«Ұлы Жібек Жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту»

 

8 маусымда Меркі ауданы ипподромында Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған  «Ұлы Жібек Жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты  керуенді қарсы алу іс-шарасы өтті. Аталмыш шараны Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және Меркі ауданы әкімі аппараты ұйымдастырды.

Керуеннің Меркі ауылына келіп жетуі Ұлы даланың ең құнарлы сусыны қымызға арналған мереке – «Қымызмұрындыққа» тұспа-тұс келді. Ипподром қақпасының алдында жолаушыларды ауданның сыйлы ақсақалдары мен этномәдени бірлестік өкілдері қарсы алды. Ал дарынды ақын Қазақстан халқының достығы мен бірлігіне арналған жырдан шашу шашты. Ипподром аумағында меймандарға арнап 8 павильоннан тұратын этноауыл тігілді. Олардың әрқайсысында облыстық этномәдени бірлестік өкілдері құтты қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды. 

Павильондарда ұлттық киімдер киген барлық этнос өкілдері ән айтып, би билеп, ұлттық дәмнен дастархан жайып,  әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді көрсететін театрландырылған қойылым қойды, ниет білдіргендерге қолөнердің сан түрінен шеберлік сағаттарын өткізді. Одан бөлек, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-і қонақтар мен тұрғындар арасында «Жастықпен ұрып құлату» және «Арқан тартысу» сынды ойындар ойнатты. Жеңіске жеткендерді бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ал ипподром алаңының ортасына қойылған алтыбақан мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.

Облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков те шара ортасынан табылды. Ол барлық павильондарды аралап, осы ауқымды іс-шараға белсенді қатысып жатқан этномәдени бірлестік өкілдеріне алғысын білдірді.

Сонымен қатар, әрбір этномәдени бірлестік арнайы даярлаған кәдесыйлар мен қолөнер бұйымдарын керуен басына ұсынды. Осылайша, қоржынға салынған барлық сыйлар керуенмен бірге Астана қаласындағы халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесіне аттанды.  

Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі