«Менің отбасымның дәстүрі» байқауы
Жамбыл облысында «Үлкен ел-Үлкен отбасы» жобасы аясында, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктер арасында «Менің отбасымның дәстүрлері» атты облыстық байқау басталды.
Іс-шараға ҚХА мүшелері, мемлекеттік мекемелердің, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, жастар қауымы мен БАҚ қатысты.
Байқау қонағы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева құттықтау сөзінде «Бүгінгі ұйымдастырылып отырған байқау отбасы құндылықтары мен отбасы-демографиялық саясатты насихаттау аясында өткізілуде. Біздің басты мақсатымыз отбасы институтын насихаттай отырып нығайту, әрбір отбасындағы дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу»,- деді.
Байқаудың әділ қазылар алқасының құрамында «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арын Асқарбеков, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова , ардагер ұстаз, «Ел анасы» кеңесінің мүшесі Кәмиләш Ахметжанова болды.
Байқауға облысымыздағы этномәдени бірлестіктерден бірнеше отбасы қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Олардың қатарында Талас ауданынан Малыхиндер отбасы, Т.Рысқұлов ауданынан Байрамуковтар, Жуалы ауданынан Металимовтар, Байзақ ауданынан Қасымовтар және Тараз қаласынан Ашировтар отбасылары. Байқау: «Өзін таныстыру» (бұл кезеңде әр отбасы өздері және дәстүрлері жайлы баяндайды), «Халық даналығы» (әр отбасының мүшесі өздеріне қойылған логикалық және ситуациялық сұрақтарға жауап береді) және «Өнерлі отбасы» (әрбір отбасы музыкалық көрініс дайындайды) кезеңдерінен тұрды. Қатысушылар әр кезеңге жоғары деңгейде дайындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз –қызметі.