Таразда дүнген этномәдени бірлестігінің концерті өтті
Қазақ елі бостандыққа ұмтылысы мен өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік туын қолына ұстағанша қазақ батырлары да, ақындары да тыным таппады, табандылықпен небір “тар жол, тайғақ кешуден” өтіп, аянбай күресе білді. Осыған қатысты, ағымдағы жылдың 25-маусымы күні Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен
«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ж.Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Отаным – Қазақстан” атты концерттік бағдарлама ерекше серпінмен аталып өтті. Ашық аспан астында, қаламыздың қоңыр бір кешінде өтіп жатқан осынау демалыс концертіне “Көне Тараз” тарихи-мәдени кешенінде серуендеп жүрген қала тұрғындары мен қонақтары да назар аудармай қоймады. Концерттік бағдарлама көрермендер жиналғанша облысымыздың Жүсіп Баласағұн атындағы Филармонияның әншісі, “Мәдениет саласының үздігі” – Орынбаева Торғынның орындауында Е.Хасанғалиевтің ”Айналдым елім” әнімен басталды. Сонымен бірге филармония әншісі Ғани Мәтебаевтың “Дүнген қызы” әнімен жалғасып, өз тыңдаушыларын әсем дауысымен баурап әкетті. Неліктен “Дүнген қызы” әні шырқалды десеңіздер, аймақтық ассамблея мүшелері қатысқан ерекше кештің басты себепшісі – Идыбо Айша Люшировна бастаған облыстық “Вынхуа” дүнгендер этномәдени бірлестігінің шығармашылық тобы еді. Әсерлі кешіміздің шымылдығы дүнген баласы Курбанов Байрамның орындауында қазақтың қара домбырасынан төгілген қазақ күйімен ашылды. Дүнген жастарының шығармашылық тобын қолдау мақсатында Орталық Азиядағы жалғыз дүнген халықтық-этнографиялық фольклорлық ансамблі, дүнген өнерінің шыңы – “Шунтян” (Весна) өнер көрсетті. Бұдан өзге, өнерлі дүнген жастарының орындауында – Лидинцай Раянаның “Желсіз түнде жарық ай” әні, Сава Хакимнің «Атамекен» әні, кішкентай бүлдіршін бишілердің «Қолшатыр «биі, Дулазова Камила мен қалалық №34-орта мектебі биші қыздарының орындауында “Вади щинэ”, “Фантазия” билері, Манезова Алинаның “Сен менің жүрегімдесің» , “Ертегілер елінде” әндері, Мусаров Рашид пен Чива Закирдың “Думин гуннен” әні орындалды.
Дүнген халқының қазақтың әсем әндерін, өз этносының сарынды әуендері мен билерін нақышына келтіріп орындап, ашық түсті маталардан тігілген көз тартар ұлттық киімдерімен өнер көрсетуі жиылған жұрт көңіліне ерекше әсер етті. Алдағы уақытта да осындай концерттік бағдарламадан тұратын аймақтық ассамблеяның жағымды кештері жалғасын таппақ.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат
басқармасының “Қоғамдық келісім”
Баспасөз қызметі орталығы