Аграрлық салаға серпін берді

Елімізде ауыл шаруашылығы экономика саласында ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығының дамуынан мемлекетің азық-түлік қауіпсіздігі жəне халықтың əлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгереді. Еліміз ауыл шаруашылығын жетілдіруде жəне жандандыруда кең көлемде ресурстар кешеніне ие болып отыр. Олардың қатарына мал шаруашылығын дамыту, көкөніс өнімдерін, мақта өсіру, егін жай өнімдерін саралау жатқызылады. Еңбек өнімділігін арттыру жəне егін жайдың құнарлық сапасын жақсартуда көптеген мүмкіншіліктер пайдаланылып келеді, яғни ресурстарды тиімді қолдану жəне егіс алқаптарының көлемін көбейтуде ілгерілеушілік байқалады.

Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бəсекеге қабілеттілігін жəне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жиынтығын қамтиды. Алайда саладағы еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, қолданылатын технологиялардың жетілмеуі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақтығы оның кең көлемде дамуына мүмкіндік бермей отыр. Ол үшін қолда бар материалдық, еңбек жəне басқа да ресурстарды экологиялық талаптарға сəйкес толығымен қолдануды қамтамасыз ету керек.

Мемлекеттің ауыл шаруашылығын реттеу əдістері экономикалық тепе-теңдікті сақтаудан, ауыл шаруашылығы өндірісін өндіруден жəне қайта өңдеуден, сонымен қатар шикізат пен азық-түліктің объективті қажеттілігінен туындаған. Өйткені ауыл шаруашылық өнімдері кез келген мемлекеттің экономикалық жəне əлеуметтік тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында аграрлық салаға баса мән берілді. Сала жұмысын жандандыру, кеткен кемшіліктерді жою, осы орайда тиісті шараларды қабылдау қажеттілігі нақты айтылды. Шаруаларға субсидия беру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық әрі қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор болғандықтан, аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн экономикалық жəне ең бастысы əлеуметтiк негізде стратегиялық жағынан маңызға ие. Қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы өніміне өсіп жатқан жаһандық сұраныс жағдайында экологиялық мəселелер есепке алынып, ұлттық бəсекеге қабілетті брендтер құрылуы тиіс. Жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, жер өңдеу мəдениетін өзгертіп, мал шаруашылығындағы дəстүрлерімізді жаңғыртсақ, ауыл шаруашылығында толағай табыстарға жететініміз анық.

 

Рүстем Бегалиев,

Жамбыл аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы