Қайырымдылық ұлт талғамайды
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының түрлі форматта ұйымдастыратын қайырымдылық шараларының маңызы өте зор. Қайырымды тірлікке ұмтылған этнос өкілдері біріншіден, Байзақ ауданында болған жарылыстан зардап шеккен жандарға қолда барын аямай атсалысуда.
Сын сағатта көмек қолын созуға Жамбыл облысы ҚХА мүшелері де ниет білдірді. «Қазаны басқаның қайғысы басқа» демей, қабырғасы қайысқан жұртқа көмек қолын созып жатқан халық аз емес. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылындағы дүнген этносының өкілдері Қайнар ауылындағы жарылыс салдарынан қираған үй-жайларды қалпына келтіріп жатқан әскери азаматтар мен жұмысшыларға, барлығы 150 адамға түскі ас ұйымдастырды.
Сондай-ақ, жақындарынан, үйлерінен айрылып, қиын жағдайға душар болған жандарға көңіл айта отырып, Полаткосшы ауылдық округінің Жалпақтөбе ауылының имамы Рахматулла Каримовтың бастауымен «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мүшелері мен мешіт қызметкерлерінің атынан азық-түлік түрінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтсақ, 5 мың тоннадан аса (110 қап) картоп, 5 тонна (135 қап) пияз бөлу шамасында қайырымдылық танытып, жергілікті жұртқа қолдау білдірді.
Бұған қоса, Шу ауданы Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, облыстық ассамблея меценаты Никон Ким де игі іс жасаудан қапы қалмады. «Биылғы жылы 3 мектептің жөндеуді қалап тұрған сынып бөлмелеріне пластикалық есіктер қою үшін және мектеп маңайын қалпына келтіру жұмыстарына – 420 000 теңге қаржы бөлдім. Бұдан бөлек,алғаш мектеп табалдырығын аттаған 25 бүлдіршінді 560 000 теңгеге сөмкелер және оқу құралдарымен қамтамасыз еттім. Сондай-ақ, 380 000 теңгеге ата-анасыз қалаған жетім өскіншектерге пәтер алып бердім. Осыған қоса, жалғызбасты зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларына отын-көмірдей, азық-түліктей, барлығы – 600 000 теңге көлеміндегі қаржыға қайырымдылық жасадық, – деп аяқтады сөзін Никон Маркович.
Жығылғанды тұрғызып, сүрінгенді қолтығынан демеу әрбір азаматтың парызы. Мұндай азаматтардың қатарында Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген қайраткер, ҚХА мүшесі Исмазов Руслан Бакировичті ерекше атап өтпеу мүмкін емес. Сонымен бірге, қалалық №34-мектептің басшысы Динара Хатамқызы Нұралиева да ел басына күн туғанда отандастарымыздың жанынан табыла білетін этнос өкілдерінің бірі. Облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының бұл өкілдерінің айтылмаған қайырымды істерінен бөлек айтылып жасалған игі істерінің біріне тоқталсақ, Руслан Бакирұлы мен Динара Хатамқызы аталған №34-мектептің 30-дан астам бастауыш сынып оқушыларына 300 000 теңгенің көлемінде мектепке қажетті – сөмкелер, оқу құралдары, мектеп формалары таратылды. Мұндай қайырымды істер қашанда бірлікті нығайта түсері сөзсіз.
Асыл қасиеттерден ада қалмаған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің көрсеткен көмегі байзақтықтардың қайғысын ұмыттырмаса да, жүректеріне сенім ұялатарына сенеміз.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, осындай қысылтаяң сәтте қолғабыс етіп жатқан өңірлік ассамблеяның этномәдени бірлестік өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз!
Аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері зардап шеккендерге көмек көрсетуден бас тартқан емес ешқашан. Әрдайым белсенді жұмыс жүргізе жөнеледі. Себебі, қайырымдылық ұлт талғамайды!
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы