Көк туымыз әлемдік аренада әлі талай биікке шығады
2012 жылдың 12 тамызы мен үшін ғана емес, Қазақстан үшін де ерекше күн болып есте қалды. Лондон олимпиадасында еркін күрестен қола медаль иегері атандым. Жарыс аяқталып, елге оралғанымызда, 2012 жылдың тамыз айының 25 жұлдызында Елбасымыз олимпиада ойындарында орын алған спортшыларды қабылдады. Кездесу алдында «Елбасының алдында сөйлеуге жүрексінесін, қорқыныш болады» деген пікірлерді естіген болатынмын. Керісінше, жылы лебізбен қарсы алған Елбасыға біз де алғысымызды айтып, толқыныстың барлығы сейіліп кетті.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық спортшыларды құшақ жая қарсы алып, жеңісімізбен шын жүректен құттықтады. Дүние жүзі бойынша Лондондағы олимпиадалық ойындардың медальдік есебінде 12-орынға көтерілгенімізге Тұңғыш Президентіміз ерекше қуанды десем қателеспеймін. Қазақстанның әр облысынан бір олимпиада жеңімпазы тәрбиеленіп шығатын болса, бұдан артық жеңістің жоқ екендігін айтқан Елбасымыздың сөзі әлі есімде.
Президенттің әрбір сөзінен елдің келешегінің кемелдігін көріп, күш-жігер ала білдім. Халқымызда «Жүзі жылыдан түңілме!» дегендей, Нұрсұлтан Әбішұлы өте жайдары жан. Сол кездесуде мен алғаш рет дұрыс жолда келе жатқаныма көзім жетті және болашағыма дұрыс бағдар ала білдім.
Елбасы өскелең ұрпаққа нағыз үлгі бола білген тұлға. Сындарлы саясаты бүгінде еліміздің барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.
Көк туымыздың әлемдік аренада әлі талай биікке шығарына кәміл сенімдімін!
Таңатаров Ақжүрек Достықұлы,
Грек-рим күресінен спорт шебері