ӘЖЕЛЕР – ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУ БҰЛАҒЫ
Бір әулеттің ұйытқысы ғана емес, қоғамдағы тәрбиенің бастау бұлағы болған
әжелердің айтқан ақылы, салған сара жолы талайға үлгі.
Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып, тәрбие беру ісінде
аудандық Аналар кеңесі «Тәрбие – тұнған қазына» жобасы аясында ізгілікті
істерге ұйытқы болуда. Жуырда Жамбыл ауданы Аса ауылындағы
Ю.Гагарин атындағы орта мектебінде аудандық Аналар алқасының
ұйымдастыруымен «Әжелер асыл жандар» тақырыбында танымдық кеш өтті.
Әже мен немере арасындағы қарым-қатынасты дамытуды көздеген кеште ару
қыздар әжелеріне арнап концерттік бағдарлама әзірледі. Өз кезегінде аяулы
аналар «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбы төңірегінде оқушылармен
парасатты әңгіме өрбітті.

