Біртұтас ұлт болып бірігуіміз керек

Жалпы азамат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытып, өткен дәуірден қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойды аулақ ұстауға, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізбекпіз. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жаңғыруы байыпты қалыпта, уақыт талабын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Эволюциялық жолмен жаңғыру қазақстандық азаматтың басты бағдарына айналмақ. Олай деуімізге себеп әлемдегі түрлі революциялардың ешқашан оңтайлы нәтиже әкелмегенін білеміз. Жаһандану үрдісіндегі басты талап қазақ тілімен бірге әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибелер мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік әпермек.

Дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан 30 жылда биік белестерді бағындырып, бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жетті. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте жеткен жетістіктерімізді еселеуді көздеп отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлт болып ұйысуымыздың өте маңызды екенін алға тартты. Өйткені біздің жеткен жетістіктеріміздің негізі халқымыздың ынтымағында. Бәріміз үшін бағалы да, құнды да, маңызды да ел бірлігі. Одан артық ештеңе жоқ. Санамыздың ізімізден озып жүруі, ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуы – ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың бірегей жолы. Бұл бағдар әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп сенемін.

 

Сабри Асанов,

Жамбыл ауданы бойынша «Барбанг»

күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы