Баршаңызға аян, Қазақстан халқы үшін жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» оңай болған жоқ
Баршаңызға аян, Қазақстан халқы үшін жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» оңай болған жоқ. Оқыстан болған қайғылы қақтығыстан жүректе әлі сызат бар. Жазмышқа озмыш жоқ. Қазақ жұртының басына қандай қиыншылық түссе де біз шешен, орыс, ұйғыр, өзбек деп ешқашан ұлтқа бөлінбегенбіз. Осы бірлік өз жалғасын табатынына еш күмәнім жоқ. Халқымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі биыл елімізге, әрбір отбасына ерекше бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкеледі, барлық қиыншылық артта қалады деп сенемін.
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең» демекші әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін мерекелі, берекелі күннің шаағаты жылдан-жылға жалғасын таба берсін.
Еңсесі биік елімізде елдіктің іргесі сөгілмей, бірліктің бесігі тербеле берсін. Мерекеден мерекеге басымыз аман, бауырымыз бүтін жетейік, барша қазақстандықтар!
Жамбыл облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов