ӨЗАРА ТЕҢДІК СИПАТЫ

2023 жылдың 8 маусымында Тараз қаласының «Қоғамдық келісім» мекемесінде Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктері және құрылымдарының, оның ішінде Журналистер клубы мүшелері – өңірлік БАҚ өкілдерінің қатысуымен этносаралық шиеленіске әкеп соқтыратын этникалық және тілдік белгілері бойынша жиналыс өтті.

Ксенофобия мен кемсітушіліктің, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу мен өңір азаматтарының құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бойынша өткен шара семинар және кеңес сипатында өткізілді.

Шараның іс-қимылдарын модератор боп Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың өзі үйлестіріп жүргізіп отырды.

Іс-шара барысында қатысушылар алдында Рахия Тұрмаханбетова, Науатбек Қабылбеков, Алмас Жұмабеков, Алмат Сәдуақас сияқты бірқатар Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы, облыстық прокуратура, полиция өңірлік коммуникациялар қызметі, т.б. салаларының белгілі өкілдері сөз сөйледі.

Баяндама жасаушылардың әрқайсысының санаға қонымды әрбір ой-пікірлері, ұсыныстары, мақсат-жоспарлары жиылған жұртқа өз деңгейінде нақты, дәлелді, лайықты жеткізіліп, этносаралық қатынасты нығайту жолындағы жалпы бағыттары көңілге нық сенім ұялатты.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің ІІБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы да өз баяндамасында Этномедиация саласы бойынша кәсіби жаттықтырушы-медиаторларды тарта отырып, жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердегі оқу орындарының қызметкерлері үшін шеберлік сыныптарын өткізудің, сондай-ақ білім беру ортасындағы жанжалды қатынастарды шешу стратегиясы, алдын алу әдістері, себептері туралы семинарлар мен кездесулер өткізудің оң нәтижелеріне аса назар аударды.

Мәселен, ҚХА Медиация кабинетінің 2022 жылы бітімгершілік рәсімдерді жүргізу жұмыстарының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда медиация кабинеттеріне түскен өтініш 4, 8% – ға өсті, бұл өңірдегі медиация институтын танымал ету бойынша азаматтардың хабардар екендігін байқатады.

Ал енді шешілген қақтығыстар мен даулы жағдайлар биыл да өткен жылмен салыстырғанда 17,6%-ға азайған.

Сондай-ақ, анықталған көрсеткіштердің төмендеуіне Ашық есік күні және халық жаппай баратын орындарда қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырудың әсері тигендігі де атап өтілді.

Бұған қоса, соттарда соңғы уақыттарда татуластыру рәсімдерінің белсенді қолданылуының дауларды бейбіт жолмен шешуге көмегін тигізгендігі де баяндалды.

Ел бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігі мен тыныштығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған жиын сәтті аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен» байланыс бөлімі