ӘЙЕЛ – ӘЛЕМНІҢ ТІРЕГІ
Ағымдағы жылдың 5 наурызында Достық үйінде халықаралық әйелдер күніне орай, «Әйел – әлемнің тірегі» атты облыстық ҚХА Аналар кеңесінің отырысы өтті.
Аймақтық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали жүргізген жиынға өңірлік кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, серіктес мекемелер, қоғам белсенділері қатысты.
Әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін нығайтып, кеңес аналарының түрлі ұйымдармен өзара байланысын бекемдеуді көздеген шарада «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мерекелік құттықтауын жеткізіп, бірқатар ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижелерін атап өтті.
«Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе» деп бір мақсатта жұмылған кеңес аналарының келелі жиынында облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Айжан Мейірханова «Қоғамдық келісім» мекемесі мен аталмыш басқарманың бірлескен жобалары мен жоспарларын атап өтсе, өңірлік Түрік ЭМБ Аналар кеңесінің жетекшісі Роза Изъятова жастармен өзара іс-қимылдың өзекті тәсілдері тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ, аталған тақырып төңірегінде облыстық «Әулиеата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары Айгүл Қабиева, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева ой бөлісіп, мерекелік лебіздерін білдірді.
Аналар бас қосқан кеште облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Асқарбек Ақылшаұлы, «Жомарт Жан» волонтерлік орталығының өкілдері Жалил Аббосов және Зайнуддин Махусеев әлемнің мәні болған әйелдер қауымына шынайы ықыластарын жеткізді.
Кеш барысында облыстық Немістер қоғамдастығы Аналар кеңесінің төрағасы Татьяна Осипова “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” мерекелік төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, ару аналарға мерекелік сыйлықтар табысталып, «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Асылхан Шүңірековтің ән шашуы тарту етілді.