ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ ТОЛАСТАМАЙДЫ

Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барып, қазыналы қарияларға құрмет көрсетеді.

Биылда бұл үрдістен жаңылмай облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесі аталмыш орталықта болып, қарттарды тағылымы мол мерекемен құттықтап қайтты.

Ел қазынасы қарттарды ұлықтайтын мерекеде облыстық «Қоғамдық келісім» мекеме басшысының орынбасары Сәуле Досымбекқызы, облыстық «Ахыска» Түріктер этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Жалил Аббосов орталықтың қызмет алушыларын мерейлі мерекелерімен құттықтап, сыйлықтарын тарту етті. Айта кетейік, мерекелік сияпаттарға облыстық мәслихат депутаты, ҚХА меценаты Жалил Әзімұлы демеушілік еткен болатын.

Шара барысында айтулы күнмен тұспа-тұс өмірге келген орталықтың қызмет алушысы Мақұлбек Ортаев қарияны жиналған көпшілік туған күнімен құттықтап, ақ тілектерін жеткізді.

Бұдан соң мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Жамбыл облыстық Грек этномәдени бірлестігі «INFINITY» би ансамблінің өнерімен бастау алғанконцерттік шарада Диас Нұрпейсов, Мадина Бекмурзаева, Алуа Дәулетбергенова және Қалижан Саркеев секілді облыстың жас өнерпаздары «Қазақстаным», «Әке-ана», «Құнан нар», «Туған ел» әндерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

Арнайы сый-сияпатын дайындап, құрмет көрсеткен ұйымдастырушыларға қариялар атынан орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Эльмира Қараулова алғысын білдірді.