Мың жасаған шаhардың – сиқырлы асықтары
Ұлы Даланың қожайыны болған, Тараз шаhардың күре тамыр тереңде жатыр, әлемдік тарихқа «көшпелі өркениет» ұғымын енгізген бабаларымыздың саналы ғұмыры мал шаруашылығын жетілдіріп, оған қатысты ғұрыптарды, салт-дәстүр мен түрлі жосындарды өмірге әкелгені белгілі. Бүгінгі ұрпақтың міндеті осы бір ғасырлар бойы қалыптасқан, санамызға сіңген дүниені сақтап қалу және оны дәріптеу.
Заманның ағымы, ақпараттық технологияның өрістеуі, жаһандық даму барысында, технологияның жетістігін халық дәстүрін қайта тірілтуге пайдалану қажет. Бүгінде тарихи-этнографиялық зерттеулерде асықпен байланысты мәліметтер аса көп емес. Ғаламтор бетіндегі асықпен байланысты мәліметтер кездеседі, көбісі бір-бірін қайталаудан ары бармайды.
Осы мәселенің орнын толтыру үшін кешенді тарихи, археологиялық, этнографиялық, палеозоологиялық зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, түрлі ақпарат көздері арқылы халықты хабардар етіп отыру қажет.
Археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.
Ежелгі Тараз қалашығына 2011-2017 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп кездесті. Қазба жұмыстары кезінде көптеген асықтар, мал сүйектері табылды. Асықты көне замандарға тән жерлеу орындарында, бөлмедегі ошақтың жанынан табылуы және асықтардың түрлі қырынан тесілген және боялған немесе бетінде әрқилы сызықты белгілердің болуы, сонымен қатар жерленген адамның жас ерекшеліктері және т.б. белгілеріне байланысты ғұрыптық мақсатта пайдаланған. Сонымен бірге асықтарды өңделуі, егелуі, тесілуі және боялуына (көбіне ортағасырларда) байланысты және асықтың түрлері мен пішіндеріне байланысты көне заманған тән ойын түрлеріне пайдаланған. Асықтарды сонымен бірге тері илеу, қыш құмыра жасаудағы жылтыратумен байланысты тұрмыстық мақсатта пайдаланған. Асықтарды пайдалану ерекшеліктеріне қатысты жоғарыда аталған пікірлерді біз, Л.А. Макарова, Ұ.Үмітқалиев, А.Ә. Нұржанов, З.Ө. Ибадуллина, Б.Сиражева және т.б. белгілі отандық және шет елдік археолог, этнограф, палеозоолог және трасолог ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз.
Жер бетіндегі тірек-қимыл жүйесі дамыған барлық жаратылыс иесінде асық кездеседі. Бірақ қазақ халқы төрт түліктің асығын, оның ішінде қой және ешкі асығын, сирек жағдайда сиыр асығын да ойынға пайдаланған. Түйе асығының анатомиялық және морфологиялық құрылымы сиырға жақын болғанымен, қолға икемсіз, пішінінде ауытқушылықтар бар, әрі өте ірі. Жылқы асығы құлан, есек асықтарымен бірдей. Бірақ қазақ жылқы асығын қолға мүлдем икемсіз болғандықтан ойын құралына қолданбаған. Бірақ археологиялық зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, бетінде әртүрлі торкөз секілді сызықты белгілері бар жылқы асықтары көршілес аймақтардан кездескен.
Асық ойынының бірнеше ондаған түрлері бар. Бірақ археологиялық зерттеулерге назар аударатын болсақ, көбіне бірнеше ойынның дамығандығын байқауға болады. Оны көбіне шік, тәйке жағы егеліп, тегістелген және шік жағы тесіліп қорғасын немесе сым-темірді бұрап кіргізген асықтардың табылуына қарап айта аламыз. Әрине дәл сол кезеңде мұндай белгісі бар асықпен қатысты ойынның қалай аталғанын айту қиын. Дегенмен, біздің ойымызша алыстан атып ойнайтын «омпа», «иірмешілік», «үштабан» секілді ойын түрлері дамыған секілді. Әсіресе жоғарыда аталған тесігі бар, егелген және қорғасынмен ауырлатылған асықтар ортағасырлық қалалардан жиі табылады. Ал ерте кезеңдерде (қола, темір дәуірлері) асықтар көбіне «мұрындықталып» тесілген, боялған секілді белгілермен кездеседі. Біздің ойымызша асықтың алғашқы функциясы оның «алты қырлы» және куб пішінінде болуына қарай – ғұрыптық жосындармен байланысты болған. Оның ішінде адам жолға шығарда бал ашу, болашағын білу секілді жорамалдар жасауға қатысты болуы әбден мүмкін.
Зерттеушілердің пікіріне тоқталсақ С.В. Сотникова қола дәуіріне тән ескерткіштердің ішінде жас балалар жерленген қабір шұңқырынан табылған асықтарды саралап, асықпен көму дәстүрін баланың жас ерекшелігіне қарай бөлінетінін айтады (Сотникова, 2015, с. 21-30).
Ұ.Ү.Үмітқалиев қола дәуіріне тән жерлеу орнынан мұрындықталып тесілген асықтардың кездесуі, түркі халықтарында кездесетін, асықты тұмар ретінде тағумен байланысты деген жорамал жасайды. Яғни мәйітті жерлеуге келген туыстары мен жақындарының топырақ салудың орнына, тұмар ретінде мойындарында жүрген асықтарын, жерлеуге барғанда жібін үзіп қимасына берген (Үмітқалиев, 2016, б. 111-116).
А.Ә.Нұржанов асықтардың латеральды немесе медиальды қырларының егелуін және дорсальды бөлігіне жасалған тесіктерді қазақтың дәстүрлі «асық ойындарымен» байланыстырады (Нуржанов, 2014, с. 462-471).
А.И. Юдиннің ойынша ешқандай сызықтық белгілері мен өрнектері жоқ асықтар «ешқандай ғұрыптық мақсатта пайдаланылмаған, тек асықпен байланысты белгілі бір ойынға арналған», ал бетінде бедері немесе сызықты өрнектері бар асықтар жерленген адамның белгілі бір әлеуметтік мәртебесін білдіреді дейді (Юдин, 2009, с. 146-170).
Асықты пайдалану мәселесі жөнінде жоғарыдағы археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.
Сонымен бірге ХІХ ғасырда қазақ жеріне жүргізілген зерттеулер, халқымыздың дәстүрлі спорт ойындарымен қатар, балалар арасында асық ойындарының кең таралғанын көрсетіп отыр. Кеңестің кезеңде өкінішке орай «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар…» деген оймен, төл өнеріміздің дамуына көп көңіл бөлінбеді. Тәуелсіздіктен кейін асық ойыны біршама дамып, жетілгенін біздің бала күнгі ойындарымыз дәлелдей түседі. Бірақ соңғы он жыл көлемінде технологияны дамуы бұл жағдайды кейінге ысырып, қазақтың дәстүрлі ойындарының ұмыт болуына әкеліп соқты.
«Өткенді білмей, болшаққа қадам жасай алмайсың» – деп Әл Фараби бабамыз айтқандай, қазақтың дәстүрлі ойын түрлерін қайта жаңғыртуымыз шарт. Егер күнделікті өміріміз бір терезеге (телефон, теледидар) үңілумен өте берсе, болашақта маригиналды санаға өтіп, дайын тапсырманы орындайтын роботқа айналарымыз сөзсіз. Адам жан-жақты болуы керек. Үнемі қозғалыс, ізденіс қана – қатарыңнан озып шығуға жетелейді. Қорытынды келе асық көне заманнан бері жоғалмай келе жатқан ерекше зат. Қазақ болмысына терең сіңген, тәжірибеден туындаған дәстүр іспеттес. Қазақтың қазақ болып қалуының бір жолы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту, асықты бүгінгі жастардың ойын құралына айналдыруда. Адамның білімі, қарым-қабілеті тәжірибеден жинақталады, соның негізінде ақыл-ой қалыптасады. Меніңше дәстүрлі ойын түрлерін күнделікті өмірге терең енгізе алсақ жастардың қазақ мәдениетіне, ұлттық ерекшеліктерімізге деген құрметі артары сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы, 1996.
2. Сотникова С.В. Детские погребения с наборами астрагалов как отражение половозрастной стратификации в обществах эпохи бронзы на территории евразийских степей (по материалам памятников синташтинско-петровского, потаповского, покровского типов) // Вестник пермского университета. Выпуск 1 (28). История. Пермь: С. 21-30.
3. Ұ.Ү. Үмітқалиевтің «Асық баланың ойыны емес – бабаның мұрасы» атты мақаласынан оқи аласыздар // Қазақстанның тарихи-мəдени мұраларының өзекті мəселелері: өткені, бүгіні мен болашағы: тарих ғыл. докторы, профессоры Мадияр Елеуовтың 70 жылдық мерейтойына арналған халықар. ғыл.-тəж. конф. матер. (Алматы, 6 мамыр 2016 ж.). / Жауапты ред. А.Б. Қалыш. Алматы: Қазақ университеті, 2016. I-бөлім. 111–116-бб.
4. Нуржанов А.А. Некоторые результаты палеозоологических и палеоботанических исследований на городище Кастек // «Марғұлан оқулары – 2014»: Академик Ә. Х. Марғұланның 110-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы – Павлодар: 2014. 544 с.
Жарылқапова Айжан Ғалымбекқызы
Жамбыл облыстық ҚХА ғылыми-зерттеу тобының мүшесі,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің
«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
тарихи-мәдени қорық-музейің тарихшысы