауда мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнына тоқталу, ауызбіршілікті дәріптеу, сонымен қатар ұлттың болмысын аңғартатын дәстүрлердің озық үлгісін көрсету болатын.

Сайысқа республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен жиылған жалпы саны 30-ға жуық үміткердің жұмыстары қабылданды. Байқауға қатысқан журналистер түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы мызғымас бейбітшілікті, еліміздің сындарлы саясатын насихаттаудағы еңбектерімен сынға түсті.

Байқау комиссиясы қарауына ұсынылған материалдар ереже талаптарына сәйкес іріктеліп, үміткерлердің жұмыс істеу тәжірибесі, материалдың маңыздылығы, мазмұндылығы, оны ұсыну тәсілі назарға алынды.

Мәресіне жеткен журналистер клубының марапаттау рәсімі Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедованың алғы сөзімен басталды. Мекеме басшысы журналистерді төл мерекесімен құттықтап, облыстық ассамблеяның жарықтандыру жұмысына сүбелі үлес қосқан БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

Байқау ережесіне сай бәсекеге түскен журналистер жұмысы арнайы бекітілген әділқазылар алқасының шешімімен дәрежелі орындары және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Қорытындыға сай 1-орын, 150 000 теңге ақшалай сыйлыққа республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Михаил Тё, 2-орын, 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа облыстық «Jambyl.tv» телеарнасының редакторы Аружан Махсатқызы, 3-орын, 50 000 теңге сыйлыққа облыстық «Ақжол» газетінің Шу ауданындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған ие болды. 30-ға жуық журналист бақ сынасқан бәсекенің қалған қатысушылары түгелдей қаржылай және ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

Дәстүрге айналған бәсеке келер жылы да өз жалғасын табатын болады.

Іс-шара соңы фотосессиямен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігі

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Мектеп оқушылары Достық үйінде

Өзі елінің ана тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын

білмеген адамды мәдениетті адам деуге келмейді.

Мұхтар Әуезов.

Тәуелсіздік алғаннан бері жаңа Қазақстан өзінің дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдік қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткізіп, алға қарай нық сеніммен ілгерілеп келеді. Болашағымыз – жастар! Жастарға деген сенім жолында біз бар күшімізді аямай қолда барымыз, яғни, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз, салт-дәстүріміз сияқты ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа тиянақты тапсыруды мақсат-міндет етіп, сол жолда аянбай еңбек етудеміз. Жас ұрпақтың санасына ең бастысы – ел тыныштығы мен ынтымағын сақтауды дәріптеп келеміз.

Осыған орай, ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында, Тараз қаласының шетіндегі – «Шөлдала» саяжайында орналасқан №59 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары қаламыздағы сәні мен сәулеті келіскен Достық үйіне саяхат жасады.

Бұл экскурсияның мақсаты – жастардың өз еліне деген мақтанышы арқылы қазақстандық патриотизмді, белсенді өмірлік ұстанымын тәрбиелеу болып табылады. Осыған сәйкес алыстан мен мұндалап тұратын достық пен бірліктің символы – күмбезді Достық үйі мен татулық пен тыныштықтың нышаны – бірегей ассамблея тақырыбына терең қызығушылық танытқан бүлдіршіндер ғимаратқа кіре салысымен айналаға көз тастап қызыға қарап, баспалдақтан баспалдаққа секіріп жоғарыға бірінің артынан бірі жүгіре кетті.

Оларды Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ, әрі Достық үйінің басшысы Парида Мамедованың өзі қарсы алды. Парида Иманжанқызы ғимараттың үшінші қабатында орналасқан дөңгелек үстелге оқушыларды жайғастырып, осы жердегі әрбір орындықтың өзі тарихтан сыр шертетінін айтты: -“Сендер отырған осы орындықтарда Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев, дипломат, елші – Мұрат Әуезов т.б. елімізге ерен еңбегі сіңген ұлы тұлғалар отырған. Сендердің де сол ағаларымыз секілді мықты қайраткерлер, өз елінің жанашыр азаматтары болуларыңа тілектеспін!” – деді Ол. Бұдан соң, жас жеткіншектерге қоғамдық келісім қызметінің қыр-сыры мен облысымызда тұратын түрлі этнос өкілдері туралы айтып берді.

Осыған қоса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасымыздың әділетті саясаты мен жобалары арқылы біздің ірі жетістіктерге жеткеніміз де айтылды. Бұған қоса, ассамблея дегеніміз не, оның атқаратын міндеті қандай, ассамблеяға кімдер мүше бола алады, этнос, этномәдени бірлестік дегеніміз не деген сауалдар төңірегінде де оқушылардың өз деңгейіне қарай кішігірім дәріс берілді. Сондай-ақ, оқушыларға облыстық ассамблеяның арнайы Құрмет тақтасында тұрған еңбегі сіңген этномәдени бірлестік төрағаларының фотосуреттері көрсетіліп, олардың жұмыстары таныстырылды.

Өздеріне бір тың дүние ашып, «ассамблея», «достық үйі» ұғымдарынан хабардар боп шыққан балақайлар қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, «Достық» ордасынан әсерлі көңіл-күймен шықты.

Танымдық экскурсияның соңы көңілді фотосесиямен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#ҚРтәуелсіздігіне30жыл

Қазақстан-Ресей – мәңгілік дос

Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден бастау алады. Қазақта «көршіңмен тату бол!» деген ұлағатты қағида бар. 1992 жылдың 25 мамыры күні достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Бұл – тәуелсіз екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қаты­нас­тар орнаған тарихи күн. Міне, сол айрықша оқиғаның дәлелі – тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз.

Осыған орай, бүгін Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан Достық үйінің алдында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен облыстық «Радонеж» орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан-Ресей – мәңгілік дос» атты концерті өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан бұл іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық қатынастарды нығайту және орыс этносының мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау, төл мәдениетімен таныстыру болатын.

Мерекелік концерттің басы «Радонеж» орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Владимир Сорокиннің жетекшілік етуімен «Калинка» ансамблінің «Вот избушка» әнімен басталып, «Үкілім-ай» би ансамблі бишілерінің қазақ биімен жалғасты. Сондай-ақ, кеште «Ляйсан тамчилары» вокалдық ансамблі, орыс халқының ұлттық аспаптарынан құралған «Русский наигрыш» оркестрі және шығармашылық топтағы Надежда Кадышева, Любовь Юргинцева, Евгений Белоголова, Валентина Туренко, Валентина Матвеева, Ахмат Сарбашев, Александр Крыгин, Лариса Есеналиева, Антонина Беляева өнер көрсетті. Көңілді кеш барысында облыстық «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің әншісі Рузалия Абдуганиеваның орындауындағы «Қазақ елі осындай» әні көрермендердің көнілінен шықты.

Маусым айының жайма-шуақ кештерінің бірінде өткізілген концерт соңы «Калинка» ансамблінің орындауында орыс халқының «Дорога» әнімен және Достық үйінің басшысы Парида Иманжанқызы мен этномәдени бірлестік өкілдерінің құттықтау, алғыс сөздерімен аяқталды.

Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған кеш жамбылдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Екі ел арасындағы байланыстың дами түсуі екі елге де тиімді болатынына толық сенімдіміз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#ҚРтәуелсіздігіне30жыл

Қордайда «Этникалық топтардың құқықтарын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Қордайда «Этникалық топтардың құқықтарын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Үстіміздегі жылдың маусым айында Жамбыл облысының Қордай ауданы Қордай ауылында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедованың ұйымдастыруымен «Этникалық топтардың құқықтарын қорғаудағы қоғам белсенділерінің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгел үстелге Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның басты мақсаты Жамбыл облысында этносаралық және конфессияаралық келісімді күшейту мақсатында атқарылған жұмыстар барысын этномәдени және діни бірлестіктермен бірге талқылап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болып табылады.

Облысымыздың құрметті журналисті, республикаға белгілі БАҚ өкілі Бекет Момынқұловтың модераторлық етуімен өткен дөңгелек үстелде Қордай аудандық Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов ұлтаралық қатынасты жақсарту мақсатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға талдау туралы сөз сөйледі. Спикердің айтуы бойынша, аудандық орталық мешіт қызметкерлерінің ұлтаралық қатынасты жақсарту мақсатындағы атқарған жұмыстары аз емес. Мектептерде қазақ тілінде оқытылатын сыныптардың ашылуы, өзге ұлт өкілдерінің әскерге шақырылуы және ұлтаралық қатынастың жақсартылуы мақсатында әр ауылдың ақсақалдар алқасымен бірлесіп, кестеге сай атқарылып жатқан жұмыс жүйесі тілге тиек етілді.

Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған «Тараз қаласының Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдрахман Зайнутдинов Ассамблея жұмысын жандандыру үшін ең алдымен бала тәрбиесінен бастау керектігін айтты. Абдрахман Юлдашұлы: – «Қоғамдағы бейбітшілікті сақтағымыз келсе балаға сол қоғамда өмір сүру жүйесін үйретуіміз керек. Елімізде тұратын барлық этнос болмасын бір-бірімізге бауыр екенін көрсетуіміз қажет. Ал бауырлардың арасында ешқашан дау тумайды» – деді өз сөзінде.

Дөңгелек үстел барысында «Алға» ауылдық округіне ортақ қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мықтыбек Алтыбай қоғамдық жұмыс белсенділері бірігіп облыс жастарымен кездесіп ұлтаралық қатынасты нығайта түсу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, ұсынысын алға тартты. Сонымен қатар, жиынға қатысқан облыс мәслихатының депутаты Лугмар Буларов этникалық топтар арасында қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттауды ұсынды.

Дөңгелек үстел соңында бұдан өзге де айтылған ұсыныстар талқыға түсіп, ескертулер назарға алынды. – Біз мұнда айтылған дана шешімдердің іс жүзінде орындалуына басты назар аударуымыз керек. Мен бүгін сіздермен бас қосып, осындай ел игілігіне қатысты келелі мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлеріңізді ортаға салған тиімді диалогқа қатысқандарыңызға өте қуаныштымын. Барлықтарыңыздың ара-қатынастарыңызда, отбастарыңызда өзара түсіністік, жайлылық орнап, бір-бірлеріңізге деген сыйластықтық пен толернаттылық сезімдеріңіз арта берсін! – деп іс-шараны қорытындылады Парида Иманжанқызы.

Сондай-ақ, халықаралық қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен өтетін жергілікті қоғам белсенділерінің алдағы жиналысы туралы мәселе қаралды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат

басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#ҚРтәуелсіздігіне30жыл

Концерттік бағдарлама

«1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні».
Балаларды қорғау дегеніміз – әрбір сәбидің тыныштығын қорғау,тәтті ұйқысын бұзбау,алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Осынау айтулы сәтке орай, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыс әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ және «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігі бірлесе отырып «Жеңіс» саябағында концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Концертте облысымыздың атынан түрлі ән байқауынан жүлделі орындармен оралған Іңкәр, Сезім Оңғарлар, Айбар Медетұлы, Томирис Айғанбай, Калмахан Раиша, Нурилла Мұрат, Алмат Жұматай және тағы басқа әншілер мен бишілерден құралған жас жұлдыздар өнер көрсетті.
Балалар бар бақытқа лайықты. Сәбилердің ұйқысы тыныш болсын!
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы

«1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай іс-шара ұйымдастырды

ҚХА Аналар кеңесінің республикалық акциясы аясында облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің аналар кеңесі Байзақ ауданы Бурыл орта мектебінде
Сонымен қатар, мерекелік шара барысында ҚХА меценаты Ж.Аббасов 120 оқушыға тәттілер, сусындар және балмұздақтар таратты. Тосыннан келген базарлық балалардың жүзіне қуаныш пен шаттық ұялатты.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы.

Таразда «ICE CREАM»  PARTY өтті

«ICE CREАM»  PARTY. Бүгін осындай атаумен Жамбыл облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері бүлдіршіндерге тегін балмұздақ таратты.

Жыл сайын «1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесінде балаларға базарлық үлестіретін жалынды жастар биылғы жылы да әдетінен жаңылмады. Бұл игі дәстүрді жылдан жылға жалғай береміз дейді әр этнос өкілдерінен құралған белсенді жастар.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жастары әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, көп балалы отбасылар мен қарттарға, ардагерлерге т.б көмекке мұқтаж түрлі топ өкілдеріне көмек көрсетіп келеді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

 Баспасөз орталығы

Болашақ үшін естелік

Болашақ үшін естелік

31 мамыр – ел үшін тағлымға толы тарихи күн. Айтулы сәтке орай, солақай саясаттың құрбанына айналған, қара халықтың басына түскен қасіретті күнді еске алу шарасының бастауы Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойып, бір сәт үнсіздікпен еске алумен басталды.

Рәсім барысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының тарапынан гүл шоқтарын Рамзан Магомадов, Айгүл Кабиева, Алижан Мулладжанов және Лариса Калькова қойды.

Нәубетті жылдарды еске алу шарасы ары қарай «Достық үйі» ғимаратында өткен  «Болашақ үшін естелік» атты іс-шарасымен жалғасты.

Шараның мақсаты жазықсыз жапа шегіп, «Тар жол тайғақ кешу» кезеңінде  еліміздің егемендігі жолында жанын құрбан еткен азаматтардың рухына тағзым етіп, өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіру болатын.

         Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын деген саясат КСРО құрамындағы бірнеше халықтың жан-жаққа  шашырап, ата-жұрттан жан сауғалап кетуіне  әкеп соқтырды. Дәл сол жылдары Қазақстанға неміс, поляк, кәріс және басқа да ұлттардан миллиондаған  адам күштеп жер аударылды. Қиын кезеңді басынан өткергеніне қарамастан, қазақ елі  жүз мыңдаған кінәсіз халықтарды жомарттылығы және қонақжайлығымен қарсы алды. Барын ауыздарына тосып, қолда бар тамағын бөлісті. Шаңырағына паналатты. Жетімін жылатпай, жесірін демеді. Соққы мен ашаршылықтан ауыр халде келген  адамдарды емдеп жазды.  Дәл осы бейнені жастар «Қанмен жазылған хат» атты қойылым  түрінде  көрермендерге ұсынды.  Солақай саясаттың құрбанына айналған ата-аналарын еске алған бүгінгі ұрпақ, өткеннің еміс естеліктері ойға оралып жанарлары жасқа толды.

         Театрланған қойылымның жалғасы хореграфиялық композициямен жалғасып мемлекеттік және орыс тілінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған поэзиялар оқылды.

         Еске алу шарасы  барысында тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры  Сейдахан Бақторазов, осы университеттің «Қазақстан тарихи» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Рахат Тобаджанов және облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова  сөз сөйледі.

         «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжановна  өз сөзінде осынау атаулы датаның қаншалықты маңыздылығын, оның болашақ ұрпаққа қаз қалпында жеткізу біздің міндетіміз екенін ескерте келе бүгінгі күннің мереке емес саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама халықтың тарихын, өткенін еске алу күні екенін ерекше атап өтті. 

         Парида Иманжановна шара барысында осынау қасіретті күнді бала күнінде басынан өткерген, өткеннің естелігі еміс-еміс қана жадында қалған куәгерлер  мен бірқатар тарихтың тың деректерін ашып жүрген ғалымдарға сый-сияпат табыс етті.

         Еске алу шарасы соңында облысқа белгілі әншілер Әлішер Балтаев, Разия Нұржанова және «Жамбыл облысы немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Экатерина Щелкова туған жерге арналған әсем әндерін тарту етті.  

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы