Қазақ еліне мың алғыс!

Қазақ еліне мың алғыс! Дәл осындай атаумен ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған монументтің ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың елімізге деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі болмақ.
Монументтің ашылуының басты мәні – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойын атап өту, ұлттар арасында достық пен бейбітшілікті сақтау және насихаттау, жастардың бойында патриоттық сезім мен өз халқының тарихына деген құрметін қалыптастыру.
Салтанатты шарада Жамбыл облысы ҚХА «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Клименко Феодор Леонтьевич және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Парида Мамедова сөз сөйлеп, қазақ халқына деген шынайы алғысын білдірді.
Келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түскен мерекелік жиынға
Жамбыл облысы ҚХА өкілдері мен жастары қатысты.
Ибрагим Зуфаров, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы: – Облыста 35 мыңға жуық түрік этносының өкілі бар. Бәрі де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Атап айтқанда, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Біз қазақ елінің қамқорлығын көп көрген халықпыз. Сондықтан да ұлттық мерекелерге, тағылымды іс-шараларға белсене қатысуды, этнос арасындағы татулықты дәріптеуді өзіме міндет санаймын.
Биіктігі 30 метрді құрайтын монументте қазақ жерінде тұратын түрлі ұлт пен ұлыстың елге деген алғысы мен ризашылығының символикалық көрінісі бейнеленген. Тасын түртсең тарихы көрінетін Жамбыл жерінде бой көтерген бұл монумент бейбітшілік пен келісімнің мызғымас айғағы екені даусыз.

Президент қойған барлық маңызды міндеттердің іске асатынына сенімім мол

Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі міндеттерді атап өтті. Халық медицинасы да, жалпы барлық медицина жұртшылығы, қарапайым халық та Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын төлеу туралы тапсырмасын зор ықыласпен қабылдады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінеді.
Президент 2023 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан 2 есеге жуық өсетінін атап өтті. Медицина қызметкерлерінің материалдық әл-ауқатының артуы медициналық қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың біліктілігін арттыруға деген ұмтылысын арттырады және ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады деп үміттенеміз.
Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық облыстарында ауыр науқастарға онкологиялық көмек көрсететін 19 онкологиялық мекеме жұмыс істеуде. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде өңірлік онкологиялық орталықтарды қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандыру, радиологиялық аппараттарды жаңарту да көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстанның онкологиялық қызметі жас кадрларды, онколог дәрігерлерді даярлауға, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бар күштерін салуда.
Онкологиялық науқастарды қажетті препараттармен шұғыл қамтамасыз етуге қатысты дәрі-дәрмектерді жеткізуге бұдан соң «СК-Фармация» құрылымы жауап береді. Онкологиялық науқастар дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі, оларды мемлекет есебінен сатып алады. Бірақ, өкінішке орай, кейде шетелдік, өмірлік маңызды препараттарды жеткізуде көп үзілістер болады, ал онкологияны емдеуде әр минут пациент үшін маңызды.
Президенттің Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті дамыту туралы тапсырмасы дер кезінде берілген тапсырма болып шықты. Жақын арада онкологиялық науқастарға өмірлік маңызы бар дәрілерді ұзақ уақыт күтудің қажеті болмайды және олар ел ішінде әрдайым қолжетімді болады деп сенеміз.
Президент өз сөзінде жаңа көпсалалы ауруханалар салынатынын да атап өтті. Бұған дейін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елордада ең озық халықаралық тәжірибе негізінде онкологиялық науқастарға жоғары тиімді медициналық көмек көрсету үшін жаңа ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың (ҰҒОО) құрылысы басталған болатын. Жақында, жаңа жабдықтармен жабдықталған ҰҒОО Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ауыр науқастарға ендігі тегін онкологиялық көмек көрсететін болады.
ҚазОРҒЗИ-да мамандардың біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі, шетелдік мамандармен оқыту конференциялары, Tumor Board-тар, консилиумдар тыңғылықты өткізіліп тұрады. Қазақстан қатерлі ісікпен ауратын адамдар саны көбейген сайын жоғары білікті кадрларды даярлауға мүдделі.
Онкологиялық аурулармен күресте жылдам диагностика жасау, обырды емдеу, онкопациенттердің өмір сүру сапасын арттыру – Қазақстанның әлеуметтік саясаты мен денсаулық сақтаудың басым міндеттері болып табылады.
Президент қойған барлық маңызды міндеттердің іске асатынына сенімім мол.

Жамбыл облыстық
«Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының мүшесі
Динара Орынтайқызы

Береке басы – бірлік

Дүниежүзілік бейбітшілік күніне орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада «Бейбітшілік пен келісім елі» атты өзге ұлт өкілдерімен кездесу өтті. Бұл кездесу достығы жарасқан өзге ұлт өкілдернің қазақ халқына деген құрметін байқатты.
Кездесуді облыс әкімдігі «Қоғамдық келісім» мекемесінің көрме залының жетекшісі Вера Андреева сөз сөйлеп ашса, аталған мекеменің көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Берекет Қосбергенов ұлт өкілдерінің арасындағы достық жайлы кеңінен толғанды. Мұнан соң өзбек ұлтының өкілі, І топ көз мүгедегі Мұхабат Шаюнусов өзбек халқының ұлттық аспабымен бірнеше ән шырқап берсе, қырғыз ұлтының өкілі, І топ көз мүгедегі Тұрар Мамбетбаев өзінің қазақ халқына арнаған «Ынтымақ» атты өлеңін оқып беріп жиналғандарды риза етті. Әсіресе, «Қазақ пен қырғыз бір туған, Бөлінбеген еншісі» деген жолдарға көпшілік құрметпен қол соқты. Кітапхана оқырманы Еркін Махамбетов орындаған «Бұлқынды жүрек» әні, аталған кітапхана қызметкерлері Гүлнұр Құрақбаева мен Гүлсім Серікбаева орындаған қазақ халық әндерінен поппури де көпшілік көңілінен шықты.
Іс-шара барысында «Бірлік пен бейбітшілік – ортақ мүддеміз» атты екі бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Атап айтқанда «Бейбітшілік – әлем тірегі» бөліміне әлем мемлекеттері туралы кітаптар қойылса, «Бірлік пен бейбітшілік жаршысы» атты екінші бөлім Қазақстан мен әлем мемлекеттерінің достық байланысын қамтып, көрмеге шолу жасалды.
Кеш соңында облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы белгілі журналист Бейсен Құранбек жайлы «Біздің Бейсен» атты кітапты сыйға тартты. Іс-шараны аталған кітапхана директоры Жанат Айтжанова қорытындылап, келген қонақтарға алғыс білдіріп, Б.Құранбек жайлы жазылған «Біздің Бейсен» кітабы брайл жүйесіне көшіріліп, зағип оқырмандарға да ұсынылатынын айтты.

Есет Досалы
Жамбыл облыстық ҚХА
Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

Мың жасаған шаhардың – сиқырлы асықтары

 

Ұлы Даланың қожайыны болған, Тараз шаhардың күре тамыр тереңде жатыр, әлемдік тарихқа «көшпелі өркениет» ұғымын енгізген бабаларымыздың саналы ғұмыры мал шаруашылығын жетілдіріп, оған қатысты ғұрыптарды, салт-дәстүр мен түрлі жосындарды өмірге әкелгені белгілі. Бүгінгі ұрпақтың міндеті осы бір ғасырлар бойы қалыптасқан, санамызға сіңген дүниені сақтап қалу және оны дәріптеу.
Заманның ағымы, ақпараттық технологияның өрістеуі, жаһандық даму барысында, технологияның жетістігін халық дәстүрін қайта тірілтуге пайдалану қажет. Бүгінде тарихи-этнографиялық зерттеулерде асықпен байланысты мәліметтер аса көп емес. Ғаламтор бетіндегі асықпен байланысты мәліметтер кездеседі, көбісі бір-бірін қайталаудан ары бармайды.
Осы мәселенің орнын толтыру үшін кешенді тарихи, археологиялық, этнографиялық, палеозоологиялық зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, түрлі ақпарат көздері арқылы халықты хабардар етіп отыру қажет.
Археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.
Ежелгі Тараз қалашығына 2011-2017 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп кездесті. Қазба жұмыстары кезінде көптеген асықтар, мал сүйектері табылды. Асықты көне замандарға тән жерлеу орындарында, бөлмедегі ошақтың жанынан табылуы және асықтардың түрлі қырынан тесілген және боялған немесе бетінде әрқилы сызықты белгілердің болуы, сонымен қатар жерленген адамның жас ерекшеліктері және т.б. белгілеріне байланысты ғұрыптық мақсатта пайдаланған. Сонымен бірге асықтарды өңделуі, егелуі, тесілуі және боялуына (көбіне ортағасырларда) байланысты және асықтың түрлері мен пішіндеріне байланысты көне заманған тән ойын түрлеріне пайдаланған. Асықтарды сонымен бірге тері илеу, қыш құмыра жасаудағы жылтыратумен байланысты тұрмыстық мақсатта пайдаланған. Асықтарды пайдалану ерекшеліктеріне қатысты жоғарыда аталған пікірлерді біз, Л.А. Макарова, Ұ.Үмітқалиев, А.Ә. Нұржанов, З.Ө. Ибадуллина, Б.Сиражева және т.б. белгілі отандық және шет елдік археолог, этнограф, палеозоолог және трасолог ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз.
Жер бетіндегі тірек-қимыл жүйесі дамыған барлық жаратылыс иесінде асық кездеседі. Бірақ қазақ халқы төрт түліктің асығын, оның ішінде қой және ешкі асығын, сирек жағдайда сиыр асығын да ойынға пайдаланған. Түйе асығының анатомиялық және морфологиялық құрылымы сиырға жақын болғанымен, қолға икемсіз, пішінінде ауытқушылықтар бар, әрі өте ірі. Жылқы асығы құлан, есек асықтарымен бірдей. Бірақ қазақ жылқы асығын қолға мүлдем икемсіз болғандықтан ойын құралына қолданбаған. Бірақ археологиялық зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, бетінде әртүрлі торкөз секілді сызықты белгілері бар жылқы асықтары көршілес аймақтардан кездескен.
Асық ойынының бірнеше ондаған түрлері бар. Бірақ археологиялық зерттеулерге назар аударатын болсақ, көбіне бірнеше ойынның дамығандығын байқауға болады. Оны көбіне шік, тәйке жағы егеліп, тегістелген және шік жағы тесіліп қорғасын немесе сым-темірді бұрап кіргізген асықтардың табылуына қарап айта аламыз. Әрине дәл сол кезеңде мұндай белгісі бар асықпен қатысты ойынның қалай аталғанын айту қиын. Дегенмен, біздің ойымызша алыстан атып ойнайтын «омпа», «иірмешілік», «үштабан» секілді ойын түрлері дамыған секілді. Әсіресе жоғарыда аталған тесігі бар, егелген және қорғасынмен ауырлатылған асықтар ортағасырлық қалалардан жиі табылады. Ал ерте кезеңдерде (қола, темір дәуірлері) асықтар көбіне «мұрындықталып» тесілген, боялған секілді белгілермен кездеседі. Біздің ойымызша асықтың алғашқы функциясы оның «алты қырлы» және куб пішінінде болуына қарай – ғұрыптық жосындармен байланысты болған. Оның ішінде адам жолға шығарда бал ашу, болашағын білу секілді жорамалдар жасауға қатысты болуы әбден мүмкін.
Зерттеушілердің пікіріне тоқталсақ С.В. Сотникова қола дәуіріне тән ескерткіштердің ішінде жас балалар жерленген қабір шұңқырынан табылған асықтарды саралап, асықпен көму дәстүрін баланың жас ерекшелігіне қарай бөлінетінін айтады (Сотникова, 2015, с. 21-30).
Ұ.Ү.Үмітқалиев қола дәуіріне тән жерлеу орнынан мұрындықталып тесілген асықтардың кездесуі, түркі халықтарында кездесетін, асықты тұмар ретінде тағумен байланысты деген жорамал жасайды. Яғни мәйітті жерлеуге келген туыстары мен жақындарының топырақ салудың орнына, тұмар ретінде мойындарында жүрген асықтарын, жерлеуге барғанда жібін үзіп қимасына берген (Үмітқалиев, 2016, б. 111-116).
А.Ә.Нұржанов асықтардың латеральды немесе медиальды қырларының егелуін және дорсальды бөлігіне жасалған тесіктерді  қазақтың дәстүрлі «асық ойындарымен» байланыстырады (Нуржанов, 2014, с. 462-471).
А.И. Юдиннің ойынша ешқандай сызықтық белгілері мен өрнектері жоқ асықтар «ешқандай ғұрыптық мақсатта пайдаланылмаған, тек асықпен байланысты белгілі бір ойынға арналған», ал бетінде бедері немесе сызықты өрнектері бар асықтар жерленген адамның белгілі бір әлеуметтік мәртебесін білдіреді дейді (Юдин, 2009, с. 146-170).
Асықты пайдалану мәселесі жөнінде жоғарыдағы археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.
Сонымен бірге ХІХ ғасырда қазақ жеріне жүргізілген зерттеулер, халқымыздың дәстүрлі спорт ойындарымен қатар, балалар арасында асық ойындарының кең таралғанын көрсетіп отыр. Кеңестің кезеңде өкінішке орай «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар…» деген оймен, төл өнеріміздің дамуына көп көңіл бөлінбеді. Тәуелсіздіктен кейін асық ойыны біршама дамып, жетілгенін біздің бала күнгі ойындарымыз дәлелдей түседі. Бірақ соңғы он жыл көлемінде технологияны дамуы бұл жағдайды кейінге ысырып, қазақтың дәстүрлі ойындарының ұмыт болуына әкеліп соқты.
«Өткенді білмей, болшаққа қадам жасай алмайсың» – деп Әл Фараби бабамыз айтқандай, қазақтың дәстүрлі ойын түрлерін қайта жаңғыртуымыз шарт. Егер күнделікті өміріміз бір терезеге (телефон, теледидар) үңілумен өте берсе, болашақта маригиналды санаға өтіп, дайын тапсырманы орындайтын роботқа айналарымыз сөзсіз. Адам жан-жақты болуы керек. Үнемі қозғалыс, ізденіс қана – қатарыңнан озып шығуға жетелейді. Қорытынды келе асық көне заманнан бері жоғалмай келе жатқан ерекше зат. Қазақ болмысына терең сіңген, тәжірибеден туындаған дәстүр іспеттес. Қазақтың қазақ болып қалуының бір жолы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту, асықты бүгінгі жастардың ойын құралына айналдыруда. Адамның білімі, қарым-қабілеті тәжірибеден жинақталады, соның негізінде ақыл-ой қалыптасады. Меніңше дәстүрлі ойын түрлерін күнделікті өмірге терең енгізе алсақ жастардың қазақ мәдениетіне, ұлттық ерекшеліктерімізге деген құрметі артары сөзсіз.


Пайдаланған әдебиеттер
1. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы, 1996.
2. Сотникова С.В. Детские погребения с наборами астрагалов как отражение половозрастной стратификации в обществах эпохи бронзы на территории евразийских степей (по материалам памятников синташтинско-петровского, потаповского, покровского типов) // Вестник пермского университета. Выпуск 1 (28). История. Пермь: С. 21-30.
3. Ұ.Ү. Үмітқалиевтің «Асық баланың ойыны емес – бабаның мұрасы» атты мақаласынан оқи аласыздар // Қазақстанның тарихи-мəдени мұраларының өзекті мəселелері: өткені, бүгіні мен болашағы: тарих ғыл. докторы, профессоры Мадияр Елеуовтың 70 жылдық мерейтойына арналған халықар. ғыл.-тəж. конф. матер. (Алматы, 6 мамыр 2016 ж.). / Жауапты ред. А.Б. Қалыш. Алматы: Қазақ университеті, 2016. I-бөлім. 111–116-бб.
4. Нуржанов А.А. Некоторые результаты палеозоологических и палеоботанических исследований на городище Кастек // «Марғұлан оқулары – 2014»: Академик Ә. Х. Марғұланның 110-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы – Павлодар: 2014. 544 с.

Жарылқапова Айжан Ғалымбекқызы
Жамбыл облыстық ҚХА ғылыми-зерттеу тобының мүшесі,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің
«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
тарихи-мәдени қорық-музейің тарихшысы

Дина Құлбаева Президент жолдауы туралы пікір

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы білім күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Жыл сайын кең көлемде мыңдаған оқушылар, студенттер мен ұстаздар қауымы қатысуымен өтетін салтанатты мерекелік іс-шаралардың орнын қашықтықтан өткізілген сынып сағаттарының алмастыруы, елімізде әлемге зор қауіп төндіріп отырған пандемияға қарсы күрестің әлі де жалғасын табуда екендігін көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау сәтте ел бірлігінің қаншалықты маңызды екендігіне тоқтала отырып, Президент қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екендігін атап көрсетті.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында ең алдымен, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді тиімді шешуге қауқарлы болу үшін мемлекеттік басқару саласында өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау қажеттілігіне тоқтала отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру ісі ары қарай жалғасын табуы тиістігін атап көрсетті. Ол үшін мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты ғана жауап беріп қоймай, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыру қажеттілігі айтылды. Азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсарту үшін олардың өздерін осы іске белсенді түрде тарту бағытында жұмыс жасауымыз қажет дей отырып, Президент халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыру мәселесін де көтерді. Әрине мемлекет басқару ісіне араласу үлкен жауапкершілікті, білімді, біліктілікті талап етеді.
Сондықтан да халқымыздың қазіргі қалыптасқан жағдай мен ел болашағына деген көзқарастары түбегейлі өзгерісті талап етеді. Әлемді шарлаған індет пен оның зардаптары адамдардың заман талабына сай өзгерістерге үнемі дайын болып, өмірге, қоршаған ортаға, адами құндылықтарға жаңаша тұрғыдан қарау қажеттігін көрсетіп берді. Қиын-қыстау сәтте көптеген адамдар ұлтымызға тән жомарттық, бауырмалдық, жанашырлық сияқты қасиеттеріміздің озық үлгісін көрсете білді. Сонымен қатар кей тұстарда жауапсыздық пен немқұрайдылықтың салдарларының орны толмас өкінішке ұрындырғанын да білеміз. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін мемлекет басшысы ұлттық болмысымызды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін, ал оның басында зиялы қауым өкілдері тұруы керектігін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде еліміздің болашағы –жастарға білім мен тәрбие беру ісі сеніп тапсырылған ұстаздардан зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Сондықтан да, біз өз тарапымыздан осы бағытта табандылықпен бар күш-қайратымызды аямастан ел сенімін ақтауға тырысамыз.

Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық

тобының мүшесі Дина Кульбаева

Сартиф Алиев Президент жолдауы туралы пікір

Бүгін Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауын жолдады. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Стратегиялық маңыздылықты қамтамасыз етуге және белгілі бір уақыт аралығында нақты міндеттер мен мәселелерді шешуге бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауы біздің елімізге қажет бірқатар күрделі мәселелерді шешуді көздейді.
Президенттің білім сапасын арттыру жөніндегі бастамалары ерекше қуантты. Егер Жолдауда көрсетілген тапсырмалар оңтайлы жүзеге асса, елдегі жұмыссыз жастар саны азаяды, ал жоғары кәсіби шеберлігі бар жастар саны арта түсері сөзсіз.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық-демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Мен президент жолдауын қолдаймын.

Жамбыл облыстық «Барбанг» күрділер
этномәдени бірлестігінің мүшесі
Сартиф Алиев

Жүйелі саясат – мемлекет тұрақтылығының негізі

Қазақ халқы 30 жыл бұрын ата-бабаларының ғасырлар бойғы арманын орындай отырып, тәуелсіздігін жариялады. Осы жылдар ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі тұрақты және беделді мемлекетке айналды. Берік бірліктің арқасында өз тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін әрқайсымыз жанымызды салып тұрып харекет еттік. Бұл уақыт жасампаздық пен прогресс, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды.
Біздің даму жолымыз бүкіл әлемде қазақстандық модель немесе Назарбаев моделі ретінде таныла білді. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін арттыруға, елді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға әлі де мүмкіндіктер беріліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында бірқатар келелі мәселелер талқыланды.
Жолдаудың барлық тармақтарын мұқият қарап оқып шықтым. Барлық әрекет халықтың – қазақ елінің әл-ауқатын жақсартуға арналған тиімді жобалар.
Біз бұл мақсат-міндеттерге Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ете отырып және жүйелі реформалар жүргізе отырып қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.
–«Бүгінде мемлекеттік органдар мақсаттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берілген уәделерді міндетті түрде орындаймын. Біздің жұмысымызда Елбасы әзірлеген бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспарын толық іске асыру қажеттілігін негізге алған жөн», – деп, өз ойын жеткізген Президентіміз мемлекетіміз бен халқымыздың мүдделерін ескере отырып, біртіндеп және ұдайы жүзеге асырылатынын да атап көрсетті. Қай тармағын алып қарасақ та, жолдауда мемлекетімізде жүйелі саясаттың болуы жөніндегі мақсат-міндеттер маңызды орын алған. Жүйесіз саясаттың ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздануына және тіпті мемлекеттіліктің жоғалуына әкелетінін айта кеткен. Сондықтан біз саяси реформалардың дәйекті, табанды және ойластырылған түрде жүзеге асырылуына атсалысу керекпіз.
Саяси жүйенің дұрыстылығы мемлекет тұрақтылығының негізі болып табылатыны барлықтарыңызға аян. Сондықтан да болар, мен – Халиков Амир Шафкатұлы, Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі ретінде Президентіміздің ұқыпты саясатын толығымен қолдаймын және үкіметке берілген тапсырмалары мен алға қойылған мақсаттарының орындалуына тілектестігімді білдіремін!

Жамбыл облыстық «Айнұры» татар-башқұрт
этномәдени бірлестігінің төрағасы
Халиков Амир Шафкатұлы

Президент Жолдауы – жаңа мақсат-міндеттер

«Медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін 150 млрд теңге бөлінеді. Төсек қорын жаңартуға және медициналық жабдық сатып алуға тапсырыс берілді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында дәл осылай мәлімдеді. Коронавирустық инфекция пандемиясы әлем елдеріне медицинаның жаңа бағыттары мен басымдықтарын айқындап берді. Осы жағдай өз шешімін табуды талап ететін мәселелердің бетін ашты. Енді ғана ауыздықталып жатқан ауыр індетпен күресте, медицинаға үлкен жауапкершілік артылды. Қоғам иммунитетінің мықты болуы үшін медицина саласына барынша қолдау көрсетілуі тиіс және мемлекет басшысының стратегиясы осы бағытқа көзделген. Өз кезегімде, мен медицина қызметкерлерінің адал еңбегін бағалап осындай қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына өз алғысымды білдіремін. Қазір медицина саласында жүрген және болашақта осы салаға келетін дәрігерлерді ынталандыру үшін дәрігер беделін арттыру – өте маңызды фактор. Қаланың қарапайым тұрғындарын алдымен медицинаның сапасы толғандырады. Бүгінде біздің медицинаға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Жолдауда Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Атап айтар болсақ, елдің Әлеуметтік кодексін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының атап өтуінше, қоғам еңбек құндылықтарын қабылдауын өзгертуі тиіс. Әсіресе жастардың еңбекті бағалай білуіне баса назар аударылды. Себебі, қазір жастар жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргенді ұнатады. Тез байып шыға келу мақсатында, лотереяларға, ставкаларға, букмекерлік агенттіктерге үйір болып, адал еңбектің қадірін білуден қалғаны рас. Жастарға үлгі болу мақсатында Тараз қаласының «Қан орталығы» түрлі акциялар мен ашық есік күндерін ұйымдастырып отырады. Осылайша келер ұрпақтың отандық медицинаға деген жеке дара пікірін қалыптастырудамыз. Қорыта айтқанда, бүгінгі жолдауда біраз түйткілді мәселелер көтерілді деп ойлаймын. Біз медицина саласының жүгін көтеріп жүргендіктен алдағы уақытта аянбай еңбек ететініміз анық. Жалпы, Мемлекет басшысының әлеуметтік сала қызметкерлеріне назар аударуы біз үшін қуанарлық жайт.

Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі,

облыстық ҚХА мүшесі,

«Қан орталығының» басшысы Умаров Ғұлам Мұхтарұлы

Ата заң Ғылыми зерттеу бөлімінен

ҚАЗАҚТЫҢ АТА ЗАҢДАРЫ ТАРИХЫ ХАҚЫНДА.

С. У.Бақторазов М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Конституция латын (constitutio) тілінен тәржімаланғанда орнату, құру деген мағынаны білдіреді екен. Кеңестік дәуірде бұл ұғым мемлекеттің негізгі Заңы ретінде танылса, одан ертеректе ен қазақ даласында (елінде) Қазақтың ата заңдары ретінде қарастырылғаны белгілі. Осы реттілікпен тарих көшіне көз жіберсек, мынадай жайттарды аңғарғандаймыз. Біріншіден, бүгінгі көзқараспен қарағанда артта қалғандай болып көрінетін қазақ жерінде Сөзге тоқтап, Заңға бас ию үрдісі орта ғасырларда-ақ қалыптасқан болатын. Халық санасында қалыптасып, әбден бекіп қалған дәстүрлі еркіндіктің, азаттықтың және көшпелі өмір салтының негізін қамтамасыз ете алатын әдет-ғұрып ережелері мен жарлық заңдар қазақ қоғамының көшпелі ел негізінде өркендеуіне әкелді. Заңдылықты сақтау, оны бекіту, ел билеу тұтқасы билер сотында болды, олар көшпенділер қоғамының құқықтық кеңестігінің төрінен орын алды. Бертіндегі, Қазақ хандығы тарихында Қасым хан заңдары, Есім хан заңдары және Тәуке хан заңдары деген атпен енген заңдар белгілі. Олардың әрқайсысы халық берген өзіндік атауға ие. Осылардың біріншісі, Қасым хан туралы айтар болсақ, оның Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Ол жер көлемі аз, бытыраңқылық сипаты басым, ортақ мемлекеттік билік әлі қалыптаса қоймаған ұлыстардың басын біріктіріп, өзінен кейінгі ұрпаққа сол кездегі (1510-1521ж.ж.) жер көлемі ең үлкен, (шамамен қазіргі Қазақстан аумағы) бірлігі мықты мемлекетті қалдырып кетті. Қасым ханның заңдарында осы тұрғыда атқарылған іс-шаралардың көрініс тапқаны белгілі. Осы заңға енген ережелерді атап айтар болсақ: 1) Мүлік заңы (жер дауы, мал, мүлік). 2) Қылмыс заңы (ұрлық, кісі өлтіру, талау, шабу). 3) Әскери заң (аламан міндеті, қосын жасау, қара-қазан, ердің құны, тұлпар ат). 4) Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептілік). 5) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той –мереке үстіндегі ережелер, жасау),- болып түзіледі [1]. Сонымен қатар, оның жаза шарасы ретінде өлім жазасын шектегендігіне мән беруге болады. ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты билердің айтуына қарағанда Қасым хан екі жағдайда ғана өлім жазасын қолдануды қалдырған. Біріншісі «қанға-қан», екіншісі керуен тонағаны үшін қолданатын «керуен соғу» деп аталатын өлім жазасы. Қасым хан сонымен қатар, Шыңғысхан ұрпақтары мен ру басыларының өзара қарым-қатынастарын реттейтін бірқатар құқықтық ережелер енгізді. Осының бәрі түптеп келгенде көшпелі қауымдағы тәртіп пен экономикалық дамуды, бірлік пен ықпалдастық мәселесін оң шеше алғаны анық болса керек [2]. «Қасқа жолдың» халық арасында кең таралуының тағы бір сыры оның хан тұсындағы билердің көкейінен шығуында еді. Өйткені би ханның пәрменін халық арасында дұрыс түсіндіруші, уағыздаушы болған. Сондықтан да бұл заң билер мен батырлардың және тағы да басқа игі-жақсылардың бас қосқан жиынында мақұлданған [3]. Енді «Есім ханның ескі жолы» заңы хақында. Есім хан 1598-1628-ші жылдары билік құрғаны белгілі. Ол өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хан дәуіріндегі ежелгі қазақ заңдарына сүйене отырып, өз толықтыруларын енгізген. Есім ханның заңдары өзінің мазмұнына қарай құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді күрделі тараулардан құралады. Осы орайда кеңестік дәуірдегі коммунистік ақпарат көздері Есім хан бір өзі әкім болу, елді жуасытып бағындыру, басқа елдерге шабуыл жасау саясатын ұстанды. Сондықтан ол қанға қан, мертіктіргенді мертіктіру, кек алу, құн төлеу, барымта, құлды сату, көп әйел алу, қалың мал төлеу, әмеңгерлікті сақтау, зекет жинау, айып салу, діни өшпенділіктер сияқты патриархалдық –ұлттық ескі салтқа арқа тіреп, соны уағыздады,- дегенді айтады [4]. Әрине, ханды құбыжық, қазақи дәстүрді сақтауға байланысты қандай да болмасын қадамды ескіліктің сарынына теңеу кеңестік идеологияның жалпыға бірдей қағидасының көрінісі болатын. Әйтпесе, бұл атаудағы «ескі жол» ұғымының кертартпалық, ескішілдік дегеннен туып тұрмағанын, керісінше, сонау бағзы замандардан ата-баба ғұрпы ретінде мирас болып келе жатқан заң дегенді білдіретінін түсіну үшін оқымысты болу міндет те емес сияқты [5]. Сонымен, Есім хан бұрыннан келе жатқан жолжоралғыларды бір ретке келтіріп, заман ыңғайына қарай оның бойына жаңа нәр береді. Сондықтан да ол халық жадында «ескі жол» ретінде бекиді. Есім хан қағидасы бойынша ауыр жазаның үш негізі бар. 1) Жан жазасы. 2) Мал жазасы. 3) Ар жазасы. Біріншіге – қылмыскерді өлім жазасына кесу жатады, екіншісіне – құн төлеу жатады. Үшіншісіне елден қуу немесе бетіне күйе жағып, мойнына құрым іліп, қара есекке мінгізіп ауылды айналдырып, масқаралау жатады. Есім хан заңы бойынша шығарылған үкімдердің жалпы саны 118 екендігін де айта кету керек. Енді солардың бірнешеуіне тоқталсақ: 1. «Қанға –қан, жанға-жан». Яғни өлтірсе өлтіру, қолын сындырса қолын сындыру, көзін шығарса көзін шығару. 2. Құн. Яғни өлімді құнмен алмастыру. (Бұл үшін құнікер жағының келісімі болуы керек) Құнның мөлшері ер адам үшін 1000 қой, әйелдер үшін 500 қой. 3. Ақсүйектер құны қарапайым ер кісінің құнынынан жеті есе артық. Яғни 7000 қой. Ақсүйек әйелдер құны 3500 қой. 5. Өнер құны. Өлген кісі асқан өнер иесі болса, онда өнері үшін төленетін үстеме құн. Мөлшері 1000 қой. 17. Жүкті әйел өлім жазасына кесілмейді. 33. Қандықолды қолдап, қуаттаған ру бүкіл халық алдында жауапты, олармен қарым-қатынас үзіледі. 34. Құн дауы 50 жылда өшпейді. Атадан балаға ата кегі ауыса береді. 41. Әкесі ұлын сүндетке отырғызуға, үйлендіруге, енші беруге міндетті. 48. Қазақтар үшін 7 атаға дейін қыз алысуға тиым салынады. 58. Қылмыскерді анықтау үшін екі-үш куә болу керек. 80. Билік тұқым қуаламайды. 86. «Зекет» малдан алынады.(1/40 бөлігі) 87. 4 әйел алуға рұқсат етіледі. 109. Хан, сұлтан және билер әр жылдың мамыр айында «Кеңес» өткізіп, елдің ішкісыртқы ең түйінді мәселелерін шешіп отырсын. 111. Бұл шешімді келесі «Кеңес» не «Мәжіліске» дейін ешкімнің де бұзуға хақысы жоқ. 112. Хан қарап шешкен дау мәселесі – ең соңғы тұжырым. Оны қайта қарауға ешкімнің хақысы жоқ [6]. Есім ханның шығарған заңында жер-су мәселесіне, жайлау-қыстауға көшіп-қону барысында болып тұратын күрделі дау-жанжалдарды шешуге қатысты ережелер де бар. Заңда ата-қоныс мекеніндегі жер-су мен жайылымға иелік ету үшін талапкерге қойылатын салт-сана заңдарының белгілері көрсетілген. Олар: талапкердің ата-анасының басына қойылған құлпытасы, қазылған арық, егілген егіннің атыздары, құрылған шығырдың орыны, қырманның ізі, соғылған бөгеттің қалдығы, қазылған құдықтың орны, малдың қысқы көңі, қойдың күзгі түнегі, тұрғызылған қарақшы, үйілген омақа бекітілген ағаш, егілген бақша, салынған там, соғылған қора, салынған шеген, қазылған ошақтың орыны және тағы да басқа, осындай жәдігерлердің болуы. Жоғарыдағы аталған белгі-мұралардың қайсыбірі болса да талапкердің әкесінің, болмаса бабасының, яки туысқан –туғанының біреуінің еңбегімен істеліп, бір кездерде оның қоныстанып-мекендегені анықталса, ол жерді даулап талап етуші кейінгі иеленушіден сөзсіз қайтарып алған. Ол жерден соңғы мекендеушінің алып кете алмайтын ғимарат, қора –жай , бау –бақша салынған күрделі жайларының тұрарлық бағасы бейтарап үш кісінің кесімі бойынша істеушіге төленген. ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырдың басында хандық билік жүргізген, үш жүздің басын қосқан Тәуке хан (1680-1718) жоғарыда аталған жарғыларды дамытып, үш жүздің билері Төле, Қазыбек, Әйтекелердің және елдің басқа да білгір адамдарының қатысуымен Оңтүстік Қазақстандағы Күлтөбеде кеңес өткізіп жаңа заң қабылдаған. Бұл заң халық арасында «Жеті жарғы» аталынып кетті. «Жеті жарғы» атына сай жер дауын, жесір дауын, мал дауын, жан дауын, құн дауын, мүлік дауын және елдің мәселелері мен хандық билік мәселелерін қарайтын заңдар жиынтығы болып табылады. «Жеті жарғы» немесе Тұңғыш қазақ конституциясы аталынып кеткен «Тәуке ханның заңдары» жазбаша күйінде Қожа Ахмет Иассауи мұражайының экспозициясында сақталынып, осы жазбалардың көшірмесі жамағатқа жеткізіліп отырғандықтан, оның әрбір бабын қайта қаузау міндетті емес те шығар. Тек билік, яғни үкім шығару хақында бірер сөз айтпақшымыз. «Жеті жарғы» бойынша бірінші сот билігін билер жүзеге асырған. Хан мен сұлтандар екіншісі инстанциядағы сот ретінде ауыр қылмыстарды және азаматтық істерді, яғни дауларды қараған. Атап айтсақ, рулар мен ауылдар арасындағы дау-дамай, төрелер мен рулардың белгілі алпауыттарын өлтірген адамдардың қылмыстық істері, сұлтандар арасындағы ерегіс даулар. Аса күрделі деген істерді хан –сұлтандар халықтың және билердің қатысуымен қараған, өлім жазасын да солар кескен. Сол кезеңдегі қазақ қоғамында әділ билерге ғана барлық істерді қарауға рұқсат берілген. Билер дауды жәбірленуші мен талапкердің шағымы болған жағдайда ғана қарап отырған. Ол кезде қазіргідей тергеу, қайта тергеу деген жоқ. Сондықтан билер істі қарағанда қандай да бір шешімге келуі тиіс болған. Ол, тіпті жауапкер өзінің рубасы болса да істі қарай берген, тек іс басталмай тұрып жәбірленуші жақ қарсылық білдірсе ғана қарамаған. Екі жақтың бидің алдына қамшыларын тастауы олардың дауды қарауға қарсылықтары жоқ екендігін білдірген. Іске куәларды шақыру міндеті ол кезде талапкердің өзіне жүктелген. Егер де куә келмесе бидің өзі күштеп шақыртуға хұқылы болды. Сондай-ақ келген куәлардың жауаптары дұрыс болуы үшін оның туыстары ант-су ішкен. Әйелдер, қылмыскердің жақын туыстары, жас балалар, айып алғандар, ақыл-есі кемдер, құлдар, күңдер істе куә бола алмаған. Хан –сұлтандар, билер мен басқа да дәрежелі адамдар ант-су ішпеген. Бұл да таптық белгінің бір көрінісі болса керек. Іске 2-3, не одан да көп куә шақыртылып отырған. Ал, егер де куәлар болмаса, онда би істі қарауда екі жақтан да белгілі адамдардың антын алып отырған. Ал жауап берушіге ешкім ант-су ішпесе, ол айыпты болған. Соттың, яғни бидің үкімі әдетте ауызша шығарылатын. Қазылық еткені үшін билер мен аралық билерге істе белгіленген құнның оннан бірі тиесілі болған. Істің аяқталғаны жөніндегі ишараны бейтарап, бірақ елге белгілі адам білдіріп, жіпті қиятын болған. Мұны ала жіп кесу дейді, бұл: «егер кімде –кім осы шешімге келіспей, қайта дау тудырса, онда ол адам осылай бөлшек –бөлшек болып кесіліп тасталынады»,-делінген ұғымды білдірген. Ал, айыпты кісі бидің шешімін орындаудан бас тартса, не ауылдың ақсақалы дауды шешуден әдейі қашқақтаса, сөйтіп қылмыскерге қамқорлық жасаса, онда талапкер ауылдағы ру басының рұқсатымен өз малын барымтамен қайтарып ала алған. Бірақ, ол барымтамен әкелген малының саны талап етіп жүрген малының санына барабар келетіндігіне ру басының көзін жеткізуі тиіс болған [7]. Көшпелі қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттеген тұңғыш қазақ конституциясын қабылдағаннан кейін қазақтарды ұлт ретінде сақтап қалуға байланысты, біздің мемлекеттілігіміздің ең күрделі кезеңі (ХҮІІІ-ХІХғ.ғ.) орын алды. Жоңғарларға қарсы жүргізілген күрес, кейіннен қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық бас көтерулер мен шекара маңындағы толастамаған қырқысулар қазақ хандарын Ресеймен кіріптарлық дипломатиялық байланыстар орнатуға мәжбүрлеген еді. Осылай, 1716 жылдың 13 қыркүйегінде Орта жүздің ханы Қайып хан Тобылдағы Сібір губернаторы М.Гагаринге Ресеймен бейбіт қарым –қатынаста тұруға мүмкіндік беру жөніндегі өтінішін жолдаса, сәл кейінірек 1731 жылдың 19 ақпанында Анна Иоановна патшайымның Кіші жүздің ханы Әбілқайырды Ресей бодандығына алу туралы грамотасы жарияланған болатын. 1823 жылы Ұлы жүз сұлтандары мен билері және басқа да атақты атқамінерлері Александр Павлович патшаға бодан болуға ант берген еді. Нәтижесінде 1824 жылы «Орынбор қырғыздары» туралы, кейінірек «Сібір қырғыздары» туралы ережелер қабылданып, метрополияның қазақ жеріндегі жағдайы нығая берді. 1864 жылы Ұлы жүздің қалған бөліктерін (Әулиеата, Шымкент, Түркістан) басып алғаннан кейін, Ресей патшалығы оларды өз қарамағындағы Түркістан генерал-губернаторлығына кіргізеді. Осылай, үш генерал –губернаторлыққа бөлініп, тоз-тозы шыққан қазақ жеріне ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде келімсек –мұжықтардың қаптауы жағдайды тым ауырлатып жіберген еді. Осы уақыттарда тынымсыз жүргізілген ұлт –азаттық күрес (С.Датов, К.Қасымов, Байзақ Мәмбетұлы және т.б. бастаған) 1917-ші жылғы Ресейдегі қос революцияға жалғасып, қорытындысында қазақ жеріне большевиктік билік орнаған еді. Кеңестік билік қазақ жерлерінің РКФСР құрамындағы, біртұтас республика болып бірігуіне үлкен ықпал жасады. 1920 жылдың 26 тамызында РКФСР құрамындағы Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (КАКСР) құрылады. 1924 жылдың 31 қаңтарында Кеңестердің 2-ші Бүкілодақтық съезі бекіткен КСРО Конституциясы негізінде 1924 -1925 жылдары жүргізілген Орта Азиядағы межелеу нәтижесінде қазақ жерін КАКСР –і құрамына біріктіру процесі (үрдісі) аяқталған болатын. Осылай, Қазақ елі 185 жылдан кейін өзінің территориялық тұтастығы мен мемлекеттілігін қайта қалпына келтіріп, сонымен бірге 1925 жылдың 15-19-шы сәуірі аралығында Қызылордада өткен Қазақ АКСР-інің 5-ші съезінде халықтың және республиканың дұрыс аты қайтарылып, еліміз Қазақ АКСР-і болып аталынады. Оның негізін құрушы халық қазақтар деп дұрыс аталына бастады. 1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің төтенше 8-ші Бүкілодақтық съезінде қаюылданған КСРО Конституциясы негізінде Қазақ АКСР-і одақтық статусқа ие болды. Әйтсе де унитарлық Одақтық мемлекеттің құрамында Қазақстан де-юре дербес республика саналғанымен, іс жүзінде олай болмағаны белгілі. Осыдан 40 жылдан астам уаұыттан кейін 1977-ші жылдың 7-ші қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс 7-ші сессиясында қабылданған КСРО Конституциясы Одақ көлемінде дамыған социалистік қоғам құрылды, – деп дақпырт қылғанымен, тоталитарлық жүйеге негізделген қоғамның құрдым кетіп бара жатқаны белгілі болып қалған еді. Адам бостандығын тежеген тоталитаризмнің елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын көтере алуы неғайбыл болатын. Мұнымен қоса әкімшіл-әміршіл жүйе ұлттық сана-сезімнің өрістеуін қатаң басып отыруға тырысты. Бұл 1986 –шы жылдың желтоқсанындағы Алматыда болған демократиялық пиғылдағы жастардың көтерілсі күштеп, аюандықпен басу кезінде анық кқрінген еді. Дегенмен, Мәскеудің бұлай басқаруына қарсы болған Бакудегі , Вильнюстегі, Тбилисидегі көтерілістердің соңы «тәуелсіздік шеруіне» ұласып, қортындысында, 1990 жылы 25 қазанда Республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. 1991-ші жылдың 10-шы желтоқсанында бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президент қызметіне кірісті, ал 1991-ші жылдың 16-шы желтоқсанында Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының өз трриториясындағы бүкіл өкімет билігі өз қолында, ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін демократиялық мемлекеттің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы Қазақстан Республикасы болып аталды Республика тарихында жаңа кезең басталды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993-ші жылдың 28-ші қаңтарында Қазақстан Республикасының ХІІ-ші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің 9-шы сессиясында қабылданды [8]. Жоғарғы заңдық күші бар акт ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздігіміздің негізін қалай алды. Дегенмен, Конституция бір жағынан нарықтық және демократиялық қайта құрулардың жүзеге асуына жағдай жасаса, екінші жағынан билік мәселесінде түсініспеушілік тудырды. Атап айтар болсақ заң шығарушы және атқарушы биліктердің арасындағы өкілеттіліктер дұрыс анықталмады. Мұның өзі – мейлі тіл мәселесі болсын, мейлі жерге жекеменшілік пен азаматтық алу мәселесі болсын, көп жағдайда екіұдай пікірлер туғызып, халықтың басым көпшілігі тарапынан түсініспеушлікке апарып соқты. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Конституциялық соты 1994 жылдың 7 наурызында сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің өтініші бойынша 1993 жылдың желтоқсанында шақырылыған Жоғарғы Кеңестің өкілеттілігін тоқтатты. Сонымен, Жаңа Конституция құру қажет болды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мәтіні 1995 жылдың 30 тамызында өткен референдум бойынша қабылданды [9]. Әрине, Конституция қабылданбай тұрып халықтық талқылаудан өткен еді. Жалпы , Қазақстан бойынша жобаны талқылауға 33 мың ұжым, соның ішінде 3 миллион азамат қатысыпты. Осындай талқылаулар кезінде жобаға байланысты 33 мыңнан астам ұсынысар мен ескертулер түскен. Конституцияның 55 бабына 1100 түзетулер мен толықтырулар енгізілген. Жаңа Конституция бойынша Қазақстан мемлекеттік дамудың демократиялық түрін таңдады. Ата заңымыз бойынша Қазақстан Президенттік басқару формасындағы республика болып табылады. Мемлекеттік басшы Конституцияның мызғымастығын, азаматтардың құқы мен еркіндігінің кепілі болып саналады. Дегенмен, Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі принципі болып – Қазақстандағы мемлекеттік биліктің негізгі көзі ретінде оның халқы танылатындығы белгілі. Мұның өзі жалпы алғанда халықтың, жекелей алғанда әрбір азаматтың сайлау немесе сайлану арқылы мемлекеттің кез-келген билік сатысында болуына шек келтірмейтіндігін көрсетеді. Олай болса, осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып Отанымыздың өркендеуіне саналы да сапалы түрде атсалысқанымыз абзал. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 1 Ә.Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы», Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы. – Алматы: «Қазақстан», 1984. – 295 б. 2 Қазақтың Ата заңдары. Редакциясын басқарған И.Т.Тасмағанбетов. – Алматы: «Жеті жарғы», 2004. – 12 б. 3 С. Куттыкадам. Дао Алтая. – Алматы: Издательский дом «Библиотека Олжаса», 2013. – 257 б . 4 Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы. 1-т. – Алматы: «Қазақстан» 1984. – 233 б. 5 Қ.Салғараұлы Қазақтар. – Алматы: «Өнер», 1995. – 212 б. 6 М.Мағауин. Есім хан және оның заманы. Қазақ әдебиеті. 1993, №10. 7 «Қазақстан тарихы» Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 437 б. 8 Бурханов К.Н., Султанов Б.Г., Аяган Б.Г. Современная политическая история Казахстана (1985-2006 гг.). Издательский центр Иститута истории и этнологии им. Ч.Ч.Валиханова. – Алматы, 2006. – 76 с. 9 Казахстан – 10 лет независимости. Этапы развития. Центр внешней политики и анализа. – Алматы. ЦВПА, 2002. – 24 с.

КОНСТИТУЦИЯ БІЗДІҢ ӨМІРІМІЗДІҢ НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасының Конституция күні жақындап қалды. Бүгінгі таңда Конституцияда бекітілген демократиялық институттар және адам мен азаматтың құқықтары толықтай қамтамасыз етілді деп айта алмаймыз. Осыған қарамастан, Қазақстан Республикасы жиырма бес жылдық тәуелсіз даму барысында көптеген жетістіктерге жетті – нарықтық экономиканың негізі құрылды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамуда, мемлекеттік органдардың біршама жаңартылған жүйесі жұмыс істеп жатыр, көппартиялық жүйені құру және демократиялық институттарды қамтамасыз ету бойынша белгілі қадамдары ол бар.

Біздің еліміз ТМД және Шығыс Еуропа арасында экономикасын дамытудың көптеген бағыттары бойынша көшбасшылардың қатарына кіретіндігімен, елде тартымды инвестициялық ахуалдың жақсаруымен ерекшеленеді, сондай-ақ әртүрлі діндерді уағыздайтын елде жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың тыныштығы сақталуда. Мұның бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айқындалған саясатының нәтижесі, сонымен қатар халқымыздың өз мемлекетін, экономикасын және қоғамын қалпына келтіруге белсенді қатысуында.

Демократиялық мемлекет пен қоғам бірден қалыптаспайды, бұл үшін бір емес бірнеше ұрпақтың еңбегі қажет, менталитетімізде және жалпыадамзаттық құндылықтарға деген көзқарасымызда көп нәрсені өзгерту керек, өмірдегі жағымсыз құбылыстарды түбірімен жою қажет.

Әрқайсымыз осы жағымсыз көріністерге қарсы тұра білуіміз керек, қиын өмірлік жағдайлардан оңай жол іздемей, ар-ұжданымыз бен заңға жүгінуіміз керек. Әрине, адал және принципті болу қиын, бірақ біз бұған ұмтылуымыз керек, өйткені біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз бізге Конституция мен еліміздің Негізгі Заңымен берілген.

Мүмкін біреу мені осы айтулы сөздер үшін айыптайтын шығар, бірақ мен заң талаптары мен жалпыға танылған этикалық стандарттарды бұзғаннан гөрі адал және құрметті адам болу оңай деп санаймын.

Біздің халқымыз Конституция күні қарсаңында қол жеткізілген жетістіктермен мақтана алады. Елімізде мемлекеттілікті, демократиялық институттарды, нарықты, әлеуметтік-бағытталған экономиканы дамытуға, құруға, бейбітшілік пен тыныштыққа бағытталған азаматтық қоғам құрудың барлық алғышарттары жасалды.

Мемлекеттік құрылыс процесі үздіксіз, ол мемлекет болғанға дейін жалғасады. Мүмкін өмір бізден кейбір түзетулерді, соның ішінде конституциялық өзгерістерді талап етуі мүмкін. Бірақ бір нәрсе нақты айқын – соңғы бес жылдағы қолданыстағы Қазақстан Республикасы Конституциясының негізінде оның дәйектілігі мен тиімділігі дәлелденді, оның негізгі ережелері осы күнге дейін өзекті болып табылады.

Еліміздің Негізгі Заңы біздің алдымызда биік мақсаттарға – әлемдік қоғамдастыққа интеграцияланған тәуелсіз, экономикалық тұрғыдан дамыған

мемлекет құру, оның азаматтарының гүлденген және лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін негізгі құжат болып қала бермек.

Демократиялық қоғамның биік мұраттарына ұмтылу, ежелгі қазақ жерін мекендеген халықтар арасындағы өзара сыйластық пен достық, мәдениеттердің енуі, мемлекеттік органдардың үйлесімді жүйесі – осының бәрі Негізгі Заңда нақты көрініс тапты.

Конституция күнін мемлекет өміріндегі маңызды оқиға ретінде қабылдауы керек деп санаймын. Қолданыстағы Конституция әр адамның өміріне үлкен әсер етеді, өйткені ол оның құқықтары мен міндеттері жүйесін, оларды жүзеге асырудың кепілдіктерін бекітеді.

Конституция – қоғам мен мемлекеттің негізгі заңы, олардың дамуының негізгі мақсаттары мен қағидаларын, экономиканы, әлеуметтік және рухани өмірді ұйымдастырудың негіздерін, мемлекеттік механизмнің жұмыс істеу негіздерін белгілейді.

Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің мүшесі,

облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілі

Нұралиева Динара Хаттамқызы