«Ұлы дала аңыздары»

6

Облысымызда Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы мен облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Ұлы Дала аңыздары» атты этноэкспедиция жолға шықты. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Құрамында «Қоғамдық келісім» КММ-нің қоғамдық көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Камал Нарбатыров, сәндік-қолданбалы өнер шебері, аталған мекеменің әдіскері Вера Майкович пен жастармен жұмыс жасау бөлімінің әдіскері Дарья Бурмакина бар делегация мүшелері облысымыздың Талас, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында болып қайтты.

Әр аудандағы этноэкспедиция жұмысы пресс-конференция отырысынан басталып, оған аудандағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері көптеп қатысып отырды.

Аталған жоба аясында этноэкспедиция мүшелері балаларға арналған сауықтыру лагерьлерінде болып, онда «Біз қазақстандықтар – Ұлы Дала елінің балаларымыз» атты тақырыпта толеранттық сабақтар ұйымдастырды. Балалар өзіміздің жас республикамыздың даму тарихы мен ұлттық өнерлеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Іс-шараға қатысушылар өткенге саяхат жасап қана қоймай, өздерінің шығармашылық әлеуетін одан әрі нығайта түсті. Соңында әдіскер Дарья Бурмакина балалармен «Ұлы Жібек жолы – біздің мәдени мұрамыз» атты мәдени-танымдық ойын ұйымдастырып, балалар қағаздан жасалған ұшақтарды аспанға ұшырды.

– Біздің қасиетті жерімізді ежелде Ұлы Дала деп атаса, біздерді – Ұлы Даланың балалары деп атап келеді. Оған ұлы ақындарымыз талай өлең жолдарын арнай отырып, халықтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятты, – деп атап өтті Камал Нарбатыров. – Менің ойымша, біздер, ата-бабаларымыздан қалған мұра, ұлттық өнерімізді, жоғары деңгейде ұстап бағалай білуіміз керек. Сонымен қатар сіздерді облыс орталығында жаңадан салынып жатқан «Бейбітшілік пен келісім» сарайының мұражайына аудан тұрғындарының қолында бар ежелгі экспонаттар мен отбасылық ескерткіштерді  сыйлық ретінде тарту етуге шақырамын».

Сонымен қатар, сәндік-қолданбалы өнер шебері Вера Майкович аудандардағы қолөнер шеберлеріне арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, қазіргі уақытта мұражайда бар экспонаттармен таныстырды.

Камал Нарбатыровтың айтуынша бұл іс-шараның басты мақсаты Ұлы Жібек жолы тарихи –мәдени мұраны насихаттау, қазақстандықтарды азаматтық бірегейлікке тәрбиелеу және облыстық «Бейбітшілік пен келісім» сарайының мұражайына экспонаттар жинау.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.