Аграрлық салаға серпін берді

Елімізде ауыл шаруашылығы экономика саласында ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығының дамуынан мемлекетің азық-түлік қауіпсіздігі жəне халықтың əлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгереді. Еліміз ауыл шаруашылығын жетілдіруде жəне жандандыруда кең көлемде ресурстар кешеніне ие болып отыр. Олардың қатарына мал шаруашылығын дамыту, көкөніс өнімдерін, мақта өсіру, егін жай өнімдерін саралау жатқызылады. Еңбек өнімділігін арттыру жəне егін жайдың құнарлық сапасын жақсартуда көптеген мүмкіншіліктер пайдаланылып келеді, яғни ресурстарды тиімді қолдану жəне егіс алқаптарының көлемін көбейтуде ілгерілеушілік байқалады.

Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бəсекеге қабілеттілігін жəне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жиынтығын қамтиды. Алайда саладағы еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, қолданылатын технологиялардың жетілмеуі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақтығы оның кең көлемде дамуына мүмкіндік бермей отыр. Ол үшін қолда бар материалдық, еңбек жəне басқа да ресурстарды экологиялық талаптарға сəйкес толығымен қолдануды қамтамасыз ету керек.

Мемлекеттің ауыл шаруашылығын реттеу əдістері экономикалық тепе-теңдікті сақтаудан, ауыл шаруашылығы өндірісін өндіруден жəне қайта өңдеуден, сонымен қатар шикізат пен азық-түліктің объективті қажеттілігінен туындаған. Өйткені ауыл шаруашылық өнімдері кез келген мемлекеттің экономикалық жəне əлеуметтік тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында аграрлық салаға баса мән берілді. Сала жұмысын жандандыру, кеткен кемшіліктерді жою, осы орайда тиісті шараларды қабылдау қажеттілігі нақты айтылды. Шаруаларға субсидия беру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық әрі қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор болғандықтан, аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн экономикалық жəне ең бастысы əлеуметтiк негізде стратегиялық жағынан маңызға ие. Қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы өніміне өсіп жатқан жаһандық сұраныс жағдайында экологиялық мəселелер есепке алынып, ұлттық бəсекеге қабілетті брендтер құрылуы тиіс. Жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, жер өңдеу мəдениетін өзгертіп, мал шаруашылығындағы дəстүрлерімізді жаңғыртсақ, ауыл шаруашылығында толағай табыстарға жететініміз анық.

 

Рүстем Бегалиев,

Жамбыл аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Маңызды мәселелер айтылды

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын ел тұрғындары асыға күтеді. Міне, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялап, жұртшылықтың көкейіндегі біраз мәселенің түйінін тарқатты. Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздегі маңызды деген саяси, əлеуметтік жəне экономикалық мəселелер көтерілді.

Көптеген қордаланған мəселелердің шешімі Жолдауда айтылды. Мысалы, келер жылдан бастап ең төменгі табыс көзі 42 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін артатын болады. 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өседі. «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ел тұрғындары арасында бірқатар əлеуметтік мəселелердің шешімін табуға мүмкіндік берер еді. Жалпы, бұл Жолдауды тарихи оқиға деуге негіз бар. Президент Қазақстанның экономикалық-əлеуметтік дамудың жаңа белесіне шыққанын айтты. Тəуелсіздік жылдарында еліміз айтулы белестерді бағындырды. Дегенмен, əлі де атқарылар жұмыстар аз емес. Бұл туралы ашық жəне əділ айту керек. Өзімізге өзіміз өткір сауалдар қойып, ақылға қонымды жауап таба алғанымыз жөн.

Жаңа кезең Үкіметтен жаңаша жолды талап етеді. Қазір ұлт болып ұйысып, бірлесе жұмыс істейтін уақыт келді.

 

Индира ТОҒАНБАЕВА,

аудандық мәслихаттың депутаты,

«Әулие Ата»Қазақ мәдени орталығының мүшесі

Ұлтаралық достастық- кемел болашақ негізі

Бүгін Білім күні,  ҚР президенті Қ.Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялады. «Біз үшін ең маңыздысы,  әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы!» – деді ҚР Президенті Қ.Тоқаев. Жолдауда барлық мемлекетіміздегі өзекті мәселелер көтеріліп,  жақын арада шешімін табу тапсырылды.  Ең басты медицина, білім, су, аграрлық өнеркәсіп, пандемияның экономикаға әсері,  жастар, тіл саясаты және т.б. маңызды тақырыптар айтылды.

