Маңызды мәселелер айтылды
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын ел тұрғындары асыға күтеді. Міне, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялап, жұртшылықтың көкейіндегі біраз мәселенің түйінін тарқатты. Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздегі маңызды деген саяси, əлеуметтік жəне экономикалық мəселелер көтерілді.
Көптеген қордаланған мəселелердің шешімі Жолдауда айтылды. Мысалы, келер жылдан бастап ең төменгі табыс көзі 42 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін артатын болады. 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өседі. «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ел тұрғындары арасында бірқатар əлеуметтік мəселелердің шешімін табуға мүмкіндік берер еді. Жалпы, бұл Жолдауды тарихи оқиға деуге негіз бар. Президент Қазақстанның экономикалық-əлеуметтік дамудың жаңа белесіне шыққанын айтты. Тəуелсіздік жылдарында еліміз айтулы белестерді бағындырды. Дегенмен, əлі де атқарылар жұмыстар аз емес. Бұл туралы ашық жəне əділ айту керек. Өзімізге өзіміз өткір сауалдар қойып, ақылға қонымды жауап таба алғанымыз жөн.
Жаңа кезең Үкіметтен жаңаша жолды талап етеді. Қазір ұлт болып ұйысып, бірлесе жұмыс істейтін уақыт келді.
Индира ТОҒАНБАЕВА,
аудандық мәслихаттың депутаты,
«Әулие Ата»Қазақ мәдени орталығының мүшесі