Бір ел – бір тарих
Бүгінде облысымызда 87 этностан құрылған 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың 34-і аккредитациядан өтіп, ассамблея тізіміне енген. Қазіргі таңда облыстық ассамблеяда ғылыми-сараптамалық топ, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, медиация кабинеті, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Аулие ата» еріктілер орталығы жұмыс істеуде. Осы орталықтардың ұйымдастыруымен өткен жылы 892 іс-шара өтіп, оған 58500 адам қатысты. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен түрлі форматтағы 560 іс-шара өткізілген болатын. Атап айтсақ, «Рождество», «Масленица», «Наурыз», Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, этностардың мәдени күндері, «Мейірімділік керуені» ұлттық қайырымдылық акциясы және тағы басқа іс-шараларды айтуға болады.
Сондай-ақ «Рухани жағыру» бағдарламасы аясында «Жамбыл облысындағы этностардың дәстүрлері мен мәдениеттері» атты энциклопедияны шығару және ол энциклопедия негізінде интерактивті картаны құру» және «Ұлы Дала Қазынасы» («Сокровища Великой Степи») жобалары іске асырылды. Бұл жобалар республикада баламасы жоқ деп танылған. Биыл осы жобалардың негізінде ассамблеяның «Жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру» республикалық жобалары және «Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени танымал ету» мәдени-білім беру жобасы әзірленді. Бұл бойынша еліміздің барлық өңірлері жұмыс істеуде.
Ассамблея қызметінің басым бағыттарының бірі – Медиация институтын ілгерілету. «Қоғамдық келісім» КММ-де медиация кабинеті жұмыс істейді. Онда сенім телефоны орнатылған. Бүгінде облыста 40 Медиация алаңында халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсету бойынша қабылдау кабинетері жұмыс істеуде. Өткен жылы олардың қызметіне 791 азам жүгініп, 631 дау-жанжал оң шешімін тапқан. Медияция жұмысы бойынша облысымыз республикада 3 орынды иеленіп отыр.
Өңірлік ассамблея өткен жылы 570 миллион теңгеге 48 мың адамға көмек көрсетті. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктердің көмегімен 32 мың адамға 441 миллион теңге жәрдем берілді. Төтенше жағдай кезінде 25600 адамға 160 миллион теңгенің азық-түлігі, медициналық жабдықтар мен ИВЛ аппараттары алынған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің отбасына қайырымдылық көрсетілген. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 2 отбасына 30 миллион теңгеге үй сатып әперілді.
Қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудандарда ассамблеямен бірлескен қоғамдық келісім кеңестері құрылуда. Бүгінде қоғамдық келісім кеңесі – 181, бірлескен қоғамдық келісім кеңесі – 9 бірлікке жетіп отыр. Олардың күшімен 246 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ олардың ұйымдастыруымен Достық үйінде халықтың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Халықтан 45 өтініш түсіп, оның 20-сы сол арада шешіліп, 25-і тиісті инстанцияларға жіберіліп, жыл ішінде шешімін тапқан. Облыстың 6 ауданында 12 көшпелі отырыс өткізілген.
Аналар кеңесі болса 102 іс-шара ұйымдастырған. ҚР Жоғарғы Сотының «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында Аналар кеңесіне жүгінген 59 отбасының 40-ын ажырасудан сақтап қалған. Бұдан бөлек, кеңес атаулы әлеуметтік көмек алушылармен, мемлекеттік грант алып кәсібін бастағандармен кездесіп, жиын өткізген. Сонымен қатар ерте жүктілік, туыстық некенің алдын алу, әйелдерге құқықтық көмек көрсету мақсатында көшпелі отырыстар ұйымдастырылды. Республикадағы аналар кеңесінің жұмысы үздік деп танылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына қосқан үлесі үшін ҚХА алғыс хатымен марапатталды.
Ал «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өз жұмысын қайырымдылыққа бағыттап Еріктілер қозғалысы орталығы құрды. «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясында ассамблея жастары 13,5 литр қан өткізген. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Хамида Турдиева «Еріктілер жылы» халықаралық байқауында «Корпоративтік еріктілік көшбасшысы», Насыров Станислав «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясында бірінші жүлделі орындарға ие болды.
Жалпы ұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Артур Лигостаев, Хабиб Әлиев, Сабина Заитова, Рахат Ерханұлы ассамблеяның республикалық Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекеттік тілді үйренуге 2239 ассамблея өкілі қызығушылық танытқан. «Мәміле» клубының мүшелері карантин кезінде «Үйде отырып, қазақ тілін бірге үйренеміз», «Каз.онлайн», «Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы», «Этнодастархан» және «Тілге құрмет – елге құрмет» интернет-акцияларын ұйымдастырып, арнайы іс-шараларға қатысқан. Республикалық «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына облыстың әр өңірінен мемлекеттік тілді жетік меңгерген 1287 адамның тізімі ұсынылды.
Өткізілген іс-шаралар аясында белсенділік танытқан ұйғыр этномәдени бірлестігінің басшысы М.Турдыева, дүнген этносының өкілі И.Буларов II дәрежелі «Достық» ордендерімен, облыстық «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің өкілі Д. Нұралиева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Журналистер клубының қызметін этносаралық тақырыптарды қозғайтын республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 20 тілшісі жүргізеді. Өңірлік ассамблеяның қолдауымен өткен жылы 2 мың дана таралыммен «Ұлы шаңырақ» облыстық газеті шығарылды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында жыл сайын облыстық «Бір шаңырақ астында» байқауы ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда облыстық «Jambyl» телеарнасында екі тілде «Достық дастарқаны», «Философия вкуса» телебағдарламалары жүргізілуде. Онда түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрлері мен ұлттық тағамдарын көрсетіледі. Телеарна тілшісі Ильдар Гизатуллин өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын насихаттағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Баспасөз орталығының барлық жұмысы республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Бибігүл Шахзада «Мейірім»төсбелгісімен марапатталды.
Дегенмен шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ, кейбір аудандарындағы этномәдени бірлестіктерге жұмыс істейтін, түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізетін ғимараттар қажет. Бұл да алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.
Алғыс айту күні – күрделі заманда қиындықты иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн. Осы орайда барша қазқстандықтарды алда келе жатқан Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын. Ауызбіршілік, татулық және достық сынды құндылықтарымызды жоғалтпай, Отанымыздың өркендеуіне үлес қоса берейік!