Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асыруда Жамбыл облысынан 8 адам жеңімпаз атанған болатын. Соның бірі, әрі бірегейі Сейдазимов Сембек Әбетайұлы еді. Осыған орай, ағымдағы жылдың тамызында Тараз қаласының «Достық» үйінде «Ақпарат толқыны» алаңшасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктер жастарының «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, меценат, облыстың қоғам қайраткері – Сембек Әбетайұлымен кездесу өтті.
Іс-шараның модераторы Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығының баспасөз-хатшысы Бибігүл Утепова кеш қонағымен кездесуді белсенді жастарды жұмылдыра сұхбат түрінде өткізіп отырды.
Өткізілген іс-шараның мақсаты ұлттық құндылықтарды сақтау, жас қазақстандықтарды мәдени, қоғами ағарту жақтарын тәрбиелік нысанға алу, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді қалыптастыру болып көзделді. Кездесуге қатысқан облыстық ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Ақ желкен» жастар лигасы, Аналар мен ақсақалдар кеңесі, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен қоса облыстық, қалалық БАҚ тілшілері де ассамблея ұйымдастырған іс-шарадан қалыс қалмады.
Сембек Сейдазимов ҚХА жастарымен кездесу барысында өзінің өмірде қолы жеткен жетістіктерімен бөлісе отырып, елінің сүйікті азаматына айналуына ненің себеп болғаны жөнінде сыр шертті. Беделді азамат деген атақ-дәрежеге жетіп, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болу үшін бар болғаны – өз Отанының келешекте көркейіп гүлденетініне толық сенімнің болып, және де сол Отанды дамыту жолында аянбай еңбек етуді болашақ ұрпаққа үлгі тұтты. Өзі түлеп ұшқан киелі Жамбыл топырағына аянбай еңбек сіңіріп, талай қайырымды істерге ұйытқы болып жүрген нар тұлғаның еліміз егемендік алғаннан бастап облыс үшін атқарған игі істері ерен екеніне тағы бір көз жеткіздік.
Еркін сұхбат алаңына айналған кездесу барысында жастар кештің құрметті қонағына өздерін қызықтырған сауалдарын қойып жатты. Әр сұраққа аса мұқияттылықпен жауап берген Сембек Әбетайұлы өмірлік тәжірибесінен түрлі мысалдар келтіре отырып, Жамбыл облысының қоғамдық және әлеуметтік даму жолында нендей іс-шараларға атсалысқаны турасында да өз ойын ортаға салды.
С.Сейдазимов сынды ел ағасының бірқатар игі іс-шараларға, соның ішінде – ауылдарға қатынайтын жол салу, көпбалалы аналарға үй тұрғызып беру, әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлығы жок отбастарына көмектесу, жыл сайын оқуды озат бітірген әр оқушыға стипендия тағайындау сияқты тағы басқа да қомақты игілікті істердің жаршысы екенін жастар естіп тәнті болды.
Үлгі боларлық қасиеттерімен ерекше боп танылған кеш қонағы жиын соңында облыстық ассамблея жастарына Отан үшін, ел үшін, жер үшін мойымай еңбек етулеріне, туған ана тілдерімен қоса, мемлекеттік тілді де алға қойып дәріптеп жүруді, туған өлкенің тарихын, мәдениетін, әдебиетін құрметтеуге бағыт-бағдар берді. – Құрметті жастар, ассамблея өкілдері! Сіздерге, тілерім – тек аянбай еңбек ету! Ерінбей тиянақты тәлім-тәрбие, білім алу! «Өзің білме, білгеннің тілін алма!» дегеннен артық қарғыс сөз жоқ қазақта, білерің көп болсын, жас ұрпақ! Отбасынан ілген тәрбие, білім орадаларынан алған білімдерің биік асуларға жетелесін сендерді, тоқтамаңдар, дами беріңдер!-деп өзінің ақжарма тілегін білдірді. Осыған қоса, Аналар кеңесінің төрайымы, «Жамбыл облысының өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі – Мухаббат Миражапова, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы» төрағасының орынбасары – Ибрагим Зуфаров, «Радонеж» орыс қауымдастығы этномәдени бірлестігінің» мүшесі Антонина Беляева, «Полонез» поляк тілі және мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Араксия Плетнева сынды аға буын және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Артур Лигостаев бастаған жастар кешқонағына жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты.
Ел сыйлаған қоғам қайраткерінің жастармен арнайылап алтын уақытын бөліп, кездесуге келіп, «100 жаңа есім» жобасының иегері болу дәрежесіне жету жолында тың дүниелермен бөліскені үшін облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева алғыс айтып, ассамблея атынан естелік сыйлық пен алғыс хат табыстады. Кеш фотосессиямен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы