ҚАТЫСУШЫЛАР ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІ МЕҢГЕРДІ

ҚХА-ның «Бір ел» тарихи-танымдық жобасы аясында Жамбыл облысында өтіп жатқан республикалық жастар форумы қатысушыларға көптеген саланы қамтып, жан-жақты ақпарат беруде.

Үш күнге ұласқан шараның екінші күнінде жастар қазіргі әлемде табысқа жетудің бірден бір кілті саналған шешендік өнердің қыр-сырына қанықты.

Бүгінде мақсатқа жету және мансап пен мүмкіндікке қол жеткізу адамның аудитория алдында өзін ұстау және сөйлеу қабілетіне тікелей байланысты. Осыған орай, жоба барысында қатысушы жастар Алматы қалалық «Ассамблея жастары» ұйымының белсендісі, «Включи харизму» ораторлық шеберлігі жобасының авторы Әлімжан Бауыржановтан шешендік өнер бойынша дәріс алды. Еркін форматта өткен тренингте спикер адамның тұлғалық қасиеттерін дамыту, сөз шеберлігін қалыптастыру тақырыптарында сөз қозғап, адамның ең үлкен қорқынышының бірі – көпшілік алдында сөйлеу екенін атап өтті.

Сонымен қатар, тақырып аясында шешен сөйлеудің логикалық-композициялық құрылысы мен стильдік табиғатына, импровизациялық өнердің түрлі әдіс-тәсілдеріне тоқталып, жастардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, дамыту ынтасын анықтауға, бағыт-бағдар берді.

Спикер форум қатысушыларымен топтық және жеке жұмыс түрлерін жүргізу арқылы қатысушыларды көшбасшылық, аудиторияны қалай тез орналастыру керектігі туралы келіссөздер жүргізу дағдыларына үйретті.

Екінші күннің кешінде бағдарлама бойынша қатысушылар топтық ойын ойнап, серуенге шыққан соң мерекелік кештің куәсі болды. Шара қонақтарына арнап бұл күні кең дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен өрілген кеште облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекеме басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев жастарға ізгі тілегін білдірді.

Достықты ұрандаған форум жастары ән айтып, би билеп, кешті көңілді өткізді.