ЕРТЕГІ – ТАНЫМНЫҢ КӨЗІ

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі жүзеге асырып отырған «Әжемнің ертегісі» жобасы аға буын өкілдері мен балалардың басын біріктіріп, білім ошақтарын кеңінен қамтып отыр.

Соның бірі ағымдағы жылдың 12 наурызы күні Тараз қаласындағы №13 мектепте түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға арналған «Әжемнің ертегісі» атты фольклорлық сабақтар топтамасы өтті.

«Радонеж» Орыс қоғамдастығының өкілі, аталмыш мектептің музыка пәнінің мұғалімі Оксана Дьяченко ұйымдастырған іс-шараға облыстық ҚХА Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, бастауыш сынып оқушыларына «Үш аю», «Алтын тиынның құпиялары», «Жақсылық пен зұлымдық», «Қарашай-балқар наны», «Қанатынан айырылған Малах» сынды түрлі этностардың ертегілерін оқып берді.

Ертегі оқып балалардың естерінде қалған аналар қатарында «Шиват Цион» еврей мәдени орталығының төрайымы Ирина Акулова мен осы бірлестіктің Аналар кеңесінің мүшесі Нина Михайлова, Жамбыл облыстық орыс драма театрының әртісі Надежда Турманидзе, Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері – Айгүл Озғанбай («Әулиеата» қазақ мәдени орталығы), Фатима Галиулина («Татар мен башқұрт Қазақстандық конгресі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы), Татьяна Осипова («Жамбыл облысы немістер қоғамы»), Раиса Хурттуева («Қарашайлар мен балқарлардың Жамбыл облыстық этномәдени бірлестігі») болды.

Сондай-ақ, жиын аясында тыңдаушылар назарына «Ахысқа» Түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Ләйлә Мұзафарованың «Айлакер лақ» және «Иттің оқиғалары» ертегілері де ұсынылды.

Шараға белсене қатысқан мектеп оқушылары қонақтарға ән шырқап, шығармашылық қойылымдарын қойды.

Жиын соңында балалар тыңдаған ертегілері туралы пікірлерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті.