ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату керек. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында жастармен кездескен ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-аудармашы Камал Әлпейісова осылай деді.
Келелі кездесудің қонақтары жастарға Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған отбасы құндылығы, лудомания мен діни ағымдарға көзқарас, мәдениет пен руханият тұрғысында кеңінен баяндады.
Күні кеше елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін Заң мақұлданған болатын. Ал жаңа Заң жобасын ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып қолданысқа енгізу қажеттігін Нәзипа Ыдырысқызы тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мамандық иелеріне түсіндіріп өтті.
Дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы.Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам биік дәрежеге жетеді.
Камал Әбілқасымқызы «Қайтсе ұрпақ өрелі болып өседі?» дей келе, қазіргі күні елімізде арабтарға еліктеу мәселесі елең еткізіп отырғанын айтты.
Сондай-ақ, жиында өскелең ұрпақты өз ұлтына деген сүйіспеншілікке шақырып, жастарды көбірек кітап оқып, рухани бай болуға үндеді.
Кездесу соңында жазушы студенттермен сұхбат құрып, шығармаларымен таныстырды.