Таразда Грузин этносының мәдениет күні өтті
Ағымдағы жылдың қараша айында Тараз қаласында «Самшобло» грузин этномәдени бірлестігі этнос күнін өткізді. Этнос күнінде грузин тіліндегі әдебиеттер, қолөнермен жасалған қыш ыдыстары, шарапқа арналған мүйізді ыдыстар, ұлттық бас киімдер, сонымен бірге, Қазақстан мен Грузияның мемлекеттік рәміздері көрсетілді.
Грузин этносының іс-шарасына концерттік бағдарламамен өнер көрсетуге грузин этносының жастар қанаты келді. Сондай-ақ, грузин халқының әндері шырқалып, жастар ұлттық киімдерде кавказдық билерді биледі. Бұған қоса, грузин этносының іс-шарасына облыстың басқа да этномәдени орталықтарының басшылары қатысып, өздерінің грузин әріптестерін қолдап, қоғамдық бірлестікке ұлтаралық келісімді нығайту, грузин халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, мәдениетін насихаттау бойынша келелі жұмыста жаңа табыстар тіледі. – «Жамбыл облысында тату-тәтті тұратын үлкен ірі этнос өкілдерінің қатарында грузин этносы да өз тіршілігін жасауда. Біздің этномәдени бірлестігіміз сондайлық үлкен емес, бірақ дегенмен де, орталығымыз ұлтаралық келісімді сақтау, барлық этностар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып жүрген және біздің облыстық ассамблеяда грузин халқының салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін лайықты түрде танытып жүрген этнобірлестіктердің бірі. Бұдан ары да ассамблея іс-шараларына және ел тыныштығын сақтауға бір адамдай атсалысамыз», – деді «Самшобло» грузин этномәдени орталығының жетекшісі Зураб Джанашия өзінің құттықтау сөзінде.
Шара соңында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева қоғамдық бірлестіктің белсенді қатысушыларына алғыс хаттар табыс етті.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ішкі саясат басқармасының
Қоғамдық келісім «КММ»
Баспасөз қызметі орталығы