Дина Құлбаева Президент жолдауы туралы пікір
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы білім күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Жыл сайын кең көлемде мыңдаған оқушылар, студенттер мен ұстаздар қауымы қатысуымен өтетін салтанатты мерекелік іс-шаралардың орнын қашықтықтан өткізілген сынып сағаттарының алмастыруы, елімізде әлемге зор қауіп төндіріп отырған пандемияға қарсы күрестің әлі де жалғасын табуда екендігін көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау сәтте ел бірлігінің қаншалықты маңызды екендігіне тоқтала отырып, Президент қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екендігін атап көрсетті.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында ең алдымен, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді тиімді шешуге қауқарлы болу үшін мемлекеттік басқару саласында өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау қажеттілігіне тоқтала отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру ісі ары қарай жалғасын табуы тиістігін атап көрсетті. Ол үшін мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты ғана жауап беріп қоймай, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыру қажеттілігі айтылды. Азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсарту үшін олардың өздерін осы іске белсенді түрде тарту бағытында жұмыс жасауымыз қажет дей отырып, Президент халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыру мәселесін де көтерді. Әрине мемлекет басқару ісіне араласу үлкен жауапкершілікті, білімді, біліктілікті талап етеді.
Сондықтан да халқымыздың қазіргі қалыптасқан жағдай мен ел болашағына деген көзқарастары түбегейлі өзгерісті талап етеді. Әлемді шарлаған індет пен оның зардаптары адамдардың заман талабына сай өзгерістерге үнемі дайын болып, өмірге, қоршаған ортаға, адами құндылықтарға жаңаша тұрғыдан қарау қажеттігін көрсетіп берді. Қиын-қыстау сәтте көптеген адамдар ұлтымызға тән жомарттық, бауырмалдық, жанашырлық сияқты қасиеттеріміздің озық үлгісін көрсете білді. Сонымен қатар кей тұстарда жауапсыздық пен немқұрайдылықтың салдарларының орны толмас өкінішке ұрындырғанын да білеміз. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін мемлекет басшысы ұлттық болмысымызды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін, ал оның басында зиялы қауым өкілдері тұруы керектігін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде еліміздің болашағы –жастарға білім мен тәрбие беру ісі сеніп тапсырылған ұстаздардан зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Сондықтан да, біз өз тарапымыздан осы бағытта табандылықпен бар күш-қайратымызды аямастан ел сенімін ақтауға тырысамыз.
Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық
тобының мүшесі Дина Кульбаева