Этномәдени бірлестіктер спартакиадасы

12

«Тараз – Арена» спорт сарайында этномәдени бірлестіктер арасында кезекті облыстық Қазақстан халқы ойындарының спартакиадасы болып өтті.

Биылғы жылы спартакиада спорттың төрт түрінен: стол теннисі, шахмат, арқан тарту және халық ойындары түрлерінен эстафетадан тұрды.  Оған әртүрлі ұлт өкілдерінен жасақталған алты команда қатысты.

– Біздің команда осындай этнобірлестіктер арасындағы спартакиадаға бірінші жылы қатысып отырған жоқ, – деп атап өтті ұйғыр этномәдени бірлестігінің «Ынтымақ» командасының жетекшісі Мухабат Турдыева. – Бір айта кететін нәрсе, осындай ойындар қатысушы командаларға тек оң сипатты шабыт әкеледі. Мысалы, тек дайындықтың өзі не тұрады. Жастарымыздың ауызбіршілігі ұлғая түседі, себебі оларда тек бір ғана мақсат – жеңіс болғандықтан, олар аянбай жаттығады.  Бұл жастарымыздың денсаулығы мен өзара қарым-қатынасына да оң әсерін тигізеді.

– Мен үшін спорт – өмірімнің бір бөлігі десе де болады, – деп атап өтті еврей этномәдени бірлестігінің белді өкілі Тамара Вятчина. – Осындай спартакиадаға қуана-қуана қатысамын. Және де осындай ойындардың жыл сайын ұйымдастырылатыны құба-құп, себебі бұл әртүрлі  этномәдени бірлестіктер өкілдерінің бір бірімен жақын араласып, өзге ұлттардың салт дәстүрлерімен танысуына, сонымен қатар этнос өкілдері арасында достық қарым- қатынастың ұлғаюына себеп болады.

Спартакиада қорытындысы бойынша бірінші орынды «Байзақ» құрама командасы, екінші орынды үйғыр этномәдени бірлестігінің «Ынтымақ» командасы және үшінші орынды неміс этномәдени бірлестігінің «Ювель» командасы иеленді. Барлық қатысушылар мен командаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

12-2

12-3

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз – қызметі.