ҚХА-ның жұмысы туралы тілге тиек етіп,  Қазақстан халқының тұтастығы мен бірлігін сақтауға тигізген септігі туралы айтылды. Ұлтаралық достастық- кемел болашақ негізі. Жолдауды тыңдап отырып,  көптеген мәселелер өз шешімін табатынына көзім жетті. Енді іске кірісіп барлық айтылған мәселелер қаралса жастардың болашаққа деген сенімін арттырар еді. Мен Қазақстанның жарқын болашағына сеніммен қараймын!

Жамбыл облдыстық ҚХА

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі

Мейрамбай Альфия

 

 

Тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді

Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті жолдауында: «Осы жылдың қаңтарынан бастап педагогика қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті.  Алдағы үш жылдың ішінде біз бұл мақсатқа қосымша 1,2 трлн теңге бағыттаймыз. Қабылданған іс-шаралар өз жемісін беріп те жатыр. Педагогика мамандығына түсушілердің орташа баллы күрт өсті. Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра беретін боламыз», – деп атап өтті.  Расында, мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне ­рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да Тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді айта аламын.   Тағы бір қосарым, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тіл мәселесі. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің аясы қарқынды дамуда. Онымен қоса орыс тілін де халықаралық тіл ретінде құрметтегеніміз жөн. Еліміздегі мәдениет пен өнер, ғылым мен білім орыс тілінің де, мемлекеттік тілдің де қатысуынсыз толық  дамымайды. Ал дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің тұғырында  қашанда мемлекеттік тілі биікте тұруы қажет. Бұл жәйтті әрбір этностың, әрбір қазақстандықтың білікті де саналы ұрпағы әрқашанда жүрегінде ұстауы қажет.

Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің

төрағасы, ҚХА мүшесі – Мулладжанов Атхомжон Шукурович 

 

 

 

 

Қазақстан халқын топтастырудың маңызды факторы – мемлекеттік тілді меңгеру

Қазақстан Республикасы демократияның ең жақсы идеяларын бойына сіңіріп, өзінің құқықтары мен бостандығын сауатты түрде білетін азаматын алғы орынға қояды. Сондықтан да болар,

Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып саналады. Оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы.

Ата Заңымызда Қазақстан аумағында тұратын халықтың ортақ құндылықтары нақты көрсетілген. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістердегі сөз Қазақстан халықтары Ассамблеясына емес, Халық Ассамблеясына қатысты екеніне назар аударған жөн. Өздеріңіз білесіздер, оған дейін бізде Елбасының Жарлығымен құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясы болды. Бұл түбегейлі маңызды түзету, өйткені біздің Конституциямыз: «Біз, қазақстандықтар» деген сөздерден басталатынын ұмытпау керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясы демократия принциптерін ұстанады, сондықтан биліктің жалғыз көзі – халық.

Қазақстан Ата-заңында адам құқықтары мен бостандығы оған туғаннан бастап тиесілі екендігі бекітілген, және әрбір азамат кез келген сот инстанциясында өз құқықтарын қорғай алады. Әрбір Қазақстан азаматы өмір сүрудегі сөз бостандығына, сондай -ақ дін, еңбек және демалыс, денсаулық сақтау, ақысыз орта білім алу, еңбек ету, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдауға құқылы.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасы мемлекеттік меншікті де, жеке меншікті де таниды, ол екеуін де бірдей қорғауға кепілдік береді. Әр этнос өз тілінде сөйлеуге, оқуға құқығы бар.

Елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналады, бірақ Конституция ресми түрде мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдарда орыс тілін қолдануға рұқсат береді. Бірақ Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Осы жылдар ішінде қол жеткізілген барлық табыстар Конституцияның қағидасы мен рухына сәйкес жасалды. Нәтижесінде қазіргі заманғы мемлекеттік механизм мен құқықтық жүйе құрылды, тиімді экономиканың негізі қаланды.Бірліктің арқасында ғана қазақстандық қоғам жан-жақты дамып, алға жылжуда.

Біздің Отанымыздың барлық жетістіктері – Ата Заңы мен оның негізінде қабылданған заңдардың нәтижесі.

 

Жамбыл облыстық «Вынхуа»  дүнгендер қауымдастығының белсенді мүшесі, қалалық жалпы білім беретін 34-мектептің директоры Нұралиева Динара Хатамқызы

Ата заң тұрақтылығы – ел тұрақтылығы

Елдік пен өрліктің, адалдық пен татулықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ынтымақ пен берекенің  кепілі болған Конституциямыз дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын әлдеқашан алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды әрі тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге міндетті.

Кез-келген елдің болмасын тұрмыс-тіршілігін реттейтін заңы бар. Қазақстан халқы да өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заңын қабылдады. Негізі еліміздің  алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданып, ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Ал бүгінде ширек ғасырдан астам уақытты артқа тастаған Ата Заңымыз 1995 жылы  наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында ұсынылған болатын. Еліміздің басты құжаты  1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Яғни, дәл осы күні республикада бүкілхалықтық референдум өткен.  Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданған.

Айбынды Ата Заңымыз қабылданғаннан кейін оған 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгертулер енгізілді. Осылайша әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ» – деген болатын.

Мен, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыстық ұясына айналған, әлемде бейбітшілік пен келісімнің ең үздік  баламасыз институты ҚХА түндігін түрген алғашқы сессиясында еліміздің басты құжаты Ата Заңымыздың ұсынылуының өзі тарихи құбылыс екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ Елбасы сөзінен ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің артқанын және олардың тағдырының алдында арқалар жүгіміздің ауырлығын ұғынуға болады. Менің пікірімде, өз ұрпағымыз бен Отанымыз үшін еткен әр еңбегімізді ерекше құлшыныс, зор ынта-жігермен істеуіміз қажет деп білемін.

Әрбір қазақ­стандықтың Конс­­титуциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құн­дылығымыз – Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мем­лекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзету.

Ата заң – мемлекеттің тірегі. Ата заң тұрақтылығы – елдің тұрақтылығы!  Заңы үстем елдің қашан да заманы тыныш болмақ.

 

 

Айгүл Кабиева,

 «Әулие  Ата» Қазақ мәдени орталығының орынбасары,

Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі

Ата заңымыз – еліміздің тұрақтылығының кепілі

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, ҚХА мүшесі  

Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 1995  жылдың 30-тамызынан бері биыл 26 жыл өтіпті.

Қазақстан Конституциясының басқа елдердің Конституциясынан  айырмашылығы оның мазмұнының сапасында. Конституцияға алғашынан азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен ажырамас құқықтарына  қатысты да нормалар енгізілді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Заман талабына сай  Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырап отыратыны заңдылық. Әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жаңа дәуірге қадам басқан уақыттан бері Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Айналасы 26 жылдың ішінде бірлігі жарасқан, өзге дамыған елдермен иық тірестіре қарыштап келе жатқан мемлекетке айналып отырмыз. Оның барлығы осы уақтылы, дұрыс қабылданған Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің толық қамтылғанын айғақтайды.

Айтулы күн – Ата Заңымыз мерекесіне орай,  берекесі мен бірлігі мықты Жамбыл облысының  тұрғындары әрбір мерекені қалт жібермей, атап өтуші ек. Қоғам үшін қызмет етіп отырған азаматтар әр мерекенің толыққанды, жақсы өтуіне мұрындық бола отырып, жіті назарда ұстайтын  және бұған облыс әкімінің де, жұртшылығының да қосар үлесі зор.

Конституция күні осымен екінші жыл қатарынан ерекше саябыр форматта атап өтілуде, себебі бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде сақтық шараларын сақтай отырып,  жұрт аяғын аңдап басып, әрбір мерекені бұрынғыдай  көтеріңкі көңіл-күймен өткізе алмай жатыр. Егемен еліміздің, қала берді облысымыздың өркендеп, даму жолында аймақтық ассамблеяның да қосып жатқан үлесі аз емес. Жалпы ассамблея мүшелерінің қай-қайсысының болмасын, қоғамдық іс-қимылдарынан бөлек, өзіндік жеке кәсіпкерліктері мен басқа да шағын бизнестері арқылы облыс игілігіне жүргізіп отырған жұмыстары да айтарлықтай.   Мәселен, біреуі егін салса, біреуі жергілікті халықты саудамен қамтамасыз етіп отыр, енді бірі дәрігер боп, ел басына  қиындық туған уақытта жұртқа көмек беріп, кенде болып отырған дүниелерін тауып беріп, елге қамқорлық жасауда. Мұндай азаматтардың қатарында Ғұлам  Умаров, Руслан Исмазов, Зайнуддин Махусеев, Махмутжон Давришев,  Юрий Минаков, Абдрахман Зайнутдинов сияқты ер-азаматтардың аттарын ауыз толтырып айта аламын. Шынтуайтқа келгенде облысымызда текке жатқан бір тілім жер жоқтың қасы және қол қусырып тыныш отырған жұрт та жоқ, бәрі де дәйім тірлік үстінде. Одан өзге, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та облыс өркениеттілігіне қатысты және аудандарға жасаған жұмыс сапарлары барысында ауылшаруашылық экономикасын дұрыс дамыту бойынша жобаларын жүзеге асыруда.

Сондай-ақ,  Әулие Ата өңірінің тұрғындары, оның ішінде ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктері де тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі егемендігіміздің тірегі болған Конституция күнін елде орын алған  қолайсыз жағдайда  ойдағыдай  жоғары дәрежеде атап өткізе алмаса да, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшылығымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бекіткен жоспар бойынша өзіндік іс-шараларын карантин режиміне қарамастан оңтайлы атап өтпек. Шама-шарқынша әлеуметтік желілермен қарқынды жұмыс жасап, қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асыруда. Соның бірі – өзім, басқарып отырған Ұйғыр этномәдени орталығымның атынан  жуық арада Конституция күніне орай, ковид ауруына шалдығып, өмір үшін  күресіп жатқан жандар мен жергілікті диспансерлердің медицина қызметкерлеріне қайырымдылық акциясын жүргізбекші боп жоспарлап отырмыз.

Конституция күні халықтық мереке болғандықтан, барлық отандастарымызды осы айтулы мерекемен құттықтай отырып,  биылғы ерекше жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктер мен абыройымызды одан сайын асқақтату үшін әрқайсысымыз талмай еңбек етіп, ынтымағымызды мықтай түсу керекпіз демекпін барша этномәдени бірлестіктеріне  және өзімнің Жамбыл өңірімнің халқына! Жаратқан иеміз қиналған жұртқа көмек берем деген әрбір қазақстандыққа күш-қайрат, мейірімді жүрек берсін! Еліміздің тұрақтылығының кепілі – бірлігіміз бен тірлігімізде!

Ендеше, ел аман, жұрт тыныш, Ата заңымыздың мерейі үстем болсын!

Ата Заң – алтын тұғырымыз!

Сартиф Алиев, Қазақстан Республикасы «Барбанг» Күрділер қауымдастығының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Қай елдің болмасын  зайырлы, тәуелсіз екенін білдіретін, басым бағыттарын айқындайтын басты құжаты – Ата заңы. Осыдан 26 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Осылайша 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.

Ата Заңымыздың алғашқы бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»  делінген. Бұдан түйілетін ой мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.

Сондықтан да Конституция күні біз үшін қасиетті күн болу керек. Өйткені, Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы-шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Халықаралық қауымдастық мойындап, Қазақстандағы батыл жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың негізінде қол жеткізіп отырған жетістіктердің бәрінің қайнар көзі саналатын Қазақстан Республикасы Конституцияның да өз тарихы бар.

Татулық пен бейбітшіліктің Мәңгілік елі  бола білген кең байтақ Ұлы Даламызда жүз қырыққа жуық ұлттар мен ұлыстар мекен етеді. Олар достық пен тұрақтылықтың  туын биік көтеріп, Қазақстан мемлекетінің жалпы әлеуетін, экономикасы, мәдениеті, сырт елдермен арадағы саяси байланысы, бәсекеге қабілеттілік пен өркениетімізді өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді. Мұндай жетістіктерге халық пен мемлекеттік билік бірлігінің және де Ата Заңымыздың мызғымастығының бірден бір кепілі Қазақстан Республикасының   бейбітшілік пен тұрақтылыққа негізделген сындарлы саясаттың арқасы.

«Отан отбасынан басталады» деген қазақ халқында даналы сөз бар. Олай болатын болса біздің ұрпағымыздың алдында атқарар міндетіміз көп. Оның ең біріншісі Отанға қалтқысыз қызмет ету. Жерді  сүюді, елді сүюді, оны құрметтеуді үйрету және соған баулу. Себебі, Отаным деп өспеген өскелең ұрпақтың бойында отбасының алдағы жауапкершілік деген болмайды. Мұның барлығы айналып келгенде күн сайын қарқындап, өсіп, жетіліп, тірлігін тіктеген, бірлігін бекіткен, халыққа мамыражай, бейбіт өмір сыйлап отырған елімізді артқа тарту  болып табылады. Міне сондықтан да Ата заңды сыйлап, қастерлеу, еліміздің егемендігін айқындай, тағы басқа нышандарға зор құрметпен қарауды адам бойына құрсақта жатқаннан сіңдіру керек.

Бүгінде ел Тәуелсіздігінің 30-шы жылына куәгер болып отырған әрбір азаматқа Қазақстан Республикасы Конституциясында жазылған заң ортақ. Ата заң ешқандай дінге, ешқандай нәсілге, ешқандай ұлтқа бөлмейді. Себебі біздің елімізде адамзатқа тең құқық берілген. Бұл өз кезегінде Қазақстанда әр этностың ұлттық кодын сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, ата-бабамыздан асыл мұра болып жеткен мәдениетіміз, әдебиетіміз, өркениетіміз, тіліміз бен ділімізді, туған тарихымызды  өз деңгейінде сақтап, ұрпағымызға ұсына аламыз. Осындай мүмкіндік жасап қойған Отанымыздың Ата заңын берік ұстанып, ұлттық құндылықтарына зор құрметпен қарау біздің басты міндетіміз деп білемін.

 

Сартиф Алиев

Қазақстан Республикасы «Барбанг»

күрділер ассоциациясының

Жамбыл облысындағы республикалық филиалы»

 қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

 

 

 

 

Вакцина

Бүгін Достық үйінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев Жамбыл облысы ассамблея мүшелері мен этномәдени өкілдеріне вакцинаның қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жиналғандарға коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияның маңыздылығы, вакцинация алудың шарттары мен ережелері туралы айтылды.

Алғашқылардың бірі әрі көпке үлгі болып Тараз қалалық өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов вакцинаны салдырды. Абдурахман Юлдашұлының айтуынша, жұрттың амандығы бірінші орында болуы керек.
-Екпе алу арқылы сіз өзіңізді ғана емес өзгенің де өміріне қауіпсіздік сыйлайсыз. Барлығымыз біріксек, бұл індетті жеңіп шығамыз, барлықтарыңызды екпе салуға шақырамын, – деді ол.

Әрмен қарай жиналғандар кезектесіп тәжді тажалды ауыздықтайтын бірден бір күш екпені салдырды. Екпе салу үрдісі аяқталғаннан кейін спикерлер жиылған жұрттың сауалына жауап беріп, індетті бірге жеңу керектігін тағы бір тілге тиек етті.

Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы

Жамбылдық жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдық тәртіпті бұзу тақырыбында кездесу өтті

Жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру  – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.  Осыған орай ағымдағы жылдың тамызында  Жамбыл обылсы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім КММ ұйымдастыруымен облыстық ҚХА «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысы және этномәдени бірлестік жастарына арналған «Жастардың нысаналы топтары арасында құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуге Жамбыл облысы Әділет департаментінің бас маманы Абишова Ляззат Аббозовна, Жамбыл облысы заң консультанттары палатасының заң консультанты   Светлана Кошелекова, «Азаматтық құқықтарды қорғау Комитетінің» басшысы Федорова Ирина Геннадьевна, «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті менгерушісі,медиатор Досыбиева Валентина Николевна спикер ретінде шақырылды.

«Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде дамуы әрбір азамат бойына құқықтық құндылықтарды сіңіріп, құқықтық сананы қалыптастырудан көрініс береді. Өркениетті қоғам  үшін қымбат қазына – адам, адамның бостандығы мен өмірі десек, бүгінгі жас ұрпақтың осы қымбат қазынаны бағалай білуі аса маңызды. Сол себептен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы да осыдан басталады»- деді  Досыбиева Валентина. Спикерлер құқық қорғау мамандары жастарға осы қағиданы қалыптастыру үшін жүйелі де мазмұнды тәрбие қажет екенің жастарға түсіндірді.

Шара толығымен карантиндік талаптарға сай өтуі қадағаланды.

Жамбыл облысы әкімдігі

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы