Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан

Бүгін Тараз қаласында Шахристан тарихи-мәдени кешенінде Жамбыл облысы әкімдігі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болыуымен «Алғыс айту» күніне орай «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік шараға Тараз қаласының жұршылығы мен қонақтары, облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, белсенді жастар мен ЖОО студенттері және республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Алғыс айту» күнін тойлаудағы басты мақсат елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қиын-қыстауда ата қонысына айырылып, бас сауға іздеген түрлі ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына алғыс білдіріп, құрмет көрсету болып табылады. Сондай-ақ биылғы жылғы 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі ел бірлігінің беріктігін тізгіндеп отырған бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Меркелік шара бастауы «Достық дастарханынан» дәм татудан басталды. «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені  бойымен шатырлар тігіліп, онда түрлі этностардың ұлттық тағамдары қойылған ақ дастархан жайылды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясыэтномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері аймақ басшысы  Бердібек Машбекұлы бастаған қонақтарды қарсы алып, ұлттық тағамдардан ұсынды. Дастархан басына жақындаған қонақтарға арнау айтылып, ұлттық аспаптарда қазақ халқының түрлі әндері  орындалды.

Жайылған дастарханда қазақ, өзбек, поляк, әзірбайжан, дүнген, түрік, орыс, шешен-инғұш, грузин, қарашай-балқар, ұйғыр, қытай, грек, неміс, еврей, күрді, корей, украин, тәжік, татар, қырғыз халықтарының түрлі  астары қойылды. Әр дастарханның басына жеткенше қонақтарға этнос өкілдері алғыс айтып, ұлттық аспаптарымен өнер көрсетті.

Қала жұртшылығы мен қонақтар тағамдардан дәм ауыз тигеннен кейін қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақжәне ордабасы секілді ұлттық спорттық ойындардан өткен сайыс пен «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік шараның ашылу рәсімін тамашалады.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мерекемен жиылған жұртшылықты құттықтады.

«Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Қысылғанға сүйеу, қиналғанға медеу болған қазақ халқы кешегі қиын заманда – көптеген ұлт өкілдерін құшағына басып, бауырына тартып, дәм-тұзымен бөліскен дана халық. Сондықтан да, Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан күні деуге толықтай негіз бар.

Баршамызға белгілі, Қордайда орын алған жағдай тұрғындардың көңіліне қаяу түсіріп, тату тіршіліктің тыныштығын кетірген болатын. Бүгін оның барлығы ретке келтірілді. Ауылдық Ардагерлердің кеңесі құрылып, ел ішіндегі мәселелер сонда талқыланып, бірлік пен келісімнің арқасында өз шешімі шығарылатын болады.

Арандатушылардың жетегіне ермей, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыдырауына жол бермеуіміз қажет.

Бүгін – дүниежүзіне үлгі, татулық пен тұрақтылықтың феномені болған Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл, яғни ширек ғасыр толып отыр. Осынау уақыт аралығында– достық пен татулықтың, тұрақтылық пен келісімнің қайнарына айналды. 

Түрлі этностардың ғана емес, күрделі кезеңді бірге еңсеріп, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін Алғыс айту күні мерейтойымен үйлесіп отыр.

Сондықтан, азаматтар бүгінгі күні кемшіліктер болса, қатты сөздер айтылса, өкпесі болса кешіруі қажет. Бір-біріне деген ізгі тілектері мен лебіздерін, ақжарма алғыстарын білдіруі керек»-деді, аймақ басшысы.

Бұдан өзге Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов,  «Полонез» поляк этномәден бірлестігнің жетекшісі Лариса Калькова және «Барбанг» күрділер ассоциациясы облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабри Асанов құттықтады.

Меркелік шара барысында «Алғыс айту» күніне арналған театрландырылған қойылым да көрсетілді. Композиция барысында сахна төріне түрлі ұлт өкілдерінен құралған  Аналар кеңесінен мүшелері өз тілдерінде қазақ халқына алғысын айтты.

«Алғыс айту» күніне арналған меркелік шара әрі қарай «Рахмет саған туған жер» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерттік бағдарламада Қазақстан эстрада жұлдыздары мен «Ақжелкен» жастар лигасы, «Жаңғыру жолы» жастары, этномәдени бірлестіктердің би ансамбльдері, неміс этномәдени бірлестігі өкілдерінен құралған  «Поющие сердца» және «Juwel» вокалдық топтары мен облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.Мерекелік шараның соңы «Атамекен» әнімен тәмамдалды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратның

 «Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз орталығы

Назерке Оңғар

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Убайдуллаева Рано Махсудқызының 1 наурыз – Алғыс күніне арналған құттықтау сөзі

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Убайдуллаева Рано Махсудқызының

1 наурыз – Алғыс күніне арналған

құттықтау сөзі

Отанымызда  тыныштық пен бірлік, өзара келісім мен қазақстандықтарға деген ерекше құрметтің қалыптасуына негіз болған 1 наурыз – Алғыс айту күнімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен барша жамбылдықтарды шын жүректен құттықтаймын.

Алғыс айту меркесі – өткені оралып, өшкені қайта жанған,  Ұлы Дала құтты қонысына айналған әрбір этнос өкілі үшін айтулы мейрам. Бұл мереке – қуғын-сүргін, ашаршылық секілді нәубетті жылдарда ата қонысыннан айырылып бас сауға іздеген көптеген ұлт өкілдеріне кең құшағын жайған дархан қазақ халқына алғыс айтып, зор құрмет білдіретін күн.

Бүгінде ес жиып, еңсесін көтерген елімізде барша ұлттар бір шаңырақ астында тату-тәтті, мамыражай күн кешуде. Бұған негіз елдегі бірлік пен біртұтастықтың беріктігі және Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің  кеңдігі. Осы тұста татулықтың  тізгінін берік ұстаған Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше екенін айтқым келеді. Бүгінде 25 жасқа толып отырған еш елде баламасы жоқ, бірліктің бірегей институты болған Ассамблея этностардың тек татулығын ғана емес олардың ұлт ретіндегі құндылықтарының да жойылып кетпей керісінше ұрпақтарына жеткізуге зор мүмкіндіктер жасап келеді.

Ынтымақ пен келісімнің саяси салтанат құрған күні құтты болсын. Отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызының 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған құттықтауы

Жамбыл облысы Қазақстан

халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары,

хатшылық меңгерушісі

Қожаева Маржан Төреғұлқызының

1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған құттықтауы

Құрметті жамбылдықтар!

Баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белестерге жетелеуде.

Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Еш елде баламасы жоқ, ұлт ынтымағының  ұйытқысына айналып отырған Ассамблея бүгінде ширек ғасырдың шыңына шығып отыр.

Бүгінде Қазақстан құтты қоныс, қаситетті мекен болған достық пен келісімнің шаңырағына айналды.Тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері де алып шаңырақ астынан тұрақ тауып, бейбіт те берекелік тіршілік кешіп келеді. Қиын-қыстау заманда құшағын айқара ашып, төрінен орын берген қазақ еліне олардың құрметі ерекше.

Алғыс айту күні – бұл Қазақстанның кең байтақ жеріне өз еркінен тыс аударылған миллиондаған азаматтарды құшағын жая қабылдаған қазақ жері мен қазақ халқына алғыс білдірілетін күн.

Ел бірлігін күзеткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейлі мерекесімен және Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.

Көктемнің алғашқы күнінде аталып өтілетін осынау мереке қазақ жеріндегі татулық пен бірлікті, молшылық пен егемендікті нығайта берсін!

Вердиева Ругайя Мамед-Алиқызы

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының активі, облыстық «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі.

Алғыс айту күні, менің ойымша, бұл  мемлекетіміздің ең әлеуметтік мәні бар мерекесі. Және осы мерекенің Қазақстан қабылдаған барлық халықтар үшін маңыздылығын лайықты бағалай аламын. 80 жылдан аса  қазақ жерінде көптеген халықтар тұрады. 1937 жылы бір мезетте Қиыр Шығыста тұрған халықтарды мүлдем басқа климаттық және тұрмыстық жағдайдағы елді мекендерге депортациялады. Сол қайғылы оқиғаның куәгерлері бүгінде  аз қалды.

Мен   атамның  «өзінің қолындағы соңғы барын мұқтаж болған өзгемен бөліскен халық, ол – Ұлы халық. Ол депортацияланған халықтардың құрметі мен алғысына мәңгі лайық!»-  деп айтқан сөзін ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Мен мұны әрдайым есімде сақтадым және Қазақстанға өз пайдамды тигізу үшін қолымнан келетін және маған байланысты әрекеттердің барлығын  жасап келемін. Біздің барлығымыз, жер аударылған халықтардың балалары осында нағыз Отанды таптық, Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Қазақ елі бізге барлық мүмкіндіктерді іске асыруға жағдай жасады. Мұның бәрі қазақ халқының қанына генетикалық тұрғыдан біткен мейірімділік, толеранттылық, шыдамдылық, жанашырлық, сыйластық сияқты асыл қасиеттердің басымдығынан деп білемін. Бізге алдымен аман қалып, содан кейін қонақжай және мейірімді Қазақстанда бірлікпен пен келісімде тыныш өмір сүруге мүмкіндік берді.

Мұнда біз еркін өмір сүреміз. Ешкім бізге бөтенсің деп  қысым жасаған кез болған емес. Оның айқын дәлелі, менің достарымның жартысынан көбі қазақтардың болғаны. Олармен ортақ тілді табу өте оңай. Соның арқасында Мен  Қазақстанның азаматшасымын деп мақтанышпен айтамын!

Біз әрқашан тұрақты және жеткілікті жағдайда өмір сүретінімізге сенімдімін, және Алғыс күні– бұл біздің тілектеріміздің орындалу факторларының бірі.  Бұл мереке– тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзымының белгісі.

Бұл-өзара құрмет, шыдамдылық, Қазақстан халқының бірлігін нығайту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауға деген үлкен ықылас. Бұл- мемлекетіміздің тұрақтылығы мен экономикалық дамуының кепілі.

Әрбір этнос қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарап, бірақ өзінің өмір сүру салты, мәдениеті мен тілін сақтап қалды. Ең маңыздысы, қазақтар бізге баспана мен ас беріп қана қоймай, сонымен қатар   этнос ретінде ұлттық болмысымызды сақтап өмір сүруге мүмкіндік берді.

Қазақстан-бірегей ел. Оның дәлелі Елбасының бастамасымен құрылған әлемде теңдесі жоқ ұйым, Қазақстан халқы Ассамблеясы. ҚХА бүгінде 130-дан астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірді. Облысымызда даму мен өркендеу үшін жағдай жасалған. Бүгінде этномәдени бірлестіктер Достық үйінің шаңырағы астында жемісті еңбек етуде. Біз әр түрліміз, бірақ барлығымызды біріктіретін – достық. Сондықтан да, Алғыс айту күні қарсаңында қазақ халқына, Елбасына, барлық этностарға біздің келісіміміз бен бірлігіміз үшін «Рақмет!» деп айтқым келеді.

Біз әрі қарай да достығымызды нығайтып, отанымызды мақтан тұтып,  Қазақстанның  игілігі үшін аянбай еңбек етеміз!

Асанов Сабри Асанович – Қазақстан Республикасы «Барбанг» күрділер ассоциациясының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігі ақсақалдар кеңесінің мүшесі

Асанов Сабри Асанович – Қазақстан Республикасы «Барбанг» күрділер ассоциациясының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігі ақсақалдар кеңесінің мүшесі.

Көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурыз – Алғыс айту мерекесімен барша қазақстандықтар мен жерлестерімді  шын жүректен құттықтаймын! Қазақ елі үшін де, осындағы барша этнос өкілдері үшін де Алғыс айту күні өте маңызды, әрі тарихи мереке.

Бұл мереке – тар жолда тайғақ кешкен қаншама ұлт өкілдеріне пана болған  қазақ халқының қамқорлығы мен мейірімділігіне деген ерекше құрметті білдіреді. Бұл мейрам – ортақ Отанымыз, өз шаңырағымызға айналған Ұлы далаға деген ыстық ықыласымыздың белгісі. Жыл сайын дәл осынау күні халықтар достығын нығайтатын, ізгілікке үндейтін Алғыс айту күнін атап өтеміз.

Өмірде тыныштықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Біздің басты құндылығымыз бейбітшілік пен біртұтастық. Елімізді қуатты ететін де осы қасиеттер. Өскелең ұрпақ Отанды шексіз сүйіп, біздің ауызбірішлігіміз сақталған осы үрдісті одан әрі жалғастырса, көркейтсе, өркендетсе екен. Бұл кез келген қазақстандықтың көкейіндегі арманы.

Сондықтан, ұлтым күрд болса да, менің Отаным, туған жерім – Қазақстан. Мен Қазақстанды ешбір байлыққа айырбастамаймын!

Сондай-ақ, бұл мерекені ерекше ықыласпен және зор қуанышпен тойлауымыз керек деп білемін. Бұл күн атамекенінен айырылған әр жанның бір ортаға жиылып ұлт ретіндегі құндылығын қайта жаңғыртқан ұлы күні.

Отаныма, киелі қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтамын!

Алғыс айту мерекесі – біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні.

Этносаралық қақтығыстардың алдын алу

Ағымдағы жылдың ақпан айында Тараз қаласының Достық үйінде  облыс әкімі аппаратының  «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен  өскелең ұрпақ арасында, қақтығыссыз қоғам қалыптастыру мақсатында өңірдің мектептері мен колледждерінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.  Жалпы, дау-дамайлар мен жанжалдарды медиативтік тәсілді қолдана отырып шешу және халықпен құқықтық түсіндіру жұмыстары  ҚХА медиаторлары және Ақсақалдар кеңесі өкілдерінің  қатысуымен жүргізіледі.

Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Николаевна Досыбиева жиынға қатысушыларды  Медиацияның құралдары және ұстанымдарымен, қолдану саласымен таныстырды. Өз сөзінде ол оқушылардың мектеп аумағында құрдастарымен және аға буын өкілдерімен өзара қарым-қатынас, араласу этикеттерін атап өтті: -«Қақтығыстар әр адамның өмірінде жойқын рөл атқарады. Кез-келген жанжал өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да зиян келтіретін, күйзеліс әкелетін эмоциялармен байланысты. Жанжал сияқты келеңсіз жайттар әр адамның өмірінде кездесіп тұрады, оларды болдырмау мүмкін емес.  Біздің жұмысымыз сол жанжалдардың  себебін шешуден тұрады. Міндетіміз – әр адамды қалыптасқан шиеленістерден лайықты шыға білуге үйрету және дұрыс нәтижесін көріп, оң тәжірибе алу, жастарды сабырлыққа, даналыққа тәрбиелеу».

Жамбыл ауданының ҚХА медиаторы Әмірова Нұрлыкүл Сейсенғалиқызы қатысушыларды медиацияны өмірде қолданудың тәжірибесімен таныстырып, өз өмірлік жайттарынан мысалдар келтірді.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жанабаев Рахмиджан Ергешұлы да  колледж студенттеріне «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында дәріс оқыды. Ол,  әр жастағы адамдарды бір-бірімен біріктіретін тарихи, әлеуметтік және биологиялық байланыстардың ұрпақтар сабақтастығы болып табылатындығын атап өтті. Уақыт туыс-жақындарды белгілі бір уақыттарға ажыратып, жастардың тәрбиелік құндылықтары мен өмірге деген көзқарастарын  өзгертсе де, әке мен баланың, ата мен немеренің өзара байланысына әсер етпеуі тиіс. Осы себепті де туыстар, жақындар сабақтастығы мен пайдалы мәліметтермен алмасу дәрістері жастар арасында тұрақты өткізіліп тұру керектігін алға тартты.

Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Зайнутдинов Абдрахман Юлдашұлы этносаралық қақтығыстардың себептері мен алғышарттарын, сондай-ақ ұлтаралық негіздегі жанжалды шешу жолдары туралы айтып берді. Ол мемлекетіміздің – көпұлтты ел екендігін және де этникалық ерекшеліктерге қарамастан Қазақстан конституциясының  заңдарының барша азаматтарға тең екендігін атап өтті. Сонымен қоса, этносаралық қатынастарға  ғылыми зерттеу саласының айрықша назар аударуын талап етті.

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығының баспасөз хатшысы

Бибігүл Шахзада

Тараз қаласының облыстық Қан орталығында “Ерікті донор” акциясы өткізілді

Әлемде қан құюға жыл сайын миллиондаған адамдар мұқтаж болады. Осыған орай, ағымдағы жылдың ақпан  айында жамбылдық этномәдени бірлестікттердің белсенді жастары Тараз қаласындағы «Қан орталығына» барып қан тапсырды. Жастар қатарында Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының мүшелері  және ассамблея волонтералары, этномәдени бірлестіктің белсенді жастары болды. Қайырымдылық шарасы  жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Қан өткізуге, қайырымдылыққа ерікті түрде атсалысатын жастардың биылғы жылғы шарасы «Ерікті донор» атауымен өткізілді. Қолдарына ҚХА жалауын ұстаған жастар, «Қан орталығы» ғимаратының алдында жиналды.Бұл игілікті іс әрбір жанға үлгі болары сөзсіз.

Қан қандай жағдайда керек? Сырқат жандар күнделікті қан құюға мұқтаж болады. Қан немесе қанды құраушы компоненттер жол-көлік оқиғасына ұшыраған, босанғаннан кейінгі ауыр жағдайдағы әйел азаматшаларға, сырқаты терең балаларға ауадай қажет. Ал гемофилиямен және анемия ауруына шалдыққандарға  өмірін сақтап тұру үшін тек қан керек. Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны бір рет донорлық қанды қажетсінеді дейді статистика. Ал «Донор» дегеніміз –өзінің қанын беру арқылы біреуге өмір сыйлайтын адам.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ерікті донорлары, Тараз    қалалық  Қан  орталығының қолдауымен  өткен  атаулы акцияға ерекше  ынта-ықыластарымен атсалысты.

Алдымен тіркеу  бөлімінен өтіп, зертханалық  кабинетте талдама жасалынды.денсаулығы жарамды деп танылған қыз-жігіттер  қанға мұқтаж жандарға өз қандарын өткізіп, қайырымды іс жасады.

Орталық  басшысы Умаров Гулам Мухтарұлы  қайырымдылық іске  белсене қатысқан жастардың  ізгі ниеттеріне  өз  ризашылығын білдірді. Осынау дәстүрлі шара жалғасын тауып, қайырымдылыққа жаны құмар мейірімді жастардың қатары  көбейсе деген тілегінде жасырмады. Мұндай жауапты әрі өте маңызды шараға  жас буынның саналы түрде қатысуы  қуанарлық  жағдай екенін ерекше  атап өтті.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабы жастарының жетекшісі Хамида Турдыева: – «Қайырымдылық акциясына барлығы 40 жас  қатысып, белсенділік танытты.  «Ерікті донор» қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын табады және оған қатысушылар саны  артып келеді»-деді.

Шара соңында  акцияға қатысушылар мекеме қызметкерлерімен естелік суретке түсті.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы

Тараз қаласының Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті

Ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Тараз қаласының Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Аталған форум эстафета түрінде Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, Алматы қаласы арқылы Жамбыл жеріне жолданған болатын.

Форумға облыстың түпкір-түпкірінен қазақ тіліне жетік этнос өкілдері келді. Олардан өзге облысымызға белгілі тіл жанашырлары, облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, облыс ақындары, ЖОО оқытушылары, қоғам белсенділері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, «Мәміле» клубының өкілдері және жергілікті БАҚ тілшілері қатысты.

Қазақ тілін қадірлеп, «мемлекеттік тіл – менің тілім»  деп білетін этнос өкілдеріне арналған кездесудің басты мақсаты да қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырып,  мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді талқылау болатын.

Форум Елбасы Н.А.Назарбаев пен ҚР Президенті К.К.Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл туралы» шағын бейне-ролик көрсетілімімен басталды. Одан әрі «Менің қазақ тіліне жету жолым», «Қазақ тілін қалай үйрендім?» деген сауалдарға  Жуалы ауданы   «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсьмира Мамедова, неміс этномәдени бірлестігінің өкілі және облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармония әншісі Анна Вундер, М.Қашқари  атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Турдыева,  «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері Пряхина Русалина, Вердиева Ругайя, Ибрагимова Фируза жауап берді. Бірі қазақ халқының қызына айналса, енді бірі келіні болып жүрген тілжанашырлары мемлекеттік тілді қалай меңгергендері туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың мемлекеттік тілді білулерінің өзінде бір ерекше тарих жатыр.

Жастар арасынан қазақ тілін жетік меңгергендердің бірі Вердиева Ругайя. Ол тіл білудегі өзіндік ерекшелігі туралы былай деді.

  • «Мектеп кезінде 5-ші сыныптан бастап қазақ тілі сабағын оқи бастадық. Мектеп негізінен орыс тілді мектеп болатын. Қазақша сөйлеуім мүлде төмен деңгейде болды. Бірде маған қазақ тілі сабағынан беретін ұстазым өзінің бұрынғы шәкірттерінің арасында бір аптаның ішінде қазақ тілін жетік меңгерген орыс қызы туралы айтып берді. Осылайша ұстазыма күнде қосымша сабаққа келіп жүрдім. Нәтижесінде бір апта болмаса да бір жарым айда қазақ тілінде еркін сөйлесетіндей дәрежеге жеттім. Қазақ тілін жетік біліу үшін білімді дамытпақ ниетте Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасына келіп екі ай арнайы курс оқыдым. Қазір қазақ тілінде емін-еркін және таза сөйлесіп, кітап, журналдарды мүдірместен оқи аламын.» Ругайя қазақ тілінде жақсы сөйлеумен ғана шектелмейді. Ол қазақ тілінде әуезді ән де сала алады. Форум барысында салған әсем әні жиналған көпшіліктің көзайымына айналды.

Бұдан өзге тіл жанашырлары арасында «Мемлекеттік тіл әлеуметтік баспалдақ»  тақырыбында өзара ой-пікірлер мен  тілектер де ортаға салынды.  Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, ұлтаралық қатынас құралына айналуы туралы «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Нуралиева, Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Фатима Хусейноглы, Жамбыл ауданы   «Барбанг» күрділер  этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабри Асанов, Облыстық «Арай» газетінің тілшісі Нұржан Қадірәлі, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ филология және журналистика кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев, ф.ғ.д., профессор Сәмен Құлбарақов,  Жамбыл облыстық ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Үміт Битеновалар пікір білдірді.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ филология және журналистика кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев: «Қазақ тілі құнарлы тіл. Сөздік қорға бай тіл. Оны толық игеру, қамту ол өзге этнос өкілі үшін оңай жұмыс емес. Елді құрметтеу, сыйлау, оған деген сүйіспеншілік сол елдің тілін білуден басталады. Себебі тілін білмеген жағдайда, өзін  нан жеп, суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған елдің мәдениетін, әдебиетін, өркениетін қалай танисың? Бүгінгі форумда қазақша еркін сөйлеп отырған жастар мен түрлі этнос өкілдерін көріп разы болып отырмын. Менің ана тілімді меңгеріп, үйренгендеріңіз үшін, құрметтегендеріңіз үшін алғыс айтамын! »-деді өз сөзінде.

Іс-шара барысында «Жаңғыру жолы» жастар лигасының жастарының қатысуымен қала тұрғындары арасында шағын сауалнама жүргізіп, мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдері қаншалықты игергенін айқындау мақсатын арнайы дайындалған бейне-ролик көрсетілді. Сонымен қатар,  «Мың бала» жобасының 2019 жеңімпазы, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, № 24 гимназияның 10-сынып оқушысы  Турабекова Индира, №2 және №34 мектептің оқушылары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқыды.

Форум соңында  «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының өкілі Айгүл Кабиева және Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктері мен жастары Алматы қаласынан ұсынылған эстафетаны жамбылдықтардың қабыл алып, ары қарай Шымкент қаласының этномәдени бірлестіктері мен еліміздің барлық облысына жолдау туралы хабарлап, кездесу кешін этномәдени бірлестік мүшелерінің орындауындағы «Өз елім» әнімен аяқтады.

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Назерке Оңғар

Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының мәлімдемесі

Қордайда орын алған оқиға ел азаматтарының жанына батты.

Қайғылы жағдай орын алды, тұрғындар құрбан болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қайтыс болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейді.

Мемлекет басшысы кикілжің салдарын жоюға қатаң тапсырмалар берді.

Біз Қазақстан халқынан осы келеңсіздіктің тез арада шешілуіне барынша қолдау білдіріп, көмек көрсетуін сұраймыз.

Аталған тапсырмаларға сәйкес Ассамблея еліміздің барлық өңірлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, этномәдени бірлестіктермен кездесулер ұйымдастырды.

Ассамблея мүшелері «қылмыс – ұлтқа бөлінбейді» деген пікірді толық қолдайды және кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаға тартылуы керек деп есептейді.

 

Сондықтан бүгінгі күнгі еңбасты мақсат – арандатушыларға бой алдырмау, жеке тұлғалар жасаған тәртіпсіздік үшін бүкіл ұлтты айыптауға жол бермеу.

Ассамблея халық даналығына сенім арта отырып, ел тұрғындарынан, ең алдымен жастардан еліміздегі татулық пен келісімге селкеу түсіретін, асығыстыққа ұрындыратын қадамдар мен іс-әрекеттерден сақ болуын сұрайды.

Қазақстан халқы бір-бірімен әрдайым бауырмалдық қарым-қатынастың жарқын үлгісі болғанын және бола беретініне сенімдіміз.

Балаларымыздың ортақ болашағы үшін ұлтаралық алауыздық тудырмауымыз қажет.

Біз азаматтарды жалған қауесеттерге ермеуге, қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге, ортақ үйіміздегі татулық пен бейбітшілікті сақтауға шақырамыз.