ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ОЙЫНДАРЫНАН СПАРТАКИАДА

Салауатты өмір салтын ұстанайық! Осындай ұранмен жексенбіде Тараз-Арена спорт кешенінде этномәдени бірлестіктер (ЭМБ) арасындағы Қазақстан халқы ойындарынан облыстық спартакиада болды. Бұл іс-шараны қалыптасқан дәстүр десек те болады. Себебі оны өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе отырып жыл сайын өткізеді.

Этномәдени бірлестіктер арасындағы облыстық спартакиада Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауын жүзеге асыру жоспарына сай ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ол салауатты өмір салтын насихаттап, барлық ЭМБ мүшелерін спортпен айналысуға шақыруға бағытталған. Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, осы сынды іс-шаралар Жамбыл облысында өмір сүретін этностар достығы мен ынтымақтастығын арттыруға септігін тигізеді.

Спартакиада 4 спорт түрі бойынша өткізілді: арқан тарту, шахмат, үстел теннисі және эстафета. Оған облыстық немістер қоғамының, «Коре» кәрістер ассоциациясының, «Днипро» украин ЭМБ, «Манас ата» қырғыс ЭМБ, өзбек ЭМБ және «Барбанг» облыстық күрдтер ассоцияциясының командалары қатысып, бақтарын сынады.

Бірнеше сағатқа созылған тартысты сайыстың командалық нәтижесі бойынша украиндық «Днипро» 108 ұпаймен қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Өзбек этномәдени бірлестігі 92 ұпай жинап екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті «Коре» кәрістер ассоциациясы түйіндеді. Жекелей спорт түрлерінен үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар да дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